Елорда тынысы

Елордада да өсім бар

Нұр-Сұлтан қаласында барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Экономиканың нақты секторының орнықты дамуының арқасында 2022 жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ 4,4%-ға ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

[smartslider3 slider=2688]

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

Ұлттық экономика минис­трлігінің ақпаратына сәйкес, биылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ға дейін жеделдеді. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты секторда өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, көрсетілетін қызметтер секторында тұрақты динамика байқалады. «Нақты сектордағы өсім 5,9%-ды құрады. Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2,8%-ға дейін артты. Салалар арасында көлік және қоймалау (9,3%-ға өсім), құрылыс (8,6%-ға), сауда (8,0%-ға), сумен жабдықтау (7,7%-ға), өңдеу өнеркәсібі (6,5%-ға), ақпарат және байланыс (6,4%-ға), тау-кен өнеркәсібі (6,1%-ға), ауыл шаруашылығы (1,8%-ға) оң өсім көрсетіп отыр» деп атап өтті Ә.Қуантыров.

Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5%-ға өсті. Барлық өңірде оң өсім тіркелді. Ең көп өсім Алматы қаласында (18,0%-ға өсу), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан (14,4%-ға) және Атырау облыс­тарында (14,3%-ға) байқалады. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өндіріс тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,1%-ға, газ өндіруде 8,2%-ға, шикі мұнай өндіруде 7,6%-ға, басқа да пайдалы қазбаларды өндіруде 6,3%-ға, металл кендері мен көмір өндіруде 1,9%-ға ұлғайды. Тұрғын үйді пайдалануға берудің өсу қарқыны 7,7 п.т. жақсарды. Барлығы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы қаңтар-наурыздағы көрсеткіштен 0,4%-ға жоғары.

Әлихан Смайылов экономиканың нақты секторының орнықты дамуының арқасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ 4,4%-ға өскенін атап өтті. «Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында және елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Ал Ақтөбе, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында екі көрсеткіш бойынша теріс нәтиже тіркелген. Қалған өңірлер жұмысты жандандыруы тиіс» деді Премьер-министр. Ә.Смайыловтың айтуынша, жалпы алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсері барынша азайтылды. Алайда бұл жұмыстарды жалғастырған жөн. Себебі бізбен көршілес елдердің экономикасына санкциялардың ықпалы күшейе түсуде.

Сонымен қатар Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру. Наурыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі жылдық инфляцияның деңгейі 12%-ды құрады. Оған біздің сауда жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемде азық-түлік бағасының қымбаттауы тікелей әсер етті. «Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауы тиіс» деді Ә.Смайылов.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button