Басты ақпарат

Елорда – құрылысшылар қаласы

Ертең – Құрылысшылар күні. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Әсіресе сол жағалаудағы әсем ғимараттар өзінің ерекше сәулетімен, заманауи реңімен тамсандыруда. Бұлардың қай-қайсысында да құрыш қолды құрылысшылар қолтаңбасы сайрап жатыр.

Астана – құрылысшылар қаласы. Соңғы үш жыл ішінде 8 млн шаршы метр тұрғын үй, түрлі әлеуметтік нысандар, ондаған мектеп бой көтерді.

Тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылар күні. Есілдің екі жағалауында бой көтерген зәулім биік үйлер мен ғажайып ғимараттарда олардың әрқайсысының қолтаңбасы бар. Осындағы барлық маңызды нысандар: мемлекеттік-үкіметтік ғимараттар мен әлеуметтік орындар, спорт және тұрғын үй кешендері, сауда орталықтары – бәрі-бәрі құрыш қолды құрылысшылардың күшімен тұрғызылғаны ақиқат. Демек, елорда дамуында осы бір ауыр да абыройлы мамандық иелерінің еңбегі өлшеусіз.

[smartslider3 slider=3716]

Құрылысшыларға құрмет көрсету сонау кеңестер одағы кезеңінен басталды. Содан бері бұл мереке маңызын жоймай келеді. Өйткені құрылысшы қай кезде де аса қажетті, ауыр да абыройлы, қастерлі мамандық саналды. Әлі де солай. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты екенін ескерсек, бұл ретте құрылысшылар қауымы уақыт мүддесінен шығатын сапалы нысандардың бой көтеруіне белсене атсалысып, тәуелсіз елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Иә, еліміздің бас қаласын тұрғызып, жыл сайын қаншама отбасының баспаналы болуына, өскелең ұрпақ өкілдерінің заманауи жайлы мектептерде оқып, білім алуына, сан мың сырқаттың әлемдік деңгейдегі керемет клиникаларда емделуіне мүмкіндік туғызған да солар – құрылысшылар. Нәтижесінде астана алып құрылыс алаңына айналды. Бұл жерде «Пирамида», «Хан Шатыр», «Қазмұнайгаз», «Ақ орда», «Нұрсая», «Изумрудный», «Тәуелсіздік сарайы», «Астана-Бәйтерек» монументі секілді заман талабына сай зәулім ғимараттар жарыса бой көтеріп, қала ажарын аша түсті. Елбасының тікелей басшылығымен әлемнің мықты сәулетшілері Кисе Курокава, Норман Фостер отандық танымал сәулетшілерімен бірлесе отырып, шығыстың рухани шынары мен батыстың байыпты мәдениетін ұштастыра бас шаһарды көркейтуге атсалысты.

Мемлекет басшысының қолдауымен тәуелсіздік алған жылдарда елімізде 169 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Нәтижесінде 1,5 млн адам тұрғын үй жағдайын жақсартты. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді. Саланың ерекше қарқын алуына «BI Group», «Базис А», «Құлагер», «Альянс строй», «Найза-құрылыс», «Шар-құрылыс», «Элит-строй» және т.б. тізе берсек таусылмайтын басқа да құрылыс компанияларының үлесі мол. Осы кәсіпорындарда уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген  майталман мамандар жетерлік.

Қазіргі таңда аталмыш салада 46 476 кәсіпорын, оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінде 2 420 кәсіпорын жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылғандар саны – 641 мың қызметкер мен мамандар. Олар миллиондаған шаршы метр тұрғын үй, мыңдаған шақырым жол салып, тәуелсіз Қазақстанды жер жүзіне танытып, еңсесі биік ел болуымызға аянбай атсалысып келеді.

Тұрғын үй құрылысының бас қалада да қарқынды жүргізіліп жатқанын мына сандардан анық аңғаруға болады. Қала әкімі Алтай Көлгіновтың мәлімдеуінше, 2019 жылы елордада 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2020 жылы – 3 млн шаршы метр, былтыр 3 млн 270 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Демек, соңғы үш жыл ішінде шамамен 8 миллион шаршы метр баспана бой көтерді. Әрине, бұл өте үлкен жетістік.

Мемлекет басшысының ­тапсырмасымен елордада қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемі 5 есе көбейтілді. Мәселен, 2018 жылы – 1100 пәтер, 2019 жылы – 2900 пәтер, 2020 жылы – 7000 пәтер, 2021 жылы шамамен 10000 пәтер пайдалануға берілді. Мамандардың айтуынша, биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға жетеді. Келесі жылы да осындай көлемде пәтерлер салу жоспарланып отыр.

Қолжетімді тұрғын үй құры­лысының көлемін ұлғайтумен қатар, қалада тұрғын үй бағдарламаларын жетілдіру бойынша да жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаға қатысушылар санаты едәуір кеңейіп, тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Елордада құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының проблемасы шешілді. 90 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды.

Соңғы жылдары елорда тұрғындарының саны едәуір артты. Бұл өз кезегінде балабақшалар мен мектептерге сұраныстың жоғарылауына алып келгені белгілі. Қала басшысының айтуынша, кейінгі үш жыл ішінде елордада 34 мектеп салынды. Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылы ­– 11 мектеп, 2021 жылы – 16 мектеп бой көтерді. Бұған дейін сегіз үш ауысымды мектеп болса, қазір олардың саны  төртке дейін төмендеді. Биыл 20 мыңнан астам оқушы орны ашылып, тағы 11 мектеп салынады. Өткен жылы елордада бюджет есебінен 6 мектеп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен 4 мектеп және 6 жекеменшік мектеп салынды.

Бүгінде қала аумағы үш есеге кеңейіп, елорда өмір сүруге және бизнес жүргізуге ыңғайлы, серпінді, тартымды мегаполиске айналды. Жыл сайын қаланың инфрақұрылымы жетілдірілуде және технологиялық жағынан күрделі жаңа объектілер пайда болып жатыр. Елорда әкімдігінің араласуымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың бәрінде елордалық құрылыс компаниялары мен қатардағы қарапайым құрылысшылардың үлесі мол. Олардың еңбегі тек мақтау мен құрметке лайық.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button