ӘлеуметБасты ақпарат

Елорда жастары ертеңіне сенімді

Әділеттілікке ұмтылған жаңғыру арқылы жаңашылдыққа бет түзеген тұста жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналуы тиіс. Жарқын болашаққа бастауда әсіресе, ел астанасының жастарына жүктеле­тін жауапкершілік жоғары. Осы ретте Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат ­Қамбаров жастармен жүйелі жұмысты жолға қойған мекеменің биылғы жылдық қорытындысы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі төңірегінде әңгіме өрбітті.

– Жастар саясаты мәселелері бойынша мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қаншалықты жағдай жасап жатырсыздар?

– Жастар саясаты – кең ауқымды, көпсалалы бағыт. Басқарманың негізгі міндетіне жастардың білім алуы, жұмыспен, тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, шығармашылық әлеуетін дамыту, бос уақытын ұйымдастыру және әлеуметтендіру жатады.

Жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және тарату мақсатында 2021 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ, Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен қаланың 4 ауданында «Жастарға қызмет көрсету орталықтары» жұмыс істейді.

ЖҚКО негізгі мақсаты – жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және жастардың өзекті, өмірлік маңызды мәселелері: жұмыссыздық, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да өзекті мәселелер бойын­ша кеңестер беру.

Орталықта «Отбасы банкі» АҚ, «Жұмыспен қамту орталығы» КММ, «Атамекен» ҰКП, «Астана жастары» КММ және басқа да ұйымдардың қызметкерлері жастардың жоғарыда аталған өзекті мәселелері бойынша кеңес береді. Бұл бағытта 2022 жылы 5000-нан астам адам кеңес алды.

Астана қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрайды. Қаламыз­дағы жастар саны – 232 мыңнан астам адам. Оның ішінде жұмыс істейтін жастардың саны 133,2 мың адамды құрайды

Орталықтардың орналасқан орындарын атап өткен жөн:

– Алматы ауданында – «Встреча» СҮ Абылай хан даңғылы, 31, 2-қабат;

– Байқоңыр ауданында – Алаш тас жолы 34/5, Үлкен Шанхай базары, 1-қабат;

– Есіл ауданында – «Асыл Тау» БК, Алматы 1, 3-қабат;

– Сарыарқа  ауданында – «Джафар» сауда үйі, Бөгенбай батыр, 71, 2-қабат.

– Жастарды толғандыратын негізгі мәселенің бірі – баспана. Қала жастарын тұрғын үймен қамтудағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Дұрыс айтасыз, бүгінде жастарға ғана емес, кез келген тұрғынға қаржы жинап, үй алу оңай емес. Осы орайда жастарымызды жан-жақты қолдау – біздің басты міндетіміз. Тұрғын үймен қамтамасыз етуде жұмыс қала басшылығының қолдауымен биыл да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Мысалы, «Elorda zhastary» жұмыс істейтін жастарға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау былтыр қазан айында басталды. Қазіргі таңда 150 несие берілді.

Балалар мен жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында соңғы 8 жылдан бері қалада «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда қалада «Астана жастары» ЖРО бақылауымен 24 аула клубы жұмыс істейді. Онда 7 мен 29 жас аралығындағы 3100-ге жуық тәрбиеленуші қатысады

Бағдарламаның қысқаша шарттарына тоқталсам:

– Несие сомасы 18 млн теңгеге дейін;

– Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 5%;

– Бастапқы жарна – 10%;

– Несиені қайтару мерзімі – 25 жылға дейін.

Биыл бағдарламаның қай уақытта басталатыны әлі белгісіз, келіссөздер жүргізілуде.

Сондай-ақ үш жыл қатарынан «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Былтыр жұмыс істейтін жастарға 1050 сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға құжаттарды қабылдау жұмыстары 4-13 қараша аралығында жүргізілді. Барлығы 4863 өтінім келіп түсті. Өтінім берген қатысушылар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша, ал пәтерлерді бөлу өтініш берушінің отбасы құрамына сәйкес жүргізілді.

Биыл аталған бағдарлама да жалғасын табатын болады, алайда құжаттарды қабылдау мерзімі әлі де белгісіз.

– Жастарды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Басқарма тарапынан аталған бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Қаладағы жастардың қанша пайызы жұмыссыз?

– Статистика бюросының деректеріне сәйкес, Астана қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрайды. Қаламыздағы жастар саны – 232 мыңнан астам адам. Оның ішінде жұмыс істейтін жастардың саны 133,2 мың адамды құрайды.

Осы уақытқа дейін Жұмыспен қамту орталығына 2538 жас жұмыс іздеп жүгінді. Оның ішінде 1493 адам жұмысқа тартылды. Тұрақты жұмысқа 626 азамат орналасты. Бірқатар бағдарламалар арқылы да жұмыс тапқандар да бар. Олардың ішінде «Жастар практикасы» бойынша – 209, «Әлеуметтік жұмыс орындары» бойынша – 33, «Қоғамдық жұмыстар» бойынша – 606, «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 16 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жаңа бизнес ойларды жүзеге асыруға бағытталған гранттар 3 адамға берілді.

Жоғарыда аталған бағдарламалардың жалақысы жұмысқа орналасқан студенттердің алға қарай ұмтылуына мүмкіндік береді. Мәселен, «Жастар практикасы» жобасы аясында 107 мың теңге, ал «Қоғамдық жұмыстар» жобасы аясында 102 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Бұл жобалармен жұмысқа орналасу арқылы жастар тәжірибе жинап, жұмыс берушіге өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік алады.

Жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және кәсіптік бағдар беру мақсатында жастарға арналған «TIME TO CHANGE «Жастардың кәсіби және жеке дағдыларын дамыту мектебі» жобасы аясында онлайн және офлайн тренингтер өткізіледі. 2015 жылдан бері 9500 адам оқыды. Оның ішіндегі 1185-і  – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, 4029-ы – жұмыссыз жастар, 3871-і – студенттер, 415-і – халықтың әлеуметтік осал топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Тренингтер жұмысқа орналасудағы ішкі кедергілерді жеңу, сұхбаттасу кезінде коммуникативті және өзін-өзі таныстыру дағдыларын меңгеру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шешендік өнер, SMM маманы, жобаны басқару негіздері сияқты тақырыптарда өткізіледі.

Әр тоқсан сайын соңғы курс студенттері, білім беру ұйымдарының түлектері, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген жастар үшін бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. 2022 жылдың басынан бері 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сәтті өтті. Оған елорданың 146-дан астам жұмыс берушілері, 2200-ден астам жастар мен студенттері қатысып, оларға 1800-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылып, оның барысында 195 адам жұмысқа орналастырылды. Бос орындар жәрмеңкесіне «Bilim Way», «Қазақтелеком», «Integra Construction KZ», «Binom Education», «Forte Bank», «Dom Uyut» архитектуралық жобалау бюросы және т.б. жетекші компаниялар мен ұйымдар тартылды.

– Елорданың белсенді жастарының дені «Астана жастары» жастар ресурстық орталығында бас қосады. Бұл орталықтың қызметі қандай?

– «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы 2014 жылдың 7 ақпанында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында құрылып, 14 пен 29 жас аралығындағы жастармен жұмыс істейді.

«Астана жастары» ЖРО жастар саясаты саласында келесі бағыттар бойынша жұмыстарды жүзеге асырады:

  1. NEET санатындағы жастармен жұмыс;
  2. Еріктілер қозғалысын дамыту;
  3. Аула клубтарын дамыту;
  4. Құқықтық көмек көрсету және кадрлық жұмыс;
  5. Жастардың бастамаларын қолдау;
  6. Талдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік жұмыс.

NEET санатындағы жастар үшін «Үздік» және «NS Жас жігер» жобаларында жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және олардың әлеуметтенуіне көмек көрсету шаралары қарастырылған. Жалпы NEET санатындағы жастардың үлесі 7%-ды құрайды.

Балалар мен жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында соңғы 8 жылдан бері қалада «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда қалада «Астана жастары» ЖРО бақылауымен 24 аула клубы жұмыс істейді. Онда 7 мен 29 жас аралығындағы 3100-ге жуық тәрбиеленуші қатысады.

Үйірмелер мен секциялардың жалпы саны – 124. Оның ішінде 68 спорт секциясы, 56 шығармашылық үйірме бар.

Сонымен қатар, орталық дебат ойындары, белсенді волонтерлерге арналған жазғы және қысқы лагерьлер, мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті тұрмыстарын жеңілдету мақсатында түпүлгілер жасау «Мейкатон «TOM: Astana» алаңы, түрлі тимбилдингтер, ойындар мен жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырып, өткізіп тұрады.

– Жастар ұйымдары сөз болғанда еріктілер қозғалысы еріксіз еске түседі. Қоғамдағы ерікті жастардың қызметін қалай бағалайсыз?

– Кез келген адамның бойында қайырымдылыққа, қол ұшын созуға деген қасиет бар. Ал қайырымдылық пен волонтерлік – тұтас бір дүние. Волонтерлік қызметпен еңбектенген баладан еңкейген қарияға дейін кез келген адам айналысады алады. Бұл – бос уақытты тиімді өткізуде өз үлесін қосатын қызмет. Волонтер болуды жүрек қалауымен таңдаған жастар бұл қызметпен айналыспас бұрын «Еріктілер мектебінен» өтеді. Аталған мектепте жас еріктілер әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындалады. Бағдарламада ел тарихын білу, алғашқы медициналық көмек көрсету, әртүрлі елдердің менталитетін зерттеу, жанжалдарды шешу модульдері енгізілген.

Баршамызға мәлім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялап, жас буынға үлкен үміт пен сенім артты. Бұл сенімді жастар толығымен ақтады. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия уақытында қоғамдағы ерікті жастардың қыз­меті айрықша еді. Дәрігерлер, мұғалімдер, БАҚ өкілдерімен қатар ерікті жастар да қауіпті індет ошақтарында бастарын бәйгеге тігіп, қыруар шаруа атқарды. Көпбалалы аналар, қарттар, мүгедек жандар және басқа да көмекке мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық акция­лар ұйымдастырып, азық-түлік себеттері мен дәрі-дәрмектер таратуға атсалысты. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуда. Елордалық еріктілер Полиция басқармасы және Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, газдандыру, жылу беру маусымындағы қауіпсіздік шаралары, көктемгі су тасқыны, шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелері, қаланың қоғамдық орындарында инфекция кезеңінде қорғаныс шаралары, жоғалған адамдарды іздеу мәселелері және т.б. бойын­ша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.

Елордалық еріктілер ЕҚЫҰ Саммиті, ЭКСПО-2017, Дельфий ойындары, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Әлемдік діндер конгресі, велоспорттан UCI әлем чемпионаты, «Астана Аренадағы» футбол матчтары, Паралимпиада жарыстары және т.б. халықаралық іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Сондықтан еңбегіне ақы сұрамайтын, қайырымды, жүрегі кең жастардың еңбегін жоғары бағалаймын.

Айта кету керек, басқарманың ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан «Волонтерлік бастамаларды қолдауға бағытталған шағын грант» жобасы іске асырылуда. Биыл 98 қатысушы арасынан топ жарған 20 жеңімпаз анықталып, оларға 350 мың теңге көлемінде шағын гранттар берілді. Бағдарламалауды оқытатын курстар, турнирлар, қыш өнері, құммен сурет салу сияқты көптеген танымдық жобалар жүргізілуде. Бұл жұмысқа балалар үйлері, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен аз қамтылған отбасылар қамтылуда.

– Жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алатын студенттердің ахуалына тоқталсақ. Олардың жатақханамен қамтылуы жайлы не айтасыз?

– Елордада 14 жоғары оқу орны (ұлттық – 3, жекеменшік – 9, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалы – 1, дербес білім беру ұйымы – 1) бар. Аталған оқу орындарында 63 мың студент оқиды. Оның ішінде 50%-ы – басқа қаладан келген студенттер. Жоғары оқу орындардың теңгерімінде 14426 төсек-орынды құрайтын 36 студенттік жатақхана бар.

Жаңа оқу жылында 1-курс студенттері жатақханамен қамтамасыз етілді. Қалған курс студенттері университтер жанындағы хостелдермен (қонақ үйлер)  келісімшартқа отырды.

Оқу орындарында жатақхана бағасы айына 10-20 мың теңгенің шамасын құрайды. Хостелдердің бағасы – 15-25 мың теңгенің шамасында.

– Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға айрықша ден қойып жатыр. Жастардың кәсібін қолдау, қаржылай көмек беру жағы қалай?

– Ағымдағы жылы жас кәсіпкерлерді мемлекеттік гранттармен қолдау үшін  республикалық бюджеттен 45 млн теңге сомасында қаражат бөлінді. Осыған орай, 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік гранттар беру байқауының қорытындысы бойынша 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлердің 11 жобасы қолдау тапты. Сонымен қатар, 2023 жылы жас кәсіпкерлердің жобаларын мемлекеттік гранттармен қолдау үшін республикалық бюджеттен 45 млн теңге сомасында қаражат қарастырылған

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button