Басты ақпаратҚала мен Сала

«Елорда жастары»: тиімді бағдарлама жалғасады

Астана – жастар қаласы. Бұл сөздің жаны бар, өйткені бүгінгі таңда 16 жастан 35 жасқа дейінгі елордалықтар саны жағынан бәрінен көп болып отыр. Тағдырын бас қаламен тоғыстырған жастар үшін елорда әкімдігі бірқатар жобаларды іске қосқан. Соның бірі – жастардың қолжетімді баспана алуына көмектесетін «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы. Астана қаласы әкімдігі мен «Отбасы банк» осы бағдарламаның қаржылық қорын молайту үшін 1 миллиард теңгеден қаражат бөледі.

Бас қалаға арман қуып келген жастардың бас қайғысы пәтер мәселесі болар?! Ал қала басшылығы жастар үшін бар жағдайды жасап қойған. Астанада үйлі болу үшін қолжетімді бағдарламалар саны жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – «Елорда жастары» ипотекалық бағдарламасы. Бұл – қалалық әкімдік пен «Отбасы банктің» бірлескен жобасы. Баспаналы болғысы келетін астаналық жастар үшін «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Осы туралы банктің Астанадағы филиалының басшысы Жансұлтан Матаев толыққанды мәлімет берді.

– «Елорда жастары» бағдарламасын жүзеге асыруға осыған дейін «Отбасы банк» 2,1 млрд теңге, Астана қаласының әкімдігі жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге қаражат бөлген болатын. Биыл тараптардың әрқайсысы тағы 1 млрд теңгеден бөлмек. Осылайша бағдарламаны қаржыландыруға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 6,6 млрд теңгеге тең болады деп жоспарланып отыр, – дейді банк филиалының басшысы.

Оның айтуынша, бөлінетін ипотекалық несиенің жоғарғы шегі 18 млн теңге шамасында қалмақ.

– Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары «Отбасы банктен» ипотекалық несие алуға жолдама алады. Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілетін тексеріп, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) жеңілдетілген ипотекалық несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елордалық жастарға берілетін ипотекалық несиенің ең жоғарғы сомасы – 18 млн теңге, мерзімі – 25 жылға дейін. Оның көмегімен алғашқы немесе екінші нарықтан, сондай-ақ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-тың кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға болады, – деді Ж.Матаев.

Банк өкілінің және әкімдіктің берген мәліметіне сәйкес, бағдарламаның шарты толық бекітілмеген, негізі өзгеріссіз қалуы тиіс.

«Елорда жастары» бағдарламасын жүзеге асыруға осыған дейін «Отбасы банк» 2,1 млрд теңге, Астана қаласының әкімдігі жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге қаражат бөлген болатын. Биыл тараптардың әрқайсысы тағы 1 млрд теңгеден бөлмек. Осылайша бағдарламаны қаржыландыруға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 6,6 млрд теңгеге тең болады деп жоспарланып отыр

– «Елорда жастары» бағдар­ламасы Астана қаласы әкімдігінің тарапынан жүргізіліп жатқан бағдарламаны қаржыландыруын күтеді. 2023 жылға әкімдік, жоғарыда атап өткенімдей, 1 млрд теңге бөліп отыр, енді банк тарапынан тағы 1 млрд теңге бөлу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал бағдарламаға өтініштерді ­қабылдау наурыз айының басында басталады деп жоспарланып отыр, – дейді банк филиалының басшысы.

Бағдарламаның ­талаптары:

– өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс;

– қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Астана қаласында тұрақты тіркеуі болуы қажет;

– қатысушының «Отбасы банкінде» сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуы тиіс (салымның бар екені туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме);

– соңғы 5 жылда бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі болмауы қажет;

– қатысушының өтініш берген кезінде кемінде соңғы бір жыл ішінде Астана қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады;

– отбасының бір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет, яғни 2023 жылы бұл сома 243402 теңгені құрайды (зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда);

– бағдарламаға ерлі-за­йып­ты­ның біреуі ғана қатыса алады.

«Елорда жастары» ипотекалық бағдарламасына Астана қаласының мемлекеттік қалалық және республикалық мекемелерінің қызметкерлері ғана келесі қызмет салалары бойынша қатыса алады:

денсаулық сақтау (медицина қызметкерлері, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

білім беру (педагог қызметкерлер, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

мәдениет (бейінді қызметкерлер, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

спорт (спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар);

әлеуметтік сала (бейінді қызметкерлер, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

ЖОО және ҒЗИ (оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

журналистер (журналистер, корреспонденттер, продюсерлер, беттеушілер, редакторлар, режиссерлер, дыбыс инженерлері, теле-радио жүргізушілері, фотографтар, телерадио хабарларын тарату инженерлері, графикалық және мультимедия­лық дизайнерлер, телерадио хабарларын тарату техниктері, аудио-бейне операторлары, телекоммуникация монтажерлері, контент-менеджер, сәулелендіруші, веб-дизайнерлер, медиа жоспарлау менеджері, медиа талдаушы, SMM-маман, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарының/мекемелерінің бейінді қызметкерлері (КММ, МКҚК, ШЖҚ МКК, әкімдіктің 100% қатысуымен АҚ және ЖШС);

– қызмет саласына қарамас­тан, Астана қаласында «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған 35 жасқа дейінгі азаматтар.

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері (бейінді қызметкерлер, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда);

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қыз­меткерлері (бейінді қызметкерлер, техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда).

Осы санатқа жататын тұлғаларға тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен ипотекалық несие алуға мүмкіндік беріледі. Жоба бойынша қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы керек.

Ж.Матаевтың айтуынша, осы талаптарға сәйкес келмейтін қатысушылар, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ-та төлем қабілетін растай алмағандар бағдарламаға қатыса алмайды. Ал тұрғын үйді алғашқы немесе екінші нарықтан алуға болады. Таңдалған баспана құны 18 млн теңгеден асатын болса, қатысушылар жетпеген қаражатты өз ақшасы есебінен қоса алады. Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы билік жасайды. Бағдарламаға қатысуға zhilfond.kz сайтында болжам бойынша биылғы нау­рыз айынан бастап өтініштер қабылданады.

Жалпы 2021-2022 жылдар аралығында бағдарламаға қатысуға 1179 адам өтініш берді, оның ішінде төлем қабілетін растаған 184 жас маман баспаналы болды, берілген ипотекалық кредит сомасы – 3,12 млрд теңгеге жуық.

«Елорда жастары» бағдарламасы арқылы бір арманы орындалған астаналық Жанар Бекішова баспананы қалай алғаны туралы айтып берді.

– 2014 жылдан бастап «Отбасы банктегі» шотыма ақша жинай бастадым. Бұл бағдарлама туралы карантин кезінде, 2021 жылы әлеуметтік желіден көріп қалдым. Сол жылы әуелі оңтүстік астанамызда «Алматы жастары» деген бағдарлама шығып жатты. «Шіркін, осындай бағдарлама елордада да болса ғой» деген арман болды. Арманым орындалып, кейіннен біздің қалаға да келді. Құрбымның жетелеуімен осы бағдарламаға қатыстым. 7 күн ішінде бағдарламаға құжат тапсырып үлгеруің керек екен. Өзім С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқытушы болып жұмыс істеймін. Бағдарламаға қатысушылардың ішінде ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері санатына кірдім. Бір қызығы, 2014 жылдан бері жинап жүрген депозиттегі қаражатым бағдарламаға қатысар кезде тура 1,8 миллионға жетіп қалыпты. «Елорда жастары» басталғаннан кейін 1 айдан соң нәтиже шықты. 10 күн ішінде «Отбасы банкіне» барып, сертификатты растау қажет болды. 2021 жылдың желтоқсан айында сертификатымды алып, 2022 жылдың қаңтарынан бастап үй іздей бастадым. Онлайн кезекке тұру қажет. 10 күн уақытым болды. Осы уақыттың ішінде сертификатты растап үлгермесем, ол резервте тұрған келесі адамға көшеді екен. Үй алуға 3 ай уақыт берілді. Сөйтіп, Астанадан 20 миллионға алғашқы нарықтан 3 бөлмелі пәтерімді алдым, – деді Ж.Бекішова.

Аяулым Алтынбек

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button