Білім

Елорда ұстаздары – ел ұстаздарына өнеге

Ұстаздың еңбегі әрқашан да бағалы. Мұғалімдер балаларға білім беріп қана қоймай, олардың қабілетін анықтап, өмірден өз жолын табуына жәрдем береді. Бұл тұрғыдан келгенде, Астана қаласының ұстаздары – ел ұстаздарына үлгі, өнеге.

Елорданың білім беру ұйымдарында республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған педагогтар жемісті еңбек етуде. Республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған білікті 132 педагогымыз бары – біз үшін мақтаныш! Олар – 113 халықаралық және 19 республикалық олимпиадаларда топ жарып, елорда біліміне айрықша жүлде әкелген озат оқушылар!

Бүгінгі таңда елорданың білім беру ұйымдарында 26 944 педагог жұмыс істейді. Жаңа 2024-2025 оқу жылында білім беру ұйымдарына 2 262 педагог қабылданды, оның ішінде 993-і жайлы мектептерде жас ұрпаққа білім беруде. Мұғалімдер күні кәсіби мерекесі қарсаңында ведомстволық наградалармен 2 825 педагог марапатталса, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы – 1 педагогқа берілсе, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен 160 адам марапатталды. ҚР Білім Министрлігінің Құрмет грамотасымен – 159 адам, «Астана қаласының құрметті педагогы» төсбелгісімен – 5 адам, Білім басқармасы басшысының Алғыс хатымен 2500 адам марапатталып, еңбек ардагерлері де назардан тыс қалмады. ҚР Білім Министрлігінің Алғыс хаттарымен – 38, Білім басқармасының грамотасымен 6 ардагер марапатталды.

Биылғы жаңа оқу жылының басынан бастап елордада 282 150 оқушы оқитын 187 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 110 мемлекеттік мектепте 233 006 бала оқыса, 70 жекеменшік мектепте 42 674 бала оқиды және 7 республикалық мектепте 6 470 бала білім алады

Білім беру ұйымдарының педагогтары мен басшылары тәжірибе алмасу және кәсіби құзыреттілікті арттыру жөніндегі халықаралық семинарларға, конференцияларға қатысу үшін шетелдік іссапарларға барды. Соңғы үш жылда 300-ден астам педагог іссапарға шықты. Іс-шараға қатысушылар АҚШ, Сингапур, Чехия, Корея, Өзбекстан, Грузия, Жапония, Түркияға барды. Іссапар қорытындысы бойынша «Шетелдік тағылымдама: кәсіптік әдіснаманы үйреніңіз, меңгеріңіз және дамытыңыз» тақырыбы бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылды.

Астана қаласының әкімдігі ұстаздар қауымына барынша жағдай жасап отыр, педагогтарға қолдау көрсетуге ерекше назар аударады. Соңғы жылдары педагогтардың жалақысы едәуір артты, біліктілікті арттыру бойынша түрлі бағдарламалар енгізілді, тұрғын үй сертификаттары, жоғары оқу орындарына білім гранттары бөлініп жатыр және тағы басқа қолдау іс-шараларын атап айтуға болады.

Оқу жылы жақсы қарқынмен басталды

Биылғы жаңа оқу жылының басынан бастап елордада 282 150 оқушы оқитын 187 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 110 мемлекеттік мектепте 233 006 бала оқыса, 70 жекеменшік мектепте 42 674 бала оқиды және 7 республикалық мектепте 6 470 бала білім алады.

– Оқу жылының соңында қалада 8 үш ауысымдық және  бала саны шамадан тыс 16 мектеп болды. Мектептердегі орын тапшылығы 27 800 мың оқушы орнын құрады. Осы мәселені шешу үшін ағымдағы жылы бір ауысымда 49 790 мың орынға арналған 32 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде бір ауысымда 30 290 мың орынға есептелген 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар, – дейді Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Қыркүйек айында бір ауысымда 15 850 мың орынға арналған 12 мектеп пайдалануға берілді (3 – БИП, 8 – Жайлы мектеп, 1 – жекеменшік мектеп). Желтоқсан айында бір ауысымда 14 440 орындыққа арналған қосымша 9 мектеп (7 – Жайлы мектептер, 2 – жекеменшік мектептер) пайдалануға беріледі. Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін үш ауысымда оқитын 6 мектептің, бала саны шамадан тыс 9 мектептің мәселелері шешілді.

Үш ауысымда оқитын 2 мектептің және бала саны шамадан тыс 7 мектептің орын тапшылығы мәселесі 2025 жылы шешіледі.

2024 жылы барлығы 33 білім беру нысанында жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Оның ішінде 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілсе, 31 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізілді.

Биыл 5 бағыт бойынша (физика, биология, химия, STEM және робототехника) 56 пәндік кабинет сатып алынады. Бүгінгі күні 18 кабинет жеткізілді, 25 кабинет 1 қыркүйекке дейін, қалған 13 кабинет жыл соңына дейін салынады.

Астаналық өрендер «Жайлы мектепте» оқиды

Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Ал «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы –  мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция.

– 1 қыркүйекте қалада барлығы 15 жаңа мектеп ашылды. Олардың тоғызы – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, тағы 2 мемлекеттік және 4 жекеменшік мектеп. Аталған оқу орындары екі ауысымда 28 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді, – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа оқу жылының басында №106 жайлы мектептің ашылу салтанатына қатысқан салтанатты жиында.

– Мектебіміздегі аралас кластарда 3122 оқушы білім алады, оларға тәжірибелі, білікті 170 мұғалім сабақ береді, 70 техникалық қызметкер жаңадан пайдалануға берілген мектептің ішкі-сыртқы тазалығына жауапты, – дейді №106 орта жайлы мектеп директоры Гүлсан Жаманқараева.

Жайлы мектептер салудың негізгі мақсаты –  оқушыларға арналған жаңа орындар ашу, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. 8 Жайлы мектепке мұғалімдерге қажеттілік 92 адамды, техникалық қызметкерлерге 387 адамды құрайды. Жайлы мектептер директорларының міндетін атқарушылар тағайындалды, оның ішінде 5-і – директорлар қатарынан, 4-еуі – рес­публикалық кадр резервінен.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button