«Елорда жастары» бағдарламасы
Астана қаласының Тұрғын үй орталығы «Елорда жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдауды бастайды. Бағдарлама бойынша өтінім қабылдау 2024 жылғы 4 қыркүйек күні сағат 9:00-де басталып, 2024 жылғы 10 қыркүйек күні сағат 23:59-ға дейін жүргізіледі.
Өтінімдерді қабылдау электронды түрде birge.astana.kz порталы арқылы жүзеге асады. Бұл бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы елордада бастапқы/қайталама нарықта өз пәтеріңізді сатып алуға мүмкіндік береді. Банк беретін кредиттік қарыздар саны – 75.
Бағдарлама шарттары:
– қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге;
– бастапқы жарна – 10%;
– қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 5%;
– несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін.
Азаматтарға қойылатын талаптар:
– жолдасының (жұбайының) жасына қарамастан (болған жағдайда), өтінім беру сәтінде 35 жасқа (34 жасқа дейін қоса алғанда) жетпеген жас.
– негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады.
– Астана қаласында соңғы 1 жылдан кем емес үздіксіз тіркеудің болуы және онымен бірге тұратын оның отбасы мүшелерін (балалары, жолдасы (жұбайы) болған жағдайда) өтінім беру сәтінде Астана қаласында тіркеуі;
– «Отбасы банк» АҚ-та өтінім беру сәтінде 1800000 (бір миллион сегіз жүз мың) мөлшерінде бастапқы жарна сомасының шотындағы қалдығы бар жинақ шотының болуы;
– бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің (ерлі-зайыптының ортақ бірлескен меншігі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп ортақ үлестік меншік) болмауы, құлау қаупі бар апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді қоспағанда;
– зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен расталатын өтініш беру сәтінде Астана қаласында таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі кемінде соңғы 1 жыл;
– тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген отбасының әрбір мүшесіне соңғы 6 айдағы еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 6 еселенген шамасына дейінгі табысының болуы (260442 теңге);
– қатысушы таңдаған сала қатысуға өтінімді толтыру кезінде еңбек қызметін жүзеге асыратын саламен сәйкес келуі тиіс.
Астана қаласының мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлері келесі қызмет салалары бойынша қатыса алады:
– денсаулық сақтау, атап айтқанда: тиісті жоғары және орта білімі бар «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, Денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-305/2020 бұйрығындағы 2-қосымшаға сәйкес денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасына сәйкес, Астана қаласында орналасқан медицина қызметкерлері, денсаулық сақтау, мектепке дейінгі және орта білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы ұйымдарда жұмыс істейтіндер, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда;
– білім беру, атап айтқанда: Астана қаласында орналасқан, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, тиісті жоғары және орта білімі бар білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері;
– мәдениет, атап айтқанда: техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Астана қаласында орналасқан мәдени ұйымдардың бейінді қызметкерлері;
– спорт, атап айтқанда: Астана қаласында орналасқан ұйымдарда, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті» ҚБ және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитеті» ҚБ-да еңбек қызметін жүзеге асыратын спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар;
– әлеуметтік сала, атап айтқанда: техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Астана қаласында орналасқан халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ұйымдарда жұмыс істейтін бейінді қызметкерлер;
– жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, атап айтқанда: техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Астана қаласында орналасқан жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
– журналистер, атап айтқанда: техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Астана қаласында тікелей бейіндік қызметпен айналысатын журналистер мен БАҚ қызметкерлері (журналистер, корреспонденттер, продюсерлер, беттеушілер, редакторлар, режиссерлер, дыбыс режиссерлері, теле-радио жүргізушілері, фотографтар, телерадио хабарларын тарату жөніндегі инженерлер, графикалық және мультимедиалық дизайнерлер, телерадио хабарларын тарату жөніндегі техниктер, аудио-видео операторлар, телекоммуникациялар жөніндегі монтажерлер, контент менеджері, жарықтандырушы, веб-дизайнерлер, медиа жоспарлау менеджері, медиа талдаушы, SMM маманы);
– Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарының/мекемелерінің бейінді қызметкерлері (жоғарыда көрсетілген салалардағы ұйымдардың қызметкерлерін, оның ішінде техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);
– қызмет саласына қарамастан, Астана қаласында «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 35 жасқа толмаған азаматтар;
– техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Астана қаласы Полиция департаментінің және оның бөлімшелерінің бейінді қызметкерлері;
– техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің және оның бөлімшелерінің бейінді қызметкерлері;
– техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Астана қаласындағы «Қазпошта» АҚ филиалдарының бейінді қызметкерлері.
Қажетті құжаттар тізімі:
- электрондық цифрлық қолтаңба;
- азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (балалардың тууы, неке қию, некені бұзу, некеде тұрмайтын нотариустың анықтамасы/өтініші және т. б.);
- өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшесіне жылжымайтын мүліктің жоғы (бар болуы) туралы egov.kz порталынан анықтама;
- ұйымның фирмалық бланкісінде анықтаманың берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасу және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан анықтама;
- ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес, еңбек өтілін растайтын құжаттар (қызметтік тізімі (кадр қызметімен расталған), еңбек кітапшасының көшірмесі);
- ерлі-зайыптының екеуіне де (жолдасы/жұбайы болған жағдайда) еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
- болған жағдайда: өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жолдасына/жұбайына, балаларына) мүгедектігі туралы анықтама;
- депозитте жинақталған соманы көрсете отырып, «Отбасы банк» АҚ-та депозиттік шоттың болуы туралы анықтама (ерлі-зайыптының екеуінде де бар болса, жинақ сомасы 1,8 млн теңгеден кем болмауы тиіс);
- жұмыс істейтін ерлі-зайыптының екеуінде де соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама (жолдасы (жұбайы) болған жағдайда);
- жоғары немесе арнаулы орта білім туралы құжат;
- мерзімді баспа басылымдарын, ақпарат агенттіктерін және желілік басылымдарды есепке қою немесе қайта есепке қою туралы куәлік («журналистер» саласының азаматтары үшін).
Қатысушыларды іріктеу бойынша талаптар:
Қатысушыларды іріктеу ең жоғарыдан ең төменгі ұпайларды есептеуді пайдалана отырып жүргізіледі:
– таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық 1 жылы үшін – 5 ұпай, таңдалған саладағы жұмыс өтілінің толық емес жылы үшін – 3 ұпай;
– Астана қаласында «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрғандар ретінде өтінім берген азаматтарға жұмыс өтілі 1 жыл – 5 ұпай, жұмыс өтілі толық емес жыл үшін қызмет саласына қарамастан 3 ұпай есептеледі;
– өтініш берушіде немесе жұбайында I, II, III топтағы мүгедектіктің немесе мүгедек балалардың болуы – 10 ұпай. Егер отбасының бірнеше мүшесінде мүгедектік болса, мүгедектігі бар отбасының әрбір мүшесіне ұпай беріледі;
– қатысушылар бірдей ұпай жинаған жағдайда, жасы үлкен қатысушы артықшылыққа ие болады.
Бағдарламаның басталуы туралы ақпарат мекеменің, «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ және «Отбасы банк» АҚ ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Туындаған сұрақтарға жауаптарды қайдан алуға болады?
– Астана қаласының Тұрғын үй орталығы: Республика даңғылы, 32;
– 109 (ұялы телефондар үшін) – iKomek;
– 300 (ұялы телефондар үшін) – «Отбасы банк» АҚ.