Елорда жастары ұлттық киім күнін ерекше форматта атап өтті

Бүгін елімізде Ұлттық киім күні атап өтілуде. Наурызнамада белгіленген атаулы күнге орай, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Осы мерекеге орай, Астана қаласының белсенді жастары ерекше челлендж өткізді. Челлендждің басты мақсаты – ұлттық киім кию мәдениетін дәріптеу және оның заманауи өмірмен үйлесімділігін көрсету.
Қатысушылар ұлттық киіммен қала көшелерін аралап, мерекелік көңіл-күй сыйлады, сондай-ақ басқаларды да осы бастамаға қосылуға шақырды.
«Наурыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін мейрам. Ал шапан – қазақ халқының ерекше ұлттық киімі. Ол – қонақжайлықтың, мәрттіктің белгісі. Наурызда шапан кигенде біз тек ұлттық киімімізді ғана емес, ата-бабамыздан қалған бай мәдени мұрамызды да жаңғыртамыз», – деді Астана қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» қанатының Астана қаласы бойынша филиалының басшысы Арсланбек Мағзұм.
«Ұлттық киім – жай киім емес, ол дәстүр, әр ұлттың болмысын айқындайтын мұра. Біз, Қазақстан халқы ассамблеясының жастары, әр этностың дәстүрлері ортақ құндылыққа айналған елде тұратынымызды мақтан тұтамыз», – деді Қазақстан халық Ассамблеясының Астана қаласы бойынша өкілі Лариса Пак.
«Тақия – ұлттың айнасы. Ол домалақ пішінімен киіз үйді еске салады. Киіз үй – бірліктің, тұтастықтың белгісі. Ал тақия – жастықтың, рухтың, намыстың белгісі. Өз болмысыңды ұмытпа. Тақияңды түзе», – деді «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының басшысы Жандос Ақтаев.
Челленджге қатысушылар қазақстандықтарды ұлттық киім күнімен құттықтап, осы ерекше дәстүрді бірге жаңғыртуға шақырды.