Руханият

Елордада «Отбасы берекесі» кітабының таныстырылымы өтті

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазының «Отбасы берекесі» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Отан отбасынан басталады», «Отбасы берекесі махаббатта», «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін…» атты үш бөлімнен тұратын аталмыш кітапта автор өз өмірі мен тәжірибесіне сүйеніп, отбасы құндылықтары жайлы ой-тұжырымдарын топтастырған. Жастарға отбасы құрудың жауапкершілігін, оның берекесі мен бекемдігін сақтаудың жолын көрсететін еңбекте өзекті мәселелер заман ағымына сай қозғалады.

«Ең алғаш қолыма қаламды Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының әкімі кезімде алып, «Керегем, саған айтам» деген мақала жаздым. Сол уақытта кейбір отбасыларда, ұжымдарда, басшылардың арасында ұлтымыздың құндылығына қайшы келетін жағдайлар кездесіп, қалам тербеуге тура келді. Мұны әкім емес, қазақтың әйелі ретінде жаздым. Бұл тақырыпты кейіннен қандай қызмет істесем де қозғадым. Зейнетке шыққан соң екі тақырып таңдап алдым. Біріншісі, «Тіл құбылысының ұлттық маңыздылығы, мемлекеттік мәртебесі», екіншісі, «Отбасы берекесі». Ал бұл кітапта 1993 жылдан бері айтып жүргенім жинақталды. Оны жазудағы мақсатым бір қазақтың отбасына болса да пайда тигізу» деді Оразкүл Асанғазы.

Оның айтуынша, Кеңес одағы кезінде ұлттық психология зерттелмеді. Ол уақытта кеңес психологиясы ғана болып, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп айтқандары мен жазғандары қалып қойды. «Отбасы берекесі» қазақ фольклорынан, аттары аталған, басқа да данышпандарымыздың мұраларынан тамыр тартады.

Кітап таныстырылымын Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жүргізді.

«Біздің заманымызда ұлттық тәрбие мен жаһандану бетпе-бет келді. Сондықтан Оразкүл Асанғазының кітаптарындай кітаптар көп шықса, тоқитын сана болса кеткен есемізді қайтарамыз. Бұл кітаптың міндетінің өзі – қазақты қазақ қылу, есесін қайтару, өткенді тірілту» деді ол.

Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов бұл кітап ең алдымен жастарға керектігін атап өтті.

«Автор ене болу, келін болу не екенін, күйеуге деген құрметтің қандай болу керектігін ұқтырып, балалар тәрбиесі мәселелерін, жалпы алғанда отбасы өміріне қатысты барлығын да осы кітапта тәптіштеп, үлкен ізденіспен жазған. Бір демде оқылатын, жастарға үлгі-өнеге көрсететін кітап екен. Мен оны бастан-аяқ оқып шығып, риза болдым» деді ғалым.

Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Ақымбеков «Біз кімбіз? Не үшін жаралдық?», «Отбасын құру – жауапкершілік», «Қыз – өскен үйінде қонақ», «Махаббатың сипаттары», т.б. осы сияқты кітаптағы тақырыптар автордың өмірлік мектебінің белесінен алынғанын айта келе, кітапты мектептерге, оқу орындарына тарату керектігін атап өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Светлана Жалмағамбетова аталған кітап отбасы мүшелерін, яғни ер азамат пен әйелді өз орынына қоятынын айтты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов автор бұл еңбекті этнопедагогика, психофизиология, психосоматика, жаратылыстану философия секілді бірнеше іліммен байланыстырғанын атап өтіп, сол тұрғыдан тарқатты.

Академик Кәрімбек Құрманәлиев бұл кітапты Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына қосымша еңбек, хрестоматия ретінде енгізуді ұсынды. Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Сайлау Батыршаұлы аталған кітап ЛГБТ секілді қозғалыстарға соққы беретінін айтты.

Іс-шара күймен әрленіп, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің дирижері, күйші-композитор, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов Сүгірдің «Шалқымасын» шалқытты.

  Аманғали Қалжанов  

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button