Елорда тынысы

Елордада қысқы спорт маусымы шаңғы фестивалімен аяқталады

Астанада қысқы спорт маусымы «Бұрқасын 2024» атты дәстүрлі шаңғы фестивалімен аяқталады, деп хабарлайды  astana-akshamy.kz Астана қаласының коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Елордада шаңғы мерекесі алғаш рет 2000 жылы өткізілді. Жылдан жылға осы спорттық дәстүр қаладағы қысқы маусымдағы іс-шаралардың бір бөлігіне айналды. Биылғы жарыс 24 ақпанда амфитеатр жанында «Есіл» өзенінің жағалауында өтеді. Іс-шара жыл сайынғы қысқы фестиваль бағдарламасы аясында спорттың 10 түрін қамтиды.  Олар: шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі, белбеу күресі, арқан тартыс, пималы хоккей, нысананы дәлдеп ату, автоспорт, мотоспорт, қысқы футбол. Аталған жарысқа жас топтарына сәйкес және спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдері жоқ барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Әр жас тобындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде Елордада қысқы спорт маусымы мен дәстүрлі  «Бұрқасын-2024» шаңғы фестивалі туралы өткен брифингте Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Корбозов пен  «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ басшысы Бахтияр Масанов айтты.

Астанадағы шаңғыроллер тас жолында қысқы спорт маусымы салтанатты түрде шаңғы жарысымен ашылған болатын. Оған 500-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Қатысушылар шаңғы тебу, гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс және белбеу күресінде бақ сынады. Астанада соңғы жылдары шаңғы спорты кең өріс алған. Бұған дәлел спорттық іс-шараға қатысушылардың саны жыл сайын артуында.

Қалада қысқы дрифт бойынша жарыс үш кезеңге бөлініп, күнтізбеге сәйкес өтіп отырады. Бұл сайыста көлік жүргізушісінің жылдамдығы мен шеберлігі сынға түседі. Сонымен қатар, Астанадағы бес ауданда балаларға арналған «Көңілді старт» атты эстафеталық жарыс жиі ұйымдастырылып тұрады. Іс- шараның мақсаты – салауатты өмір салтын ұстану мен қатар аудан балаларына коньки тебуді үйрету. Сондай-ақ, астананың триатлон саябағында қысқы жүгіруден жарыс өтті. Жарысқа шамамен 250-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. «Qysqy jugiru» жарысының негізгі қашықтығы 10  шақырымды құрады.

Қалалық саябақтың аумағында орналасқан шаңғы-роллерлік тас жолында әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, денсаулық сақтау, білім беру қызметкерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, студенттер арасында қалалық спартакиада және басқа да көптеген спорттық іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Соның бірі 14 ақпан күні елордадағы шаңғы-роллерлік трассада ҚР Қорғаныс Министрлігі, Қарулы Күштер Бас штабы Орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелері мен бас басқармалары арасында  шаңғы жарысы бойынша чемпионат өтеді. Ал 17 ақпан күні ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің қызметкерлері арасында шаңғыдан жарыс өтеді деп жоспарлануда.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button