Қала тіршілігі

ЕЛОРДА ТОЙЫ – ЕЛ ТОЙЫ

ajnjjjjjjj

«Жыл сайын асыға күтетін Астана күні мерекесіне арналған шаралар бағдарламасы анықталды. Биыл айтулы мерекеге орай ұйымдастырылатын 70-тен аса қызықты да әсерлі шараларға кез келген қала тұрғыны мен қонақтары қатыса алады» деп хабарлайды Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан.

Астананың 16 жылдығы қарсаңындағы дәстүрлі мерекелік шаралар арасынан «Астана игілігі үшін» деген ортақ атпен өтетін бірегей акцияны ерекше атап өтуге болады. Азаматтарды өзара түсіністікке үндеп, түрлі қиындықтармен бірге күресуге, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге жұмылдыратын бұл акция – Астананың әр тұрғыны өзін үлкен отбасының бір мүшесі ретінде сезінуіне әсер етпек. Астана тұрғындарымен бірге «Қайсар керуен» қайырымдылық веложарысында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда көшелерін аралайды.

Ойын-сауық бағдарламасы өзіндік қызыққа толы болмақ. Атап айтқанда, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалі әдеттегідей дуалды қала формасында емес, жәрмеңкеге арналған шатырлы кешен ретінде ерекшеленбек. Мұнда ат үстінде атойлаған қойылымдар әдеттегідей манежде өтпейді. Бұл жолы ат құлағында ойнаған каскадерлерге құм төгілген арнайы алаң жасақталады.

«Өзен әуендері» классикалық музыка кештері жаңа әдіппен безендіріледі. Сахна әдеттегідей өзен үстінде құрылады, алайда, оның сыртқы көрінісі шығыс сарайын еске түсіретін болады. «Астана – арқау» түркі музыкасы фестивалі бірқатар елдердің аспапшылары мен әншілерінің басын қосады. Фестивальға Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия (Халха обл), Алтай, Саха, Тыва, Татарстан, Башқортстан, Хакасия, Шыңжан-Ұйғыр автономиялықауданы, сонымен бірге Дағыстан (ноғай) елдерінің музыканттары қатысады.

«Асқақтай бер, Астана!» атты қазақ және шетел эстрада жұлдыздарының концерті биыл «Сарырақа» республикалық велотрегінің сахнасында өтеді. Онда «The Jigits», «Пицца», «Blue» топтары, Ғалымжан Молданазаров, Қайрат Нұртас, Полина Гагарина және аты әзірге құпия әлем жұлдызы өнер көрсетеді. «Битва городов» әзіл-сықақ фестивалі Қазақстанның қай қаласы қалжыңның көрігін қыздыратынын анықтамақ. Шаттық мерекесіне «Мәссаған» жобасы, «KZландия», «Лица Столицы»-скетч шоуы қатысса, олардың өнерін «Comedy Club» клубының танымал резиденті Семен Слепаков бағалайды.

«Астана – армандар орындалады» ретро концерті – елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған қайталанбас ән-шашу болмақ. Көңілде жатталған әсем әндерді Роза Рымбаева, «Дос Мұқасан», «Жетіген» топтары, Ресейдің халық әртісі Юрий Антонов орындайды. Ал 4-6 шілде күндері «Аялаған Астана» ұлттық музыкалық телевизиялық балалар байқауы мәресіне жетеді. Өнерпаз бүлдіршіндердің қабілетін Халық әртісі Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов, Қарақат Әбілдина мен Жанар Айжанова бағалайтын болады. Ресей тарапынан саралайтын қазылар мүшесі әзірге құпия ұсталады.

«Астаналық» орталық саябағының ашылуы – астана тарихындағы айтулы әрі маңызды уақиға болмақ. Бұл – қаладағы ең көне саябақтың бірі. Ол қала тарихының куәгері іспетті. Алайда, енді ол жаңа заманауи, технологиялық көркем кейіпке енеді. Ол жас қаламен бірге жаңарады.

«Мәңгілік ел – ұлт мұраты» аттыпоэзия кеші «Мәңгілік ел» республикалық мүшәйрасын қорытындылайды. Байқау мақсаты – тәуелсіздік жалауын желбіретіп өзге елдермен иық тіресе дамып келе жатқан Қазақ мемлекеті мен оның жас астанасын жырға қосу, ұрпаққа әсем туындылар сыйлау. «Мәңгілік Ел – Қазақ елінің ұлттық болашағы» кітап және поэзия мерекесі аясында көркемсөз оқудан «Үш бәйтерек» байқауы ұйымдастырылады. Онда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев сынды көрнекті ақындардың шығармалары орындалмақ.

Дариға Назарбаеваның бастамасымен әрі қамқорлығымен өткізілетін «Астана кештері» III халықаралық өнер фестивалі Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Италияның танымал орындаушылары қатысатын үш концерттен тұрады. Музыканттар мұнда тек жанды дауыспен ән шырқамақ.

«Астана шаттық» шығармашылық автокеруені – Астана қаласы тұрғын үй алаптарындағы тұрғындарға көшпелі концерт қояды. Оның бағдарламасы өнердің түрлі бағыттары мен жанрларын қамтиды. Биыл Астананың шағын аудандары мен аулаларын Дильназ Ахмадиева, «Ринго» тобы, Әлішер Кәрімов, Қайрат Түнтеков аралап, әннен шашу шашпақ.

Астана күні мерекесіне жыл сайын Қазақстанның басқа да қалалары мен түрлі елдерден 100 мыңнан аса қонақ қатысады. Қала күніне арналған мерекелік шаралар билеттерінің сатылымынан түскен қаржы жылдағыдай мүгедек балалардың еміне жұмсалады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button