Мәселе

Елорда туризмі екпіндеп келеді

Қазақстанда туризм саласы кеш өркендегенмен, ел бюджетін толтыруға өзінше үлес қосып жатыр. 1997 жылы астана мәртебесін алған елордада соңғы жылдары туризмнің қарқынды дамуы байқалады. 2017 жылы бекітілген туризмді дамытудың жол картасына сәйкес, өткен бірнеше жылда бас қаламызда туризмнің іскерлік, медициналық және қалалық демалыс бағытын дамытуға айрықша қолдау көрсетілді.

[smartslider3 slider=3320]

 

Іскерлік туризмнің жарқын үлгісі ретінде елордамызда дүркіреп өткен және туризмді дамытуға игі әсерін тигізер мол мұра қалдырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін айтсақ та жетіп артылады. Сарапшылардың пікірінше, Париждегі Эйфель мұнарасы, Лондондағы Хрусталь сарайы сияқты «Нұр әлем» музей-павильоны да ЭКСПО мұраларының әлемдік үлгілері қатарында аталып, қаламыздағы туризм саласының өркендеуіне оң ықпал етеді. Елорданың ауқымды әлемдік шаралар мен көрмелер өткізетін іскерлік орталық ретіндегі әлеуеті жыл өткен сайын нығайып келеді. Халықаралық деңгейдегі іскерлік шараларын өткізу мақсатында өткен жылы әлемдік ұйымдарға бас қала атынан 10 өтінім жіберілген. Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, мұндай шаралар 2 мыңнан астам делегатты тартып, бас қала экономикасына 2 млн АҚШ долларынан аса табыс әкеледі. Дегенмен елордада іскерлік туризмді дамытуға кадр тапшылығының қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Сондықтан қазіргі күнде кәсіптік білім беру мекемелеріндегі туристік мамандықтарға грантты арттыру мәселесі көтеріліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаевтың айтуынша, алдағы жерде MICE менеджері, ивент-менеджері, гид және қолөнерші дайындау бойынша жаңа мамандық ашу жоспарлануда.

Медициналық туризмді дамытуда елорданың артықшылығы басым. Бас қалада әлемнің соңғы технологиялық жетістіктерімен жабдықталған медициналық мекеме көп, соның арқасында әсіресе кардио, онко және нейрохирургиялық көмек көрсету ісі қарқынды дамып келеді. Денсаулық сақтаудың халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы, Медициналық туризм индексі (MTI) халықаралық қоғамдық ұйымы және
Халықаралық медициналық туризм (МТА) қауымдастығының болжауынша, алдағы 10 жылда әлем халқының 3-4 пайыздан астамы медициналық қызмет алу үшін саяхатқа шықпақ. Ендеше елордамызда осы бағытта атқарылар шаруалар әлі шаш етектен екені даусыз. Мысалы, бас қаламыздағы Республикалық диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы, Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы секілді емдеу мекемелеріне медициналық туризмді дамыту бойынша үлкен үміт артылып отыр.

Республикалық диагностикалық орталықта Қазақстандағы жалғыз ПЭТ орталық жұмыс істейді. Қазақстандағы ең ірі медициналық зертхана да осында. Ал Балаларды оңалту ұлттық орталығында кешенді түрде медициналық, әлеуметтік және педагогикалық оңалту қызметтері ұсынылады. Бұл емдеу орталығына Ресей, Өзбекстан, Украина, Қытай, Тәжікстан және Түркиядан медициналық туристер жиі келеді.

Әрине, соңғы жылдары жаһанды жайлаған пандемия ішкі туризмді дамытудың маңызын жете ұғындырды. Бұл бағытта елорданың әлеуеті зор. Ең алдымен бас қала республиканың түкпір-түкпіріндегі халықты өзгеше архитектуралық шешіммен таңғалдыратын сәулет кешендерімен қызықтыратыны даусыз. Бұл қатарда далалықтардың дүниетанымы мен бай аңызынан сыр шертетін «Бәйтерек» ұлттық монументі, Қазақстандағы жүздеген ұлт пен ұлыстың татулығының символына айналған Бейбітшілік пен келісім сарайы, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі сәулет кешені – «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, әлемдегі ең көркем мешіттердің қатарында аталатын Әзірет Сұлтан мешіті, халқымыздың бай тарихынан мағлұмат беретін Ұлттық мұражай, Орталық Азияда теңдесі жоқ Qazaqstan (Абу-Даби Плаза), қала ғимараттарының ішіндегі ең көнесі саналатын Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай, т. б. сәнді де әсем кешендерді айтуға болады. Қала қонақтарының, әсіресе елордаға сапар шеккен балалар мен жастардың осы айтылған сәулет кешендерінің көркіне көз суара отырып, өткен тарихымыздан мол мағлұмат алумен бірге, ел ертеңіне нық сеніммен көңілі марқайып қайтатыны даусыз.

Өткен жылғы есеп бойынша елордада жалпы ауданы 396,4 га 9 саябақ, ауданы 30 га 4 желекжол, сондай-ақ 131,9 га 90 гүлбақ бар. Елорда саябақтары бірін-бірі қайталамайтын өзіндік мәнерімен ерекшеленеді. Мысалы, бүгінде қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгерген Ботаникалық бақ бой жазып, көңіл сергітетін туристік орталық қана емес, ғылыми-зерттеу, ағарту жұмысымен айналысуға мүмкіндік беретін мекеме ретінде белгілі. Елдің ертеңгі иегері де, тірегі де жас буын балалар табиғи, мәдени, тұрмыстық және әлемдік флораның өсімдіктер коллекциясын ұсынатын Ботаникалық бақта өсімдіктер әлемімен көзбе-көз танысуға мүмкіндік алады. Олардың арасында елімізде кездеспейтін экзотикалық өсімдік түрлері де бар екенін айта кеткен артық емес.

Ailand отбасылық демалыс орталығы мұхиттан шалғай орналасқан еліміз тұрғындары, әсіресе балалар үшін өте қызық болатынына күмән келтірмеу керек. Мұнда теңіз-мұхитты мекендейтін тіршілік иесінің 100-ге жуық түрін кездестіруге болады.

Елорда тұрғындарына етене таныс, бірақ қала қонақтарына таңсық қызықты әрі тартымды көркем жерлердің, демалыс орындарының тізімін әрі қарай жалғастыра беруге болар еді. Дегенмен елорда маңында, әсіресе Есіл мен Нұра өзендерінің және өзге де ірілі-ұсақты көлдер жағасында игерілмей жатқан туристік ресурс тұнып тұрғанын да айта кеткен жөн. Алайда әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғысынан ол жерлер өзге қала, аудандардың еншісінде. Ресурстарды біріктіріп, қала мен далаға бірдей қанат жайған бірегей туристік бағыттар қалыптастыру үшін аймақаралық бірлескен комиссиялар құрылып, ынтымақтаса жұмыс жүргізуі қажет секілді. Шындығында, бірыңғай туристік жинақты дамыту мақсатында Ақмола облысымен тығыз серіктестік қатынас орнату мәселесі ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде қолға алына бастаған. Ендігі жерде бұл бағыттағы жұмыстарды аяқсыз қалдырмай, алға жылжыта берген дұрыс. Сондай-ақ туристік нысандарды стандарттау, санаттандыру бойынша Қытай тәжірибесіне сәйкес қанатқақты жобаларды қолға алуға елорданың мүмкіндігі толық жетеді. Ландшафттық аймақтар мен туристік орталықтарды инфрақұрылым, жол-көлік, қауіпсіздік, гигиена-санитария, байланыс, шопинг-туризм, кешенді менеджерлік, ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау талаптары бойынша бес деңгейге бөлу – Қытайда туризмнің қарқынды дамуына оң ықпал еткен негізгі тәжірибелердің бірі. Бұл туризм саласындағы бәсекелестікті нығайтып, ландшафттық аймақтардың танымалдығы мен тартымдылығын арттырып, инвесторларды жауапкершілікке бейімдеумен бірге, салааралық, ведомствоаралық, аймақаралық ынтымақтастықты нығайтып, туризмді дамытуға күш жұмылдыруға мүмкіндік беріп отыр.

Туризмнің түрлі бағытын бірдей дамытуға шындап ден қойса, елорданың Қазақстан туризмінің нағыз орталығына айналар күні алыс емес.

Ерлан Мазан

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button