Басты ақпаратҚала мен Сала

Елорда үйлесімді даму керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте бас қаланың орны ерекше екенін, сондықтан оның келбетін мейлінше жақсарту қажеттігін баса айтты. Бұл ретте Президент бас шаһардың даму стратегиясын қайта қарап, жаңадан негізгі жоспар дайындауды тапсырды.

Қала бірінші кезекте тұрғындарға демалыс, көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білуі қажет. Ал Астананың жөні бөлек, елордаға қойылатын талап жоғары. Бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе. «Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет» деді Мемлекет басшысы.

Расында да, бас қала тұрғындарының саны жылдан жылға артып келеді. Елорданы көшіру кезінде бекітілген Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылы халық саны 800 мың адамға жетеді деп жоспарланған болатын. Содан кейін 2010 жылы жоспар түзетіліп, 2030 жылға қарай халық саны 1 млн 200 мың адамға жетеді деп жоспарланғанымен, елордалықтар қазірдің өзінде бұл көрсеткіштен асып барады. Ал ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің айтуынша, 2030 жылға қарай қаладағы халық саны 2-2,5 млн адамға жетуі мүмкін. Соңғы кездері халықтың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, мектеп жасындағы балалардың оқу орындарына сұраныс артып келеді. Бұл сондай-ақ жол, көлік қозғалысының қиындауына да әсер етуде.

Президент Астананы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Қаланың даму қарқыны мен тұрғындардың санына байланысты Бас жоспарға да өзгертулер мен түзетулер енгізіліп отырады. Бұл ретте «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыс ауқымы кең. Астананы барлық қала тұрғындары мен қонақтары үшін орнықты, жайлы және қауіпсіз шаһарға айналдыру мақсатында олар елорданың аудан әкімдіктерімен бірлесіп бас қаланы дамыту, көгалдандыру және абаттандыру мәселелерін талқылап, көшелерді, саябақтарды көгалдандыруға, қаланың әрбір ауданында жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға ерекше назар аударуда. Әсіресе, елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шет мемлекеттерден келіп жатқан қонақтарға барынша қолайлы етуге, бас шаһардың келбетін мейлінше жақсартуға күш жұмылдыруда.

Бүгінде қалалықтар күнделікті жұмыстан шаршап келгенде бір сәт аулаға шығып таза ауа жұтуды, балақайларының алаңсыз асыр салғанын, ол үшін көпқабатты үйлердің ауласында аяқ бүгіп отырар орындықтар мен балдырғандар ойнайтын шағын ойын алаңдарының болғанын, қысқасы, қаланың абаттандырылғанын, көшелердің жарықтандырылғанын қалайды.

«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС директорының орынбасары Елнар Базыкеннің мәлімдеуінше, «Астана – жайлы қала» мастер-жоспары аясында өткен жылы қалада 250-ден астам қоғамдық және аулалық кеңістік абаттандырылды. Олардың қатарында қалалық алаң, Бараев көшесі, Президент саябағындағы амфитеатр, «Встреча» сауда үйі алдындағы кеңістік, сондай-ақ қаланың тұрғын алаптарындағы скверлер бар. Осылайша, қала аумағында қараусыз қалған учаскелер мен бос жерлер саны айтарлықтай азайды.

– Белсенді қала тұрғындарымен бірлесе отырып көше спортын дамыту және шығармашыл жастарды қолдау бойынша көп жұмыс атқарылды. «Urban sport fest», алғашқы түнгі жарыс, BMX және Скутер жарыс­тары, сондай-ақ «Jana Shanyrak» шығармашылық музыкалық фес­тивалі ұйымдастырылды. Өткен жылдың тағы бір үлкен жетістігі халықаралық деңгейде жұмыс істеумен байланысты болды. БҰҰ шақыруымен елордалық урбанис­тер әлем қалаларын дамытуда тәжірибе алмасу үшін бірнеше халықаралық іссапарларға барып қайтты, – деді Е.Базыкен.

Бұл БҰҰ-ның тұрақтылықты арттыру және қалалардағы апаттар қаупін азайту жөніндегі бастамасы болатын. Соның негізінде біздің елордамыз ресми түрде «Қалаларды тұрақты етейік 2030» қалалар тізіміне енді.

Соңғы жылдары елордада 900-ден астам аулалар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды, «Demalys promenade», құтқарушылардың, мұғалімдердің және медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған скверлер мен көше спорты колизейі бой көтерді.

«Абаттандыру кезінде тұрғын үй алаптарына ерекше назар аударылады. Тек, қаладан сыртқа­рырақ орналасқан тұрғын алаптарда ғана 300-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды, Көктал қаласында 16 гектарға саябақ салынды. Қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында әркімнің қалауы бойынша баскетбол/футбол алаңдары, workout-аймақтар, тыныш демалуға арналған аймақтар, аркалы әткеншектер, шығармашылық өнер көрсетуге арналған сахналар және т.б. бар» деді директордың орынбасары.

2023 жылы «Үркер», «Тельман» тұрғын алаптарында, Ш.Айтматов көшесі ауданында, Ж.Тәшенов және Т.Хусейн көшелерінің қиылысы ауданында, Абай даңғылында гүлзарларды абаттандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ күйші Дина көшесінен Мұстафин көшесіне дейін, ­Жүргенов көшесі, 28/1, Қошқарбаев көшесі, 45, Қордай және Тайқазан көшелерінің қиылысында, К.Әзірбаев көшесі, 10-14 және Абылайхан даңғылының бойында аллеялар пайда болады. Сонымен қатар, кіші Талдыкөлде экопарк салынады. Экопарктің жалпы ауданы 70 гектардан асады. Оның жобасы шағын Талдыкөл су балансын сақтай және толықтыра отырып, қала тұрғындары үшін табиғи-рекреациялық аймақ құру негізінде салынатын болады. Бүгінгі таңда жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Мамандардың мәлімдеуінше, абаттандыру кезінде ойын алаңдарын табиғи материалдардан жасалған шағын сәулеттік нысандармен жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ 12 мыңнан астам ірі ағаштар мен жасыл желектерді отырғызу арқылы аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударылады.

– Кіші Талдыкөлдің іргелес аумағы игерілетін болады. Онда әлеуметтік нысандар: мектептер, медициналық орталық, тұрғын үйлер, балабақша және т.б. орналасады. Ал үлкен Талдыкөл көлінің жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк пайда болады, – деді Е.Базыкен.

«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-нің бөлім жетекшісі Бекзат Әділовтің айтуынша, бүгінгі таңда елорданы одан әрі көгалдандыру және абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көшелерді, саябақтарды, скверлерді, алаңдарды, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру және абаттандыру саласында халық­аралық озық тәжірибе ескеріледі. ️Жұмыстар көшелердің дизайн кодына сәйкес жүргізілуде: кешенді көгалдандыру, сондай-ақ кедергісіз ортаны қалыптастыру мақсатында шағын сәулет нысандар орналастырылуда.

«Елорданы одан әрі көгалдандыру, жайлы көшелер мен қоғамдық кеңістіктер құру және елордада жайлы қалалық орта қалыптастыру жұмыстары жалғаса береді» деді Е.Базыкен.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button