Басты ақпарат

ЕЛОРДАДА ЕҢСЕЛІ МЕШІТ ЕСІГІН АШТЫ

Алланың Астанадағы ақ үйін ашу салтанатына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын бас шаһарда жаңа мешіт салу мәселесінің күн тәртібіне қойылуы мақсаттан туған бастама болатын. Осыған орай, 2009 жылдың 29 маусымында Президенттің тапсырмасымен болашақ ғажайып ғибадатхананың үлгісі жасалып, құрылыс орны белгіленгені есімізде. Арада бір жыл өтер-өтпестен-ақ нысанның алғашқы қазығы қағылды, іргетасы қаланды. Кейінірек Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша бас мешітке шығыстың ұлы ойшылы, ақыны әрі философы Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне «Әзірет Сұлтан» атауы берілді. Енді, міне, елорда күнін еліміз мерекелеп жатқан күні Астананың бел ортасында ағып жатқан Есілдің оң жағалауынан елімізде теңдесі жоқ мешіт исі мұсылманға есігін айқара ашты.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы 7 желтоқсанда Елбасы мешітті салу барысымен танысып, оның ашылу рәсімін 2012 жылдың 6 шілдесінде – елорда күнін мерекелеу аясында өткізуге тапсырма берген еді. Кешегі өткен Астана тойының айшықты сәті де сол болды. Қасиетті жұма күніне орайлас келген салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Астана күні айтулы уақиғамен басталғанын жеткізіп, нысанның маңыздылығына тоқталды.

«Елордада еңселі, үлкен бір мешіт ашылып отыр. Осы жарқын жаңалықпен және Астана күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Төрт мұнаралы сәнді және сәулетті зәулім мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар. Мешіттің Тәуелсіздік даңғылында, Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайларының ортасында орналасуының да мәні бар. Бүгінгі оқиға – еліміздің имандылыққа бет бұрып, жамағаттың көбеюінің айғағы.

Адамгершілікке шақырып, ізгілікке үндейтін мешіт санының артуы дінмен бірге қоғамның да діңгегін нығайтады. Сондықтан, асыл дінімізге қолдау көрсету – біздің елдік парызымыз. Бұл еліміздегі ең үлкен мешіт болып саналады. Айт намазын он мың адамға дейін оқи алатын орасан зор мешіт енді екі апта қалған ораза айы қарсаңында тамаша тарту болды деп ойлаймыз. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін, ағайын!» деді Елбасы.

Мемлекет басшысы сонымен қатар мұсылмандарды имандылыққа шақыратын Алла үйінің бүгінгі қоғамдағы салмағын, төл дініміздің артықшылығы мен ақиқатын әңгімеледі: «Мешіт қашаннан да ілім мен білім, тәрбие мен тағылым, иман ордасы болып саналады. Қасиетті хадисте «Әр мұсылман тал бесіктен жер бесікке жеткенше білім іздесін» делінген. Ислам ешқашан ғылымға қарсы болмай, қайта талай жаңалықтың ашылуына ықпал еткені мәлім.

Ғасырлар бойы әдет-ғұрпымызбен үндескен Исламда адам болмысына жат ешқандай ұстаным жоқ. Хақ дініміз – барша адамзатқа жіберілген бірліктің діні. Қазіргі уақыт діннің сауатты түрде өркениетпен ұштасуын талап етеді. Біз осыны қолдаймыз. «Әзірет Сұлтан» тек құлшылық орны ғана емес, бұл мешітте кітапхана, білім алуға арналған дәрісханалар бар.

Яғни, жаңа мешіт ірі рухани және мәдени-ағартушылық орталығы болады деген сөз. Біз – әлемдік дін басшыларының төрт съезін Астанада өткізген елміз. Құран сөзіне адалдық танытып келеміз. Ислам ынтымақтастығы ұйымының төрағасы ретінде еліміз күллі үммет мүддесіне лайықты жол іздестіріп жүр».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Ұлы Абайдың «Адамның баласы – бауырың» деген сөзіне сай табиғатынан толерантты халықпыз. Пайғамбарымыз да дінде шектен шықпау абзал деп үгіттеген. «Ендеше, біз сол үлгілі үрдістерден айнымайық. Біз Тәуелсіздікті жариялағаннан  кейін құлап бара жатқан дінімізді қайтадан тік тұрғыздық. 3 мыңға жақын мешіт жұмыс істейді. Мешітке көп халық, әсіресе, жастар баратын болды. Имандылыққа бет бұрып, елінің бірлігін, халқымыздың болашағын бірге тілесек, тілегіміз орындалады. «Әзірет Сұлтан» мешіті халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет етеді деп сенемін» деп, сөзін жалғады Мемлекет басшысы..

Тәуелсіздік даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің қиылысында, Бейбітшілік және келісім сарайының, Тәуелсіздік сарайы мен «Қазақ Елі» монументінің жанында орналасқан мешітте бір мезгілде бес мың адамға дейін, ал мұсылман  мерекелерінде он мың адамға дейін құлшылық етіп, намаз оқи алады. Нысанның ішкі бөліктері исламның классикалық үлгісі, сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен сәндік элементтері негізінде әрленіп, безендірілген.

Қабырға өрнектері Қасиетті Құран аяттары мен Мұхаммед Пайғамбардың хадистерінен алынған жазулардан тұрады. Осы уақытқа дейін мәлімдегеніміздей, ғимараттың жалпы ауданы – 17 700 шаршы метр. Үш қабаттан тұратын мешітте ғибадатханалар, неке қию рәсімін өткізуге арналған бөлмелер, Құран оқуға арналған залдар, мейрамхана, ас бөлмесі, ерлерге арналған – 4 мың адамдық, әйелдерге арналған 1 мың орындық намаз оқу залдары, имам, азаншы және наиб имам бөлмелері, кітапхана, жалпы саны 130 адамға арналған бес дәрісхана бар. Құлшылық мекені қазіргі әлемдік сәулет өнерінің барлық талаптарына сай салынған. Оның сәулетін классикалық үлгідегі көп деңгейлі күрделі құрылыс ретінде бағалауға болады. 1860 шаршы метрді құрайтын вестибюль ау- даны өзінің ауқымдылығымен қызықтырады. Ғимараттың вес- тибюль күмбезінің диаметрі 15,2 метрді құрайды. Ал мешіттің бас күмбезінің биіктігі 51 метр болса, диаметрі – 28 метр. Оны жиектеуші күмбездер саны 8 болса, олардың диаметрлері – 10,45 және 7,6 метр, ал биіктіктері сәйкесінше – 33, 46 және 25,25 метр. Мешітті төрт мұнара толықтыра түседі. Олардың әрқайсысының биіктігі – 77 метр. Ал табиғи материалдардан жасалған алып қақпалар онсыз да зор мешітті одан әрі асқақтата түседі.

Жаңа құлшылық орнын тамашалап, осында алғашқы жұма намазын оқыған мұсылман қауым мешіттен, расында, ұлттығымыздың келбетіне тән ғажап сұлулықты,
бірегей әсемдікті таныды. Осы күні мешітте имандылыққа үндейтін алғашқы уағыздар айтылып, жұма намазы оқылды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button