ЖаңалықтарҚала мен Сала

Елордада қант қымбаттап, орамжапырақ арзандады

«Астана ақшамы» газеті елорда базарлары мен дүкендеріндегі азық-түлік бағасына мониторинг жасауды жалғастыруда. Сондай-ақ, біз халық көп тұтынатын өнімдердің жыл басынан бері қанша теңгеге арзандағанын я қымбаттағанын да анықтауға тырыстық.

05

Байқағанымыз, қаланың әр түкпірінде сатылатын тауарлар бағасындағы айырмашылық кә­дімгідей үлкен екен. Мәселен, бірінші сортты «Цесна» ұнының келісі – «Рамстор» супермаркетінде 184 теңге. «Апрель», «Small», «5 минут», «Астықжан» дүкен­деріндегі баға да осы шамалас, яғни, 170-199 теңге аралығында. Мұны қымбатсынсаңыз, «Ан­варға» бас сұқсаңыз болады. Онда «Цесна» ұнын 145 теңгеге сатып ала аласыз. Ал «Шапағат» базарына барсаңыз, мүлде арзанға – небәрі 97 теңгеге табасыз.
Осыған ұқсас жағдай күріш саудасына да тиесілі. Атышулы «Ақмаржанның» келісін 403 теңгеге «Рамстордан» немесе 199 теңгеге «5 минут» дүкенінен алуыңызға болады. «Сұлтан» макарон өнім­дерінің бағасы да біркелкі емес. Оның келісі «Рамсторда» – 292 теңгеге, «Анварда» – 390 теңгеге, «5 минутта» – 410 теңгеге, «Сто­личный рынок» пен «Әлем» базарларында – 400 теңгеге, «Ша­пағатта» – 155 теңгеге, «Астық­жанда» 80 теңгеге баға­ланып тұр. Көріп отыр­ғандары­ңыздай, айырмашылық 5 еседен де көп.
Қант бағасы да әзірге тұрақты. Дәлірек айтсақ, «Рамсторда» – 290 теңге, «Small» дүкенінде – 275 теңге, «Анварда» – 280 теңге, «5 минутта» – 284 теңге, «Астық­жанда» – 299 теңге, «Шапағатта» – 280 теңге.Өкінішке қарай, көкөніс өнімдері туралы да осындай қорытынды шығара алмаймыз. Өйткені, қара базардағыға қарағанда дүкен сөрелерінде саты­латын көкөністің бағасы әлдеқайда жоғары екені даусыз. Мысалы, орамжапырақтың келісі «Small» дүкенінде 165 теңге болса, «Шапағатта» – 65 теңге. Сол сықылды пияз «Рамсторда» – 135 теңге, «Анварда» – 97 теңге, «Шапағатта» – 75 теңге. Бірақ картоптың бағасы олардың жанында жақсы екен. Оны «Анварда» – 75 теңгеге, «5 минутта» – 80 теңгеге, «Шапағатта» 65 теңгеге сатып алуға болады.
Мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері қай өнімнің бағасы қаншалықты өзгергенін тек­серуге мүмкіндік туды. Талдау қорытындысында 8 айдың ішінде ұнтақ жармасы – 37,9 пайызға, сұлы жармасы – 45,3 пайызға, нан – 24,8 пайызға, пияз – 25 пайызға, сәбіз – 35,7 пайызға, қант – 38,6 пайызға, шай – 38,3 пайызға қымбаттағаны, ал орамжапырақ 12,5 пайызға арзандағаны белгілі болды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button