Мәдениет

Елорда театрларына өткен жылы жарты млн-ға жуық адам барған

Дүниежүзілік театр күні қарсаңында Астана қаласының Мәдениет басқармасы мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева елордадағы театрлардың тыныс-тіршілігі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қазіргі уақытта Астана қаласының әкімдігіне қарасты 7 театр бар. Олар: Жастар театры, «Наз» мемлекеттік би театры, Қуыршақ театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры, «Қанаттылар» инклюзивті театры.

«2024 жылы астаналық театрлар 1013 қойылым қойды. Олардың қатарында 24 премьера бар. Атап айтсақ, «Қаракөз», «Күшік күйеу», «S.O.S», «Танакөз», «Ақан Сері», «Бала Қаныш», «Независимые», «Сүйікті етші, сүйіктім», «Ақ кеме», «Сылаң қыз», «Махаббат жағалауы», «Жалдамалы пәтер» және т.б. Инфрақұрылымға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға және театрлар репертуарын жаңартуға ерекше назар аударылады. Нәтижесінде өткен жылы елорда театрлары көрермендерінің саны 30%-ға өсіп, 425 мыңнан астам адамды құрады», – деді Ақерке Жұманбаева.

Мәселен, «Гауһартас» спектаклі 270 рет қойылды. Музыкалық жас көрермен театрының бұл қойылымы рухани-мәдени кеңістікте ерекше шам болып жағылғаны рас. Қойылым бір жыл он айдың ішінде Қазақстан мен Еуразияның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтіп, осы уақытқа дейін 100 мыңнан астам көрермен тамашалады. Қойылым елордадан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен қалаларында және Баянауыл, Ойыл, Сырым, Қаратөбе аудандарында көрсетілді. Сондай-ақ Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында сахналанды.

Одан бөлек, «Гауһартас» музыкалық драмасы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясы бойынша «Үздік спектакль» атанды.

«Танакөз» қойылымы да аз уақытта көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп үлгерді. Ол жарты жыл ішінде 10 рет қойылып, 7100 көрермен жинады. Бүгінгі таңда астаналық театрлардың репертуарында 199 спекталь бар. Олардың 88-і отандық авторлардың, қалған 94-і шетелдік авторлардың шығармалары бойынша қойылды. Балаларға арналған спектакльдер – 75, ересектер үшін – 124. Сондай-ақ биыл 21 премьералық қойылым мен 12 гастрольдік сапар жоспарланып отыр», – деді бөлім басшысы.

Қазіргі кезде театрларға келушілердің қатары артқан. Тіпті кейбір қойылымдарға билетті ерте алып қоймаса, болмай қалуы мүмкін.

«Болмаған балалық шақ» қойылымы – танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабының негізінде сахналанды. Кітап 2018 жылы жарық көріп, оқылымды туындыға айналған. Бұл Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында 2023 жылдың мамыр айында сахналанды. Қойылымның режиссері – Әли Бидахмет», – деді спикер.

Бұл повесте ақын балалық шағында бастан кешкен тағдырын боямасыз ақ қағазға түсіріп, өз өмірін суреттеген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында елімізде театр өнеріне қызығушылық артып жатқанын айтқан болатын. Мемлекет басшысы мәдениеттің дамуы – ұлттың рухани жаңғыруының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button