Басты ақпаратМәдениет

Елорда төрінде – аламан айтыс

Бас шаһарда «Тәуелсіз елім – тірегім» атты Республикалық ақындар айтысы өтті. Айтулы шараны өткізуге Amanat партиясы мен Астана қаласы әкімдігі мұрындық болды.

Дүбірлі додаға талай бәйгеде топ жарып, жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Төлеген Жаманов, Біржан Байтуов, Рүстем Ақылбеков бастаған он төрт ақын қатысты.

Айтыс тізгінін ұстаған көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев сөз сайысын тамашалауға келген ағайынға алғысын айтып, бәйгеге шапқалы отырған жүйріктерге сәттілік тіледі.

Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, халық ақыны Әсия Беркенова, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы мен «Хабар Агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәли болды.

Бас қалада көптен бері мұндай айтыс өтпеген еді. Содан ба, асыл мұрамызға сусап қалған халықтың қарасы мол болды.

Жеті жұпқа бөлінген ақындар айтысқа мығым дайындықпен келіп, елдің бірлігі мен берекесін, ырысы мен ынтымағын жыр арқауына айналдырды. Сахнаға алғаш шыққан Бекарыс пен Төлеген сөз қағысында қағытпа қалжыңға да ерік беріп, арасында көптің көкейіндегі әлеуметтік проблемаларды айшықты жырларымен өре білді. Айтыстың өрен арғымақтарына айналған Рүстем мен Біржанның сайысында елдік мәселе сөз болды. Жас ақындар Бексұлтан Орынбасаров пен Айым Асылбекқызы айтысы əдемі əзілмен әдіптелді. Айтыскерлер елорданың бес ауданын бір жұдырыққа бірігер бес саусаққа балап, қазақыландыру мәселесін сөз қылды. Ал айтыстың аспанында алдаспандай жарқылдаған белді ақындар Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев кеш көркін қыздыра түсті.

«Менің көтерген мәселем Жаңа Қазақстанға байланысты болды. Елде бірқатар өзгеріс орын алды. Осы төңіректе «Көп дүниенің атына емес, затына мән берейік» деген тақырыпта өзекті болып тұрған Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданындағы әлеуметтік мәселелерге назар аударайық, жаңғырайық деген ой негізгі айтпағым болды. Өздеріңіз білетіндей, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының биыл мерейтойы аталып жатыр. Алаш арысы, әдебиеттің атасы деп айтылғанымен, көсемнің саяси қайраткерлік қырын да көрсетуге тырыстым» деді Ұлытау облысынан келген ақын Төлеген Жаманов.

Аталмыш айтыста бас жүлдеге – 3 миллион теңге, I орынға – 2 миллион теңге, II орынға 1,5 миллион теңге және III орынға 1 миллион теңге тігілді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button