Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Елорда туризмі қалай түлейді?

Астанаға турист ретінде келушілердің саны жылдан-­жылға артып отыр. Елордаға жолы түсетін шетелдік туристердің негізгі ағымы Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея елдерінен келетіні байқалады. Биыл Астанада туристік маңызы бар 1200 іс-шара өтетіні жоспарланып отыр. Оның ішінде 100-ден аса халықаралық форум болмақ.

Елордада туризмді дамытудың негізгі бағыттары белгіленген. Бұл – оқиғалық, іскерлік және медициналық туризм. Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында осы туралы баяндаған қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев саланы ілгерілетуге бағытталған жұмыс­тармен таныстырды.

Қажетті инфрақұрылым құрылды

Оның айтуынша, бас қалада туризм көрсеткіштері үш жыл қатарынан тұрақты өсуде. Алдын ала деректер бойынша 2024 жылы туристер саны 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға артып, 1,5 млн туристті құрады (резидент еместер 400 мың адам, резиденттер 1,1 млн адам). Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 3 млн туристке дейін ұлғайту жоспарланған.

– Елордаға шетелдік туристердің негізгі ағымы Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан және Оңтүстік Корея сияқты елдерден байқалады. Бүгінгі таңда Астанада турис­терге жайлы болуы үшін барлық қажетті инфрақұрылым құрылды. 100-ден астам туристік нысан бар. Бұл – мұражайлар, театрлар, сарайлар, діни нысандар, спорт кешендері, сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар және тағы басқа нысандар. Қалада 9,9 мың нөмірлік 286 қонақүй жұмыс істейді. Бұл – 17,5 мың төсек-орын. Соның ішінде 5 жұлдызды 8 қонақүй, 4 жұлдызды 38 қонақүй, 3 жұлдызды 64 қонақүй, санатсыз 176 қонақүй бар. 2024 жылдың 9 айында қонақүйлер көрсеткен қызметтер көлемі 36%-ға артып, 46,1 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың 9 айында 33,9 млрд теңге болған еді, – дейді Мақсат Жаңабаев.

Инвестициялар көлемі артты

Баяндамашының айтуынша, өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 253 млрд теңгені құрап, 3 есеге артты. MasterCard мәліметтері бойынша туристердің күніне орташа шығыны 230 долларды құрайды. Елордаға келетін туристердің шығындары, негізінен, мына қызметтерге келеді: қонақүй – 64,4%, бөлшек сауда – 11,1%, мейрамханалар – 9,2%, азық-түлік дүкендері – 4,9%, көлік – 1,6%, денсаулық пен сұлулық – 1,2%, барлар мен түнгі клубтар – 1,1%, ойын-сауық – 0,3%, үй тауарлары – 0,3%.

Астана маңызды оқиғалардың алаңына айналды

Мақсат Жаңабаевтың мәлі­метінше, өткен жылы Астанада 785 іс-шара өткізілген. Оның 70-тен астамы халықаралық іс-шаралар болды. Былтырғы ең маңызды оқиғалардың қатарында 16 мемлекеттің көшбасшыларын біріктірген Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен 89 елден 250 000-нан астам адам қатысқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бар. Өткен жылы Comic Con фестивалін 100 000-нан аса адам көрді.

Ал 2025 жылы 1200 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның 100-ден астамы халықаралық болмақ. Биыл конференциялар, форумдар, көрмелер және басқа да ірі іскерлік іс-шараларды өткізу есебінен Астанаға туристер ағынын ұлғайту көзделген.

– Бүгінгі таңда Астана халықаралық конкурстарға белсенді қатысып, халықаралық конгрестер мен конференция­лар қауымдастығы (ICCA) арқылы ірі MICE іс-шараларын өткізу құқығын жеңіп алды. 2016 жылдан бастап қала бірқатар маңызды оқиғалардың алаңына айналды, – деген басқарма басшысының орынбасары сол іс-шараларға тоқталды.

Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап халықаралық 48 іс-шара өткен. Атап айтқанда, Bizz Awards халықаралық премиясын тапсыру салтанатына 200 адам қатысқан. Топырақ механикасы және геотехника бойынша 17-Азия аймақтық конференциясы (600 қатысушы), INQAAHE конференциясы (275 қатысушы), Студенттік кәсіпкерлік бойынша энактус әлем кубогы (2500 қатысушы).

Ал 2025 жылы Халықаралық талдау, оны қолдану және есептеу қоғамының конференциясы 21-25 шілдеде өтпек. Бұған 1000 адам қатысады деп жоспарланған. Сондай-ақ 18-23 тамыз күндері Кітапханалық қауымдас­тықтар мен мекемелердің халықаралық федерация­сы жиын өткізеді. Оған 3500 адам қатыспақ. 27-28 маусым күндері Walter E.Dandy нейрохирургиялық қауымдас­тығының 10-Дүниежүзілік конгресі 300 қатысушыны жинамақ.

– Аталған аса маңызды оқиғалар Астананың ірі халық­аралық іскерлік орталық ретіндегі имиджі үшін қажет, – дейді Мақсат Жаңабаев.

Медициналық туризм қалай дамиды?

Баяндамашының сөзінше, елімізде 9 медициналық ұйым JCI халықаралық аккредиттеу комиссиясының сертификатын алған. Бұл ұйымдар медициналық қызметтер сапасының «алтын стандарты» ретінде танылды. Ал олардың 7-еуі Астанада орналасқан.

– Елорданың медициналық туризмін дамыту аясындағы жоспарлы жұмыс мыналарды қамтиды: медициналық контент құру, YouTube арнасында қаланың клиникалары мен дәрігерлері туралы имидждік хабарлар шығару; нысаналы елдерде Астана қаласының дәрігерлерімен көшпелі алғашқы медициналық консультациялар өткізу; медициналық туристік базалық пакеттерді қалыптас­тыру; клиникалар мен туроператорлар арасында серіктес­тік және бірлескен бағдарламалар құру. Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Қытай және БАӘ сияқ­ты Астана үшін медициналық туризмнің нысаналы елдері анықталды. 2025 жылы медициналық туристер саны 8 000 адамға дейін жетеді деп жоспарлануда 2024 жылы 4 500 адам болған еді, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Елорданы аралайды

2025 жылы жастарды дамытуға және бүкіл Қазақстан бойынша балалар мен оқушылардың әлеуметтік интеграциясын қолдауға бағытталған екі әлеуметтік жобаны іске асыруды жалғастыру ұсынылды. Алғашқы жоба – «Астана – менің Отанымның елордасы» аталады. Оның аясында Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 3 күндік турлар ұйымдас­тырылады. Басты мақсат – балаларды елордамыздың мәдениеті мен тарихымен таныс­тыру, сондай-ақ еліміздің дамуына өзінің қатысуын сезінуге мүмкіндік беру. 2018 жылы, яғни Астананың 20 жылдығына орай осы жобаның шеңберінде 1000 бала елорданы аралады. 2019 жылы – 500 бала, Астананың 25 жылдығы аясында 2023 жылы – 1000 бала, 2024 жылы 1013 бала бас қаланы көрді. Ал 2025 жылға арналған жоспар – 1000 бала.

Оқушылар мен студенттерге кәсіптік бағдарлау

Оқушылар мен студенттерге арналған кәсіптік бағдарлау экскурсиялары ұйымдастырылады. Кәсіптік бағдар беру бағдарламасы аясында 2025 жылы 7-11 сынып оқушылары мен колледждердің 1-курс студенттері үшін 12 200-ден астам экскурсиялық турлар ұйымдас­тыру жоспарланған.

– Экскурсиялар оқушыларды кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарындағы нақты еңбек жағдайларымен таныстыру мақсатында, сондай-ақ олар еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін ескере отырып, болашақ мамандықты таңдай алуы үшін ұйымдастырылған, – дейді Мақсат Жаңабаев. Оның айтуынша, өткен жылы да әртүрлі саладағы 40-тан астам кәсіп­орында оқушылар мен студенттер үшін 12 200-ден астам экскурсия өткізілді.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button