Елорда жарнамалары бірыңғай дизайн кодқа сәйкестендіріледі

Астаналық Кәсіпкерлер палатасында сыртқы жарнама мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.
Отырыс барысында «Астана қаласының дизайн-коды» жобасы бойынша бизнес қауымдастығының ұсыныстары ортаға салынды. Басты мақсат – елордадағы жарнамалық құрылымдар рәсімдеудің бірыңғай стандарттарын айқындайтын ережелер жинағы бекіту.
Қала келбетін жақсарту үшін сыртқы жарнаманы реттеу маңызды, өйткені бұл ыңғайлы визуалды орта қалыптастыруға және қала келбетін тартымды қылуға ықпал етеді. Десе де, кәсіпкерлер жарнамалық құрылымдармен келіссөз жүргізу барысында түрлі қиындықтарға тап болады. Бұл туралы «Астана Жарнама» мекемесінің өкілі айтып, бизнес өкілдері өзекті мәселелерді талқылады. Осы бағыттағы басты ұсыныстардың бірі – жарнамалық құрылымдарды келісуге арналған бірыңғай электрондық портал құру. Бұл процесс ашық әрі жедел алаң құру, жемқорлық тәуекелдерін азайту және өтініштерді рәсімдеу уақытын қысқартуға бағытталды. Алдағы уақытта дизайн-кодты бекіту процесін жеделдету жоспарлануда.