Қоғам

Елордада 700-ден астам ұландық алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қоғамдық қауіпсіздік саласы бойынша маңызды оқиға өтті: 700-ден астам жас сарбаз алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Енді олар бас қаланың көшелерінде патрульдік қызмет атқарып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Қызметке кіріспес бұрын жас сарбаздар бір айлық әскери дайындықтан өтіп, әскери тәртіптің негіздерін меңгерді. Қалалық ортада қызмет етудің ерекшеліктерімен танысты және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді үйренді. Азаматтармен  қарым-қатынас жасау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Жас сарбаздар шынайы жағдайларға барынша жақындатылған оқу-жаттығулардан өтіп, жедел әрі батыл шешім қабылдау дағдыларын шыңдады. Елордалық бригаданың штаб бастығы Ержан Әбдіқалықовтың айтуынша, ұландықтардың басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заңдылық пен тәртіпті сақтау.

– Бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр – ол қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сіздердің міндеттеріңіз – адал, тәртіпті болып, әр қала тұрғынына құрметпен қарау, – деп атап өтті Е. Әбдіқалықов.

Негізгі мақсат – тек жедел әрекет ету ғана емес, сонымен қатар құқықбұзушылықтардың алдын алу және елордада тұрақты жағдайды сақтау.

Қазіргі уақытта құқықтық тәртіп әскерлерінің рөлі арта түсуде, өз кезегінде жас сарбаздар да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуға дайын.

Ұлттық ұлан жауынгерлері заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, өз қызметін абыроймен атқаруды жалғастыруда.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button