Басты ақпарат

Елорда толық цифрланып болды ма?

Елордада осы уақытқа дейін халықтың қауіпсіздігі мақсатында 26 462 бейнебақылау камерасы орнатылды. Соның ішінде өткен жылдың желтоқсанында қалалық Полиция департаментінің шұғыл сұранысына сәйкес қоғамдық орындарда қосымша 500 камера және денсаулық сақтау нысандарында 2 мыңға жуық камера орнатылған.

[smartslider3 slider=2007]

ШАҺАР ӨСКЕН САЙЫН «СЕРГЕК» ТЕ КӨБЕЙЕДІ    

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында есеп берген қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек баяндап, аталмыш бағыттағы жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, тиісті жұмыс­тар биыл да жалғасып жатыр.

– Өткен жылы айтқан ұсыныстарымыз ескеріліп, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңға түзетулер енгізілді. Осыдан кейін «Сергек» жобасын кеңейтуге мүмкіндігіміз туды. Аулаларда 7 мың 500 камера орнатуды қолға алдық. Бұл жұмыс қаржыны қажет етпейді. Бұған қоса, Полиция департаментімен бірге 210 камера орнатамыз. Оның 180-і – жолдардың бойын­да, ал 30-ы жол қиылыстарында орнатылады. Бүгіндері қала өсіп жатыр. Жаңа жолдар мен қиылыстар да көбеюде. Сондықтан осындай қажеттілік туындады. Мұны өткен жылы байқадық. Жаңа жолдар мен қаладан шыға берістерде камералар болмағандықтан, көлік жүргізушілері бір-бірімен жарысып, жол апаттарын тудыр­ды. Қазіргі таңда Байқоңыр және Алматы аудандарында камераларды орнататын жерлерді белгіледік. Ал Сарыарқа ауданы бойынша техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Мұны аяқтаған соң, осындай жұмысты Есіл ауданында да жүргіземіз,  – деді Б.Қасабек.

 БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ БӘРІНЕ КЕРЕК

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бейнебақылау камералары орнатылатын көшелерді нақты көрсету керектігіне назар аударды. Әсіресе, тұрғын алаптарға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Оны қостаған әріптестері 11 мың адам тұратын «Интернациональный» тұрғын алабында бірде-бір камера жоқтығын жеткізді.

Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы тиісті сұраныстар аудандардың әкімдіктерінен түсетіндігін айта келе, камераларды орнату жұмысы Полиция департаментінің қатысуымен жүргізілетінін хабарлады.

– Қаладағы 16 тұрғын алап бойынша камералар орнатылатын жерлерді нақты картада көрсетіңіздер. Неше көшеде камера бар, қай көшелерде камера жоқ, оларды орнату үшін қанша қаражат керек, басқарманың жоспарында қаншасы бар соның бәрін көрсету қажет. Біз төрт тұрғын алаптың тұрғындарымен кездестік, бәрі камераның жоқтығына шағымданды. Қаржы бөлініп жатыр ғой. Халық көп шоғырланатын аялдамалардың, әлеуметтік нысандардың қасына, балалар, қарттар көп жүретін жерлерде қауіпсіздікті сақтау үшін камераларды орнату керек. Мен камералар орнатылмаған тұрғын алаптарды нақты білемін. Бұл – «Интернациональный», «Ильинка», «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын алаптары. Тұрғын алаптарда қаланың әр бесінші тұрғыны, 280 мың халық тұрады, – деді Е.Каналимов.

Ботагөз Қасабектің айтуынша, қаржы мәселесі туындап жатқан жоқ. Қаржыландыру келесі жылы керек болады. Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедияр Қожекеновтің сөзінше, «Интернациональный­да» берілген мекенжайларда камераларды орнатуға мүмкіндік болмады. Жалпы жоспарларға өзгерістер енгізіліп жатады. Алда қосымша техникалық тексеру жүргізіледі.

Ерлан Каналимовтың пікірінше, тиісті мекенжайларға арнайы барып, тексерудің қажеті жоқ. Бұл жұмысты іKomek 109 қызметіне бір жыл көлемінде келіп түскен өтініштерді саралап, шешуге болады. Сосын Полиция департаментінің қылмыстық оқиғалар бойынша мәліметтеріне сүйенген жөн. Мәслихат хатшысы Полиция департаментінің жолдағы тәртіпті қадағалау жұмысына көңілі толмайтынын да айтты. Оның айтуынша, қаланың алты шыға беріс жолында «Сергек» камералары жұмыс істемейді. Онда жылдамдық режимі сақталмайды. Соның айқын дәлелі – жылдамдықты асырған көлік жүргізушілеріне айыппұл келіп жатқан жоқ. Бұл мәселеге Полиция департаментінің өкілі жауап беруге тырысты. Бірақ мәслихат хатшысы оның жауа­бына қанағаттанбады.

ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ ЖАРТЫСЫНДА КАМЕРА ЖОҚ

Қалалық мәслихат депутаты Ләззат Разбекова-Төлеуханова маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, мемлекеттік балабақшалар мен мектептер 100 пайыз бейнебақылау камералармен қамтылған. Алайда мемлекеттік тапсырыс алып отырған жекеменшік балабақшалардың жартысынан көбінде камералар жоқ. Бар болғанның өзінде дұрыс жұмыс істемейді. Әсіресе, мұндай жағдай қаланың шеткі аймақтарында орналасқан жекеменшік балабақшаларда кездесіп отыр.

– Бұл мәселені білеміз. Өткен жылдың желтоқсан айында жекеменшік балабақшаларға тиісті хатты жібердік. Ішкі істер министрлігінің осындай талабы да бар. Министрліктің құжатында камераларды орнатып, жедел басқару орталығына қосу керектігі жазылған. Осы ақпан айында мұны тексереміз, – деп жауап берді бұл мәселеге қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов.

Мәслихат депутаты Айтжан Әбдіров қаланы цифрландыру бағытында қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады.

– Цифрландыру тек қана бейнебақылау камералары емес қой, бұл – жаңа технологиялар, – деді ол.

Осы орайда Ерлан Каналимов цифрландыруды интернетсіз жүргізу мүмкін еместігін, алайда оқушылар қашықтан оқуға көшкеніне үшінші жылға айналып бара жатқанына қарамастан кейбір тұрғын алаптар мен жаңа құрылыс аймақтарында интернеттің әлі күнге дейін қосылмағанын айтты.

– Бұдан кейін байланыстың сапасы туралы әңгіме қозғау керек пе? – деді мәслихат хатшысы.

[smartslider3 slider=2008]

ТҰРҒЫН АЛАПТАРҒА ИНТЕРНЕТ ҚАШАН КЕЛЕДІ?

Мәслихат депутаты Бақдәулет Жанділдаевтің мәліметінше, қаладағы 33 колледждің 9-ы ғана жедел басқару орталығына қосылған. Ал 16 университеттің бірде-біреуі бұл орталыққа қосылмады.

– Былтыр Ресейде орын алған қайғылы оқиға жедел басқару орталығына колледждер мен университеттерді де қосу керектігін көрсетті. 2022 жылы антенна-діңгекті қондырғылар тек қана қаланың орталығында орнатылады екен. «Ақбұлақ» шағын ауданында интернет те, телебайланыс та онсыз да жақсы жұмыс істейді ғой. Панфилов көшесінде – Президенттік саябақ аумағында, «Әулиеата» тұрғын үй кешенінде де солай. «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданына тиісті қондырғыны орнату керектігімен келісемін. Бірақ «Железнодорожныйда» интернет байланыс дұрыс емес. Ол да, «Учхоз», «Мичурин», «Күйгенжар» елді мекендері де неге жоспарға енгізілмеген? «Қазақтелеком» да осы елді мекендерге келмейді екен, – деді Б.Жанділдаев.

Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек қаланы цифрландыру жоспары бар екенін айта келе, жақында қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев бұл бағытта жаңа бағдарламаны әзірлеуге тапсырма бергенін, бұл бағдарламаны бір айдан кейін мәслихат депутаттарына таныстыратындарын жеткізді.

– Дұрыс мәселелерді көтеріп отырсыздар. Біз қазір екі бағытты дамытып жатырмыз. Бұл – антенна-діңгекті қондырғылар мен FWA технологиялары бойынша жаңа базалық стансаларды орнату. Бұлар интернет жоқ жерге орнатылады. Биылғы мамыр айының аяғына дейін 16 антенна-діңгекті қондырғыны орнатып, іске қосамыз. Бұл қондырғылар ұялы байланыс пен «3G» және «4G» интернет байланысын қамтамасыз етеді. Оның төртеуі – Алматы ауданында, бесеуі – Байқоңыр ауданында, үшеуі – Есіл ауданында және төртеуі Сарыарқа ауданында орнатылады. Ал FWA бойынша 26 базалық станса орнатамыз. Олар «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданында, «Үркер» және «Көктал-1» тұрғын алаптарына салынады. Өткен жылы стансаның бірнешеуін «Үркер» тұрғын алабына қосып, сынақтан өткіздік. Биылғы наурыз айының аяғына шейін қалған стансаларды нақты шеткі аймақтарға орнатамыз, – деді Б.Қасабек.

Мәслихаттың өткен отырыстарының бірінде депутат Нұрдәулет Оразханов жаңадан пайдалануға берілген «Отау» тұрғын үй кешенінің тұрғындарының мәселесін көтерді. Осы отырыста олар интернетке де мұқтаж екендіктерін айтып, оны қосу мүмкіндігін сұрады.

– Интернет жоқ болғандықтан, тұрғындарға онлайн жұмыс істеу қиындық тудырып отыр. Сосын осы мекенжай картада да көрсетілмеген. Сол себептен үйлерін іздегендер таба алмай, адасады. «Сергек» камерасын да орнату керек, – деді депутат.

Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабектің айтуынша, «Отаудың» көшесі пайдалануға беріліп, тиісті балансқа өткенде ғана картаға шығады. Ал интернет қосу мәселесін әлі қарастыру керек. Ол қандай оператордың келетініне байланысты. Себебі қазір елордада екі-үш оператор қызмет көрсетеді. Олардың интернет желісін тарту жолдары да әртүрлі. Мәселен, кейбіреулер әуе арқылы жіберсе, кейбіреулер оптикалық әдісті қолданады. Ал осы үйге «Сергекті» қосу үдерісі көктемде басталуы керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button