Басты ақпарат

Елорда – құрылысшылар қаласы

Кез келген елдiң қуаты құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты десек, экономиканың іргетасы саналатын құрылыс индустриясы бүгінде елордада қарыштап дамуда.

[smartslider3 slider=3410]

 

Қазіргі таңда аталмыш салада 46476 кәсіпорын, оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінде 2420 кәсіпорын жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылғандар саны – 641 мың қызметкер мен маман. Олар миллиондаған шаршы метр тұрғын үй, мыңдаған шақырым жол салып, тәуелсіз Қазақстанды жер жүзіне танытып, еңсесі биік ел болуымызға аянбай атсалысып келеді.

Иә, бүгінде бас қаламыз алып құрылыс алаңына айналды. Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде 169 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Нәтижесінде 1,5 млн адам тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бұл – елдегі құрылыс саласының ерекше қарқын алғанының айғағы.

Тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанын мына сандардан да анық аңғаруға болады. 2019 жылы елордада 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2020 жылы – 3 млн шаршы метр, былтыр 3 млн 270 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордада қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемі 5 есе көбейді. Мәселен, 2018 жылы – 1100 пәтер, 2019 жылы – 2900 пәтер, 2020 жылы – 7000 пәтер, 2021 жылы шамамен 10000 пәтер пайдалануға берілді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға жетеді. Келесі жылы да осындай көлемде пәтер салынады. Қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтумен қатар, қалада тұрғын үй бағдарламаларын жетілдіру бойынша да жұмыс жүзеге асып жатыр. Бағдарламаға қатысушылар санаты едәуір кеңейіп, тұрғын үй сертификатының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар былтыр қазан айында жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Жеңілдетілген әлеуметтік несиелендірудің бұл бағдарламасы елорданың 35 жасқа дейінгі жас мамандарына арналған. Сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы, «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламасы жалғасуда.

– Қазіргі таңда елордада тұрғын үйге мұқтаж 48 мыңға жуық азамат мемлекеттен үй алуға кезекте тұр. Кезекте тұрғандарды есепке алу 5 санат бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, бұл санаттарға жетім балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылғандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым­дардағы қызметкерлер және әскери қызметкерлер жатады. Жыл сайын тұрғын үйді көптеп салып жатырмыз. Соңғы жылдары қолжетімді баспана санын 3 еседен астам арттырдық. Бірақ кезекте тұрғандардың саны да көбейіп келеді. Құрылыс компанияларынан тұрғын үйдің бір бөлігін қолжетімді бағамен сатып аламыз. Құрылыс индустриясын дамытып жатырмыз. Осы қарқынды төмен түсірмеуіміз керек, – деді А.Көлгінов.

Кезекте тұрғандардың санын азайту үшін жылына 10 мың пәтер салу көзделіп отыр. Бұл ретте «7-20-25» және «Бақытты отбасы» бағдарламаларының да көмегі көп.

Қала басшылығының бастамасымен үлескерлер мәселесі де оң шешімін тауып келеді. 2019 жылы елордада 16 мыңнан астам үлескер отбасы болды, бұл – 150-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені деген сөз. Олардың көбінде жобалық-сметалық құжаттар, қаржы аудиттері, техникалық тексеру болмаған. Әкімдіктің тікелей араласуымен бүгінде 13 мың үлескер отбасының мәселесі шешілді. Қалған 3 мың отбасының мәселесі биыл жыл соңына дейін және қалғандары 2023 жылы шешімін таппақ.

Әлеуметтік нысандар құрылысының мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осылайша жыл сайын елордада 10-15 мектеп салу көзделіп отыр. Биыл 16 нысанның құрылысы жүргізілуде, ал 11 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Мектептерге деген қажеттілікті ескере отырып, қала билігі құрылысқа жекеменшік құрылыс компанияларын да тартуда. 2021 жылы елордада бюджет есебінен 6 мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен 4 мектеп және 6 жекеменшік мектеп салынды.

 Астана мәртебесін алғалы бері бас қалада отыз миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бас қала құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты. Заманауи сәулеткерліктің, қазіргі архитектураның мүмкіндіктері толық көрініс тапқан қала құрылысында ең озық технологиялар мен XXI ғасырдың қала салу өнерінің инновациялық әдісі қолданылуда. Қазақстанның қазіргі елордасына Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған сәулеткерлік стиль тән. Әлемнің әйгілі сәулеткерлері мұнда өздерінің үздік жобаларын іске асырды.

Белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокаваның жетекшілігімен бой көтерген нысандар көрген жанды тамсандырып, таңдай қақтыруда. Атап айтсақ, «Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум –  «Думан» орталығын, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі ғибадат орны – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ елі» монументін, қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимаратын қосуға болады.

Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорт кешені – ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны. Бұл нысандардың алар орны ерекше.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары негізінде соңғы үш жыл ішінде бас қалада 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік, саябақ, сквер, бульвар абаттандырылды, биыл тағы 200-ден астам аула қайта жөнделеді. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Н.Ұрханаевтың айтуынша, қалада жайлы ортаны құруға баса назар аудара отырып, бұл тұжырымдама қалалық жоспарлаудың әмбебап құралына айналды. Мастер-жоспар Нью-Йорк, Лондон, Стокгольм, Хельсинки, Шанхай, Токио, Сидней сияқты көптеген қалаларда бұрыннан қолданылады. Бұл құжат қаланың даму кезеңдерін болжауға және ресурстарды неғұрлым тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Мысалы, жолдардың трафигі қандай, электр энергиясына қажеттілік қандай деңгейде, құрылыс тығыздығы қалай болуы тиіс деген мәселелер қамтылады. Мастер-жоспардың қанатқақты жобасы 2020-2025 жылдарға арналған абаттандыру бағдарламасына енген. Оның бірінші кезеңі 5-мультиорталықты дамытуды көздейді. Оның ішінде ескі алаң, Бейбiтшiлiк көшесі, Бөгенбай батыр даңғылы, «Еуразия» ауданы көшелерінің алаңы, Қосшығұлұлы көшесі, Әзірбаев, Қошқарбаев және Жүргенов көшелерінің аудандары абаттандырылатын болады. Жалпы қала аудандары «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасына сәйкес дамып жатыр.

Расында да, бізді қоршап тұрған барлық нәрсе – зәулім биік үйлер, мектептер, ауруханалар, жолдар, саябақтар мен аулалар – осының бәрі еліміздегі құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбегінің жемісі. Бұл ретте елорда құрылыс секторында көшбасшы болып келеді. Континенталды климаттық жағдайларға қарамастан, отыз градус аязда да, қырық градус ыстықта да уақытпен санаспай жанкешті тірлік кешіп жүрген жандардың жұмысының нәтижесінде жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салынуда.

Шаһар мерекесі қарсаңында қалалық әкімдіктің алдындағы ескі алаң жаңартылып, Президенттік саябақта жаңа ашық амфитеатр  ашылады. Қаланың көрнекті жерлеріндегі субұрқақтар қайта жаңғырып, демалыс орындарындағы бетон блоктардың орнына аязға төзімді ағаштар, шағын сәулет нысандары пайда болады. Бейбітшілік, Бөгенбай батыр даңғылы, «Еуразия» ауданы көшелерінің алаңдарында, Қосшығұлұлы көшесінің бойында жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін ыңғайлы жолақтар салу жоспарланып отыр. Кедергісіз серуендеу аймақтары, ойын алаңдары, көлеңкелі шатырлары бар демалыс аймақтары жасалады. Art-нысандарды орнату және көгалдандыру көзделген.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің бас қаламыз – Қазақстанның аса маңызды жобасы. Бүкіл әлемге қазақстандық жол ретінде белгілі стратегия нақ осы елордадан бастау алады. Бүгінде Еуразия жүрегінде орналасқан шаһар ірі саяси-экономикалық, мәдени және білім беру орталығы ретінде қалыптасты. Ендігі міндет – елорданы одан әрі дамытып, жаңа белестерге жетелеу.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button