Қала тіршілігі

Елордада қала тазалығының сақталуын қадағалауға қатысты кезекті рейд өтті

Астана қаласы Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Астана Эко-полигон НС» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметкерлері және тәртіп сақшылары қала тазалығының сақталуын қадағалауға қатысты кезекті рейд өткізіп, біраз заң бұзушылық деректерін анықтады.

DSC_2148 (1)

Арнайы мамандардан құралған жұмыс тобы әуелі Мағжан Жұмабаев және А 97 көшесі қиылысындағы жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандары­на табан тіреді. Бұл жерден де сол үйреншікті үрдіс – тау болып үйілген құрылыс қалдықтары, кілкіген суға толы аула мен ми батпақты тізеден кешіп жүрген құрылысшыларға куә болдық. Яғни, ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған. Керек болса, маңайдан қоқыс тастайтын арнайы жәшіктер де жоқ болып шықты.

Көп ұзамай Экология департаментінің мамандары құрылысқа жауапты мер­дігерлерді анықтап та үлгерді. Бұл жерде мемлекеттік бағдарлама бо­йынша бері­летін үйлер бой көтеруі тиіс екен. Құрылыс жұмыстарын «Феррум» және «Номад-строй» компаниялары жүргізіп жатыр. Ал ішкі абаттандыру және инженерлік жүйе жұмыстары «Сары жайлау» фирмасына жүктеліпті. «Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл компаниялардың ешқайсысы да санитарлық талаптарды сақтап отырған жоқ. Құрылыс қалдықтары мен инертті заттарды қалай болса солай төге берген. Заң бойынша мұндай құрылыс қалдықтарының барлығы арнайы полигонға төгілуі тиіс. Қоршау да тартылмаған. Құрылыс аумағына кіріп-шығатын жолдардың ешқайсысына тас төселмегендіктен, маңайдың барлығы балшықпен былғанып жатыр. Тексеру барысында анықталған жайттар бойынша хаттама жасалып, үш компанияның басшылығын әкімшілік жазаға тартамыз. Дер кезінде қоқысты тазартып, жол­дарға тас төсету туралы Құрылыс басқармасына талап-хат түсіреміз» деді Алматы аудандық ІІБ Табиғатты қорғау полициясының инспекторы Владимир Колягин.

Санитарлық талаптарға атүсті қараған бұл компаниялар бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынған екен. Маңайды қоқыстан тазартып, құрылыс жұмыстарын заңға сәйкес жүргізу туралы ескерту берілген. Алайда, еш нәтиже шықпай отыр.

Рейд барысында аумағын қоқыс төге­тін шағын  полигонға айналдырып ал­ған тағы бірнеше дерек анықталды. Мә­се­лен, Оңтүстік-шығыс ауданындағы Бал­қан­тау көшесі бойында орналасқан Техникалық қызмет көрсету орталығының жұмысшылары ескі көлік қалдықтарын нысан аумағына үйе берген. Нәтижесінде ТҚС артындағы алаңқайдағы үйінділер кішігірім тауға айналуға шақ қалған.

Тәртіп сақшылары бұл жерде бір емес, бірнеше заң бұзушылық болғанын айтады. Біріншіден, кәсіпкердің бизнесі заңсыз болып шықты. Яғни, тіркелмеген. Екіншіден, сыртқы көрінісі құрылыс-сәулет талаптарына сай емес. Үшіншіден, нысанның маңайы қоқыстан көз ашпайды. Шыққан қатты қалдықтар мен техника бөлшектерін аула артына апарып төге береді. Анықталған фактілер бойынша хаттама толтырылып, тәртіп бұзған кәсіпкерге 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Айтпақшы, бұл нысанға да санитарлық талаптарды орындамағаны үшін бұған дейін бірнеше рет айыппұл салыныпты. Сонымен қатар, бірнеше заңсыз мақсатта пайдаланылып отырған жер учаскесін заңдастырып алу туралы ұсыныс та берілген. Алайда учаске иесі бұл ұсыныстарға пысқырып та қарамаған. Болмаған соң тәртіп сақшылары ірі көлемде айыппұл салып, ісін сотқа жібереді. Осыдан соң соттың шешімімен заңсыз табыс тауып отырған нысанды сүріп тастау туралы қаулы шыққан. Бірақ сот шешімі әлі орындалмай отыр.

«Астана Эко-Полигон НС» ЖШС ди­рек­торының орынбасары Дулат Өс­кен­баевтың айтуынша, бүгінде қала­мызда ресми тіркеуде тұрған 800 мыңнан астам адамның тек 600 мыңы тазарту мекемелерімен шарт жасасқан екен. «Яғни, 200 мыңдай адам қоқысқа ақша төлемейді. Түсетін ақша мен жұмсалатын қаржының есебі келмейді. Осындай себептермен тазарту мекемелерінің берешегі көбейіп жатыр» дейді ол.

 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button