Басты ақпарат

Елорда құрылысы екпінді

Бас қаладағы тұрғын үй құрылысының көлемі жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, қарқын ала түсуде. Шаһардағы тұрғын үй құрылысы, мектеп салу, үлескерлер мәселесі туралы жақында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов журналистерге сұхбатында пікір білдірген болатын.

[smartslider3 slider=3380]

Тұрғын үй салу қарқыны бәсеңдемейді

Жасыратыны жоқ, елорда жыл өткен сайын құлпырып келеді. Бас қала көркінің ажарлана түсуіне соңғы кездері пайда болған саябақтар мен шаһарда бой көтеріп жатқан түрлі құрылыс нысандары септігін тигізіп отыр. Үлкен қалалардың проблемалары туралы айта отырып, елорданың әкімі елордада құрылыс индустрия­сының қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.

Бас қаладағы түйткілді мәселенің бірі – тұрғын үй. Себебі біздің елордада баспанасыз жүрген жандар көп. Үйі жоқтың күйі болмайтыны секілді, тап­қан айлығының тең жартысын пәтерақыға жұмсайтындар тығырықтан шығар жол таппай қиналуда. Бұл проблема қала билігінің үнемі назарында. Мәселен, 2019 жылы 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй, 2020 жылы 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, былтыр 3 млн 270 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерген.

Соңғы үш жыл ішінде шамамен 8 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Әрине, бұл – өте үлкен жетістік. Қалада құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Бірақ әлі де бір пәтерге зар болып жүргендер жетерлік.

Жыл сайын елордада 10-15 мектеп салу көзделіп отыр. Биыл 16 нысанның құрылысы жүргізілуде, ал 11 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда

Бас жоспарға сәйкес, тұрғындардың құқығы ескеріле отырып, әрбір шағын аудандағы жаңа құрылыс алаңында мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларға арналған мекемелер, яғни балабақша, мектеп және емхана болуы шарт. Бұл ретте әкімдік елордалықтардың өтініші негізінде 10 нақты құрылыс нысанын қайта қарады, нәтижесінде тұрғын үй кешенінің орнына әлеуметтік нысандар, атап айтсақ, мектеп, балабақша, сквер және қоғамдық кеңістік салынады.

Үлескерлер үйлі болды

Елордалықтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – құрылысы ұзаққа созылған нысандар. Алтай Көлгінов бұл мәселе концептуалды түрде шешіліп жатқанын атап өтті. Үш жыл бұрын шамамен 16 мың отбасы осындай құрылыстың «құрбаны» болған. 2019 жылдың жазында үлескерлер өз қаражатын салып, пәтер құрылысының аяқталуын күткен. Осылайша сол кезде 150-ден астам ­проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешені болса, бүгінде бұл объектілердің 90 бөлігінің құрылысы аяқталып, үлескерлер көптен күткен арманына қол жеткізіп, баспаналы болды.

«Бұл 150-ден астам нысан болды. Президент бұлардың бәрін бақылауда ұстайды және мәселені шешуге Үкімет қаражат бөлді. Осы кезеңде біз 13 мыңға жуық отбасы мәселесін шештік. Енді үш мыңға жуық отбасы қалды» деді әкім.

Үлескерлер мәселесі шешілмеген қиын кезең артта қалды. Бүгінде тұрғын үй кешенінің бір бөлігі биыл аяқталды, қалғаны 2023 жылы аяқталады. Қала басшысының айтуынша, алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін жеке инвестициялар тарту жоспарланып отыр.

Бірлескен бағдарламалардың берері мол

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен елордада қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі 5 есе көбейді. Қала әкімінің айтуынша, 2018 жылы – 1100 пәтер, 2019 жылы – 2900 пәтер, 2020 жылы – 7000 пәтер және өткен жылы шамамен 10000 пәтер пайдалануға берілген. Мұндай көлемдегі үйлерді қысқа мерзімде бюджет қаржысына салу мүмкін емес, сондықтан бұған басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қосымша тетік әзірленген. Мәселен, жастарға арналған «Елорда жастары» бағдарламасы, сондай-ақ, «Отбасы банкімен» келісе отырып, «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары іске қосылды.

Бірлескен жоба жастар үшін қолайлы шарттарда жеңілдікті қаржыландыруды көздейді. Бұл бағдарламаға елорда жастары белсене қатысуда. Осылайша тек осы жылдың өзінде жоспарланған 200 пәтерге 1100-ден астам өтініш келіп түсті. Осыған ұқсас тетік – жұмыс істейтін жастарға арналған республикалық бағдарлама жұмыс істейді. Бас қалада үшінші жыл қатарынан жастарға 5 жыл мерзімге уақытша жалға берілетін тұрғын үй берілуде. Өткен жылы елордалықтарға осындай 950 пәтер берілді.

«Бүгінгі таңда бас қалада шамамен 50 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың басым бөлігін әлеуметтік осал топтағы азаматтар құрайды. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл сайын артуда. Олар үшін жеңілдетілген несие берудің әртүрлі тұрғын үй бағдарламасы бар. Сондықтан біз қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру бойынша шара қабылдаймыз. Кезектегі халық санын азайту үшін жылына 10 мың пәтер салу көзделіп отыр. Бұл ретте ­«7-20-25» және «Бақытты отбасы» сияқты бағдарламалардың да көмегі көп» деді әкім.

Мектеп пен балабақша бой көтереді

Соңғы жылдары елорда тұрғындарының саны едәуір артты. Бұл өз кезегінде балабақшалар мен мектептерге сұраныстың жоғарылауына алып келгені белгілі. Халық санының өсуімен бірге бас қаладағы емханалар да аздық етіп отыр.

Шаһар басшысының айтуынша, егер осыдан 10 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында мектеп жасындағы 75 мың бала болса, қазір олардың саны 220 мыңға жеткен.

«Мысалы, ағымдағы жылдың мамыр айында 8,5 мың түлек мектеппен қоштасса, биыл қыр­күйекте 25 мың бала мектеп табалдырығын аттамақшы. Елордада туу деңгейі жоғары, динамикасы оң. Өткен жылы 25 мыңнан астам бала дүниеге келді. Бұл 6 жылдан кейін осынша баланы және осы аралықта көшіп келетіндер болады, солардың барлығын қамти алатын білім ошағы керек. Демек, біз жыл сайын кем дегенде 10-15 мектеп салуымыз керек. 2020 жылы – 11 мектеп, 2021 жылы 16 мектеп бой көтерді. Бұған дейін 8 үш ауысымды мектеп болса, қазір олардың санын 4-ке дейін төмендеттік. Сонымен бірге бала саны жоспардағыдан көп 24 мектеп болса, біз оларды 14-ке дейін төмендеттік. Бірақ егер біз бір жыл мектеп салуды тоқтататын болсақ, бұл сандардың қайта айналып алдымыздан шығары ақиқат. Ал бұл оқушылардың білім сапасына әсер етеді» деді А.Көлгінов.

Бүлдіршіндердің барлығы бірдей балабақшаға баруы керек және мектеп жасындағы балақайлардың үш ауысыммен оқытуын тоқтату керек. Елордада бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осылайша жыл сайын елордада 10-15 мектеп салу көзделіп отыр. Биыл 16 нысанның құрылысы жүргізілуде, ал 11 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Мектептерге деген қажеттілікті ескере отырып, қала билігі құрылысқа жекеменшік құрылыс компанияларын да тартуда. Осылайша 2021 жылы елордада бюджет есебінен 6 мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен 4 мектеп және 6 жекеменшік мектеп салынды.

Бас қалада жекеменшік мектептерге де сұраныс жоқ емес. Бұл ретте қала басшысы қаржыландырудың барлық тетігін бір мезгілде қолданған жағдайда мектептердің жетіспеушілігі мәселесін шешуге болатынын атап өтті. Осыған орай, үй құрылысы комбинаттарымен жұмыс істеген тиімді. Өйткені олар сапаға зиян келтірмей, ірі габаритті үнемді мектептер салады. Осыны ескере отырып, қала билігі құрылыстың әр ауданында міндетті түрде мектеп, балабақша мен медициналық нысан салуды жобалап келеді.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button