Ел тынысы

Елордада әскери медиктер біліктілігін арттырды

Астана қаласында орналасқан 5573 әскери бөлімінің базасында Ұлттық ұланның медциналық қызметіне қатысы бар офицерлердің оқу-әдістемелік жиыны өтті деп хабарлады astana-akshamy.kz

Жиын барысында медициналық басқармалардың (қызметтердің), өңірлік қолбасшылықтардың, құрамалардың және әскери бөлімдердің бастықтары, «Бүркіт» арнайы жасақ бөлімшелері және Ұлттық ұлан Академиясының офицерлерімен (дәрігерлерімен) практикалық дайындық жүргізілді. Сонымен қатар 2023 жылғы әскерлердің медициналық қызметінің қорытындысы жасалды.

Оқу-әдістемелік жиында барлығы 15 сабақ өткізілді. Сабақ уақыттарында үш баяндама жасалды, жеті дәріс оқылды. Әскери медицина қызметінің мамандары үшін «Damumed» және Астана қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалының өкілдерінің қатысуымен төрт мәрте көрсетілімдік сабақ ұйымдастырылды. Мұның барлығы офицерлердің біліктілігі мен білімін арттыру үшін жасалған.

– Дәрігерлердің оқу-әдістемелік жиынының алғашқы күні әскери-дәрігерлік комиссия, мемлекеттік сатып алу қызметі туралы сабақ өткізілді. Медициналық мақсаттағы дәрі-дәрмектерді қалай сатып алу керегі жайлы ақпарат берілді. Медициналық қызмет жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтылды. Екінші күні тактикалық медицина бойынша сабақтар өткізілді. Қызыл, жасыл, сары аймақтарда жараланғандарға қалай медициналық көмек жеткізуге болатыны көрсетілді. Ал үшінші күні Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында ату дайындық жаттығуларын орындадық. Мұндай жиындардың пайдасы орасан. Мысалы, жаңа бұйрықтармен немесе бұйрықтарға енгізілген өзгерістермен таныстырады. Пациенттер келген кезде қандай шағымдарға көңіл бөлінуі керектігі және оларды қалай тіркеу жайы да түсіндірілерді. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек сатып алудағы, оларды порталға орналастыру кезеңдеріндегі жаңашылдықтар баяндалады. Өйткені уақыт өткен сайын ескі ақпараттар жаңарып, жаңашылдықтар орын алып жатады, – деді 5513 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы медицина қызметінің майоры Қазыбек Мәлтай.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта әскери медицина қызметіне жақсы жағдай жасалып жатыр. Олардың сөзіне сенсек, кейбір құқықтық актілерге, басшылық құжаттарға оң өзгерістер енгізілуде.

– Біз 5573 әскери бөлімінде бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, саладағы жаңалықтардан хабардар болдық. Жаңадан салынған авиабазадағы медициналық пунктті аралап, онда қолдануға берілетін аппараттармен таныстық. Қызметімізге қатысты кейбір сауалдарға жауап алдық. Бір сөзбен айтқанда, оқу-әдістемелік жиын нәтижелі өтіп жатыр, – деді 5510 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы медицина қызметінің аға лейтенанты Ұлан Ыдырысов.

Оқу-әдістемелік жиынның қорытынды отырысына Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов арнайы қатысты. Ол Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың медицина қызметі мамандарына қатысты талаптарын жеткізді. Сонымен қатар медицина қызметіне қатысты мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолын талқылады.

– Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығы басты назарда болуы керек. Сарбаздардың, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен офицерлердің денсаулығына жауапты тұлға – сіздер. Сондықтан қызмет барысында мұқият, әрі жауапты болыңыздар. Бүгінде дерттің түрі көп. Сондықтан ауру-сырқаудан сақтану, оның алдын алу өзекті болып қала береді, – деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Сонымен қатар Бас қолбасшысының атынан практикалық даярлықты сапалы өткізгені, лауазымдық міндеттерін адал атқарғаны және әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар офицерге алғыс жарияланды. Ал «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінің медициналық қызметінің жеке құрамы жеке құрамды медициналық қамтамасыз етудегі адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін дипломмен марапатталды.

Айта кетейік, әскери бөлім дәрігерлері қызмет орындарына оралған соң оқу-әдістемелік жиында жиған білімдері мен әдістемелерді өздеріне бағынысты орта медицина қызметкерлеріне үйретеді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button