Басты ақпаратҚоғам

Елордада есірткімен күрес қалай жүреді?

Астана қаласында құзырлы органдар есірткіге қарсы күресті жүйелі түрде жүргізіп, ауқымды жұмыс атқаруда. Қырағылықты бір сәт те естен шығаруға болмайтын аса қатерлі қоғам дертінен көпшілікті сақтау – маңызды міндет. Осы турасында елордада Астана қаласы ПД есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы жергілікті таксопарк өкілдері және үкіметтік емес ұйымдармен кездесу өткізіп, қалада нашақорлықтың алдын алу жайында әңгіме өрбітті.

Соңғы уақытта ақпарат ағыны есірткі саудасының түрленіп жатқаны туралы жаңалықтарға толып барады. Оның салдары нашақорлықтың күн өткен сайын жасарып, жас ұрпақтың синтетикалық есірткіге тәуелділігін тудыруда. Бұдан басқа, нашақорлар тарапынан такси жүргізушілеріне шабуыл жасау фактілері де көбейді.

Астана қаласы Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиных бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін ашып айтты.

«Такси немесе қоғамдық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі мәселесі – бұл, ең алдымен, қала азаматтарының қауіпсіздігі. Соңғы кездері әлеуметтік желілер арқылы жүргізушілер психотропты заттардың заңсыз айналымына қатысы бар, өз мінез-құлқына жауап бере алмайтын тұрғындарды бейнеге түсіріп, үндеу жіберуді жиілетті. Жолаушылар тасымалымен такси жүргізушілерінің тыйым салынған заттарды сатып жүрген жағдайлары да тіркелді.

Жасыратыны жоқ, әлемде ай сайын есірткінің жаңа бір түрі пайда болып жатады. Қазір қолдануға бірінші кезекте «синтетика» шығып, оның өзі түрленіп, қауіпті күшейте түсуде. Қалада есірткі ахуалына жүргізілген талдау негізінде каннабис тобы мен апиын тектес «дәстүрлі» есірткілердің тапшылығы синтетикалық есірткі құралдарының, сондай-ақ олардың баламаларының таралуына сұраныс туғызды. Әсіресе жастар арасында мұндай жайт көп. Елордада өткен жылы есепке 14 жасар жеткіншектің алынғанын айтудың өзі жанды ауыртады.

Тағы бір жайт, бұрын нашақорлар тек тамырына егу арқылы өзіне «ләззат» алатын еді. Қазір иіскеп те, жалап та, көзіне, мұрнына тамызып та, шегіп те – түрлі жолмен құмарын қандыратындардың саны артты» деп түсіндірді ол.

Былтыр Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткінің таралмауына дендеп күш салу керегін қатаң тапсырды. Осы мақсатта елорда аумағында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөнінде 2023-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» кешенді жоспары іске асырылуда. Осының аясында таксопарк аумағында жүргізушілер нашақорлар еместігін дәлелдеп, тест сараптамасынан өтуі тиіс. Бұған дейін есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы автокөлік жүргізушілерін тексерістен өткізіп, жүргізілген бір рейдте 4 автобус жүргізушісінің есірткіге қатысы бары анықталды.

Басқарма Психикалық денсаулық орталығымен меморандум орнатып, жиында таксопарк жүргізушілерін тестілеуден өткізу туралы ұсыныс тасталды. Мұндай сынақтаманың бағасы 3740 теңгені құрайды. Сондай-ақ екі аптаға дейін адамның есірткі қолданғанын көрсететін жедел сынақтамалар бар. Ол үшін құны 33000 теңгелік анализді тапсыруға болады.

Есірткімен күресте тек бір құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуеті аздық етеді. Полиция подполковнигі Сергей ­Сергеевичтің айтуынша, қоғамдық тәртіп сақшыларына еріктілер үнемі қол ұшын созады. Жыл бойы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы тұрғын үй қабырғаларындағы жазуларды бояудан бастап, есірткі жарнамасын анықтауға дейін көмек көрсетіп, жастар арасында психотропты заттардың алдын алу және насихаттау жұмысымен айналысты.

Кездесуде сөз болған ендігі мәселе – есірткіні жасырын, бүркемелеп насихаттауға тырысатын көше жарнамалары. Нашақорлардың көбейе түсуіне есірткіні таратушы мен сатушылардың, насихаттаушылардың үлесі мол. Олар билборд, пилон сияқты жарнама құрылғыларын да, граффити сызбаларды да астыртын пайдаланып, «ұн, «тұз», «кір жуу ұнтағын» сатамыз» деп жалған жарнама беретіні анықталып отыр. Аталмыш әрекеттер үшін жарнама берушілер 2019 жылдан бері 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Астана қаласында осындай күмәнді жұмыс жүргізіп, есірткі насихатымен айналысқан 75 сайт иесінің үстінен қыл­мыстық іс қозғалды.

– Граффити сызбаларын жасаушылар әдетте сол аймақтың тұрғыны болып жатады. Олар қанша көрінбегісі келіп, айла-шарғыға салғанмен, сандық технологияның дамуына байланысты біздің де қадағалау мүмкіндіктеріміз күшейіп келеді. «Сергек» бейнебақылау жүйесін пайдаланамыз. Кез келген дүкен мен ПИК аймағында қойылған ішкі камералардың да пайдасы тиіп жатады. Нәтижесінде былтыр елордада жасырын жарнамамен айналысқан 22 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді С.Ильиных.

Басқарма бастығы адам­дарға мессенджер арқылы «табысы жоғары жұмысқа орналастыру жөнінде» хабарландыру жіберушілер де кездесіп қалатынын жеткізді. Міне, осы бағытта «Крыша», «OLX» сияқты жекеменшік хабарландыру беретін ақпараттық компаниялармен мұндай хабарландыруды бірден бұғаттап, жолын кесу жөнінде меморандумға қол қойылды.

Кейінгі кезде арам пиғыл­дылар Telegram-арнасын пәрменді пайдалануға көшіпті. Олар да IP-мекенжайы бойынша анықталып, бұғатталады.

Нашақорлыққа қарсы кү­ресте қылмыстық заңнаманы түбегейлі қатаңдату мен жазалау шараларын күшейту қажеттілігі көбірек айтылып жүр. Дегенмен елімізде ауыр, аса ауыр қылмыс ретінде қарас­тырылатын іске қатысты заң қатаң. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандарға есірткі сатқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Сондықтан қоғам дертімен күресте қырағылық әркімге аса қажет.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button