Қала тіршілігі

ЕЛОРДА ТОЙЫ – ЕЛ ТОЙЫ

Астана – бар қазақтың бас қаласы. Сарыарқа төсінде, Еуразия жүрегінде орналасқан елордамыз биыл он бес жасқа толып отыр. Қазiрдiң өзiнде төрткүл дүниеге танылып үлгерген қала тұрғындары оның болашағының тiптен керемет болатынына сөзсiз сенеді. Бұған төмендегі оқырмандар пікірі куә. 

Ербол ІРГЕБАЙ,
Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры:

– Көктал шағын ауданындағы ака­де­мик Әлкей Марғұлан атын­да­ғы №40 орта мектеп тарихы Аста­на тарихымен біте қайнасып жатыр. Егер де Астана мемлекеттің ордасы болмаса, Көктал бұрынғы «Киров» атауымен жүрер ме еді, кім білсін? Әлі де орысша атаумен жүрген елдімекен қаншама? Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында толғағы жеткен мәселе пісіп-жетіліп, орыс тілді мектепте (қазіргі №41 мектеп) қазақ сыныптары ашыла бастады. Қазағынан өзге ұлттардың саны басым, қазағының өзі орыс тіліне бейім жерде қазақ сыныптарын ашу да оңай болған жоқ.

Бақытжамал БАЗАРБАЕВА,
Есіл аудандық әділет басқармасының бөлім басшысы:

– Еліміздің оңтүстік астанасында қалалық деңгейде қызмет атқарып жүріп, отбасымызбен елордада тұру ниетіміз 1999 жылы Астанаға алып келді. Жұмыстан бір күнге сұранып, ұшақпен таңертең ертемен ұшып келіп, сол кездегі әділет басқармасы басшысының алдына келіп, жұмыс сұрағаным әлі есімде. Жолым болып жұмысқа орналастым, отбасымды көшіріп алдым. Алғашқы күннен-ақ қолға алынған қарқынды жұмыс қаладағы құрылыс еді. Түрлі құрылыс нысандарын көргенде, нағыз тәуелсіз елдің астанасы осындай болу керек деген өң-бойымызда мақтаныш сезім болды. Қазір астанамыз әлемді таңғалдырып, әсем қала болды. Бір-екі күн қала көшелерін көрмесек, кәдімгідей өзгеріс пайда болып, кереметіне тамсанып, тоймай келеміз.
Дүбірлі той қарсаңында АХАТ бөлім­дері де қызу жұмыс үстінде. Жыл басынан бері тек қана Есіл ауданында 1800 баланың тууы тіркеліп, 750-дей отбасы құрылды. Әділет департаменті басшысымен бекітілген жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізілуде. «Атамекен» ала­ңын­да елорданың туған күнінде салтанатты түрде неке қию рәсімдері өткізіледі. Сонымен қатар, барлық басқармалардың АХАТ бөлімдерінде 26 маусымнан 6 шілдеге дейін жаңа туған балалардың ата-аналары мен жаңа отбасын құрған жас-жұбайларға елтаңбалы куәліктер салтанатты түрде табыс етіледі.

Қабыкен
ЗАКАРЬЯНОВ, Астана қаласы «Әділет» ТҚҚҚБ төрағасы:

– Елу жылдан астам уақыттан бері осы қалада өмір сүріп, еңбек етіп келемін. Ақмоланың тар да лас көшелерін, саман кірпіштен салынған тапал үйлері мен «Райгородок», «Элеватор» аудан­да­рындағы батпақты әлі ұмыта қойған жоқпыз. Ол кезде қала Целиноград аталды. Пәтерлеріміз суық болғандықтан, қыста екі көрпе жамылып, қымтанып жататынбыз. Қатты желден жарық жиі өшіп қалатын. Көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына су жетпеген кездер де болды. Егер бұрындары «ЛАЗ», «ПАЗ» автобустары болса, бүгінде біз қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған жаңа көліктермен қатынаудамыз.
Бүгінгі Астанада өмір сүру әлдеқайда жеңілірек әрі жайлырақ екеніне ешкім де дау айта алмас. Әсіресе, маған Желтоқсан, Абай көшелері арасындағы орамның кешенді көріктендірілуі, ондағы скверлер мен әртүрлі ағаштар, дәл ортада орналасқан «Өмір гүлі» субұрқағы ерекше ұнайды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button