Қоғам

Елордада STEM олимпиадасы өтті

Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы және №105 орта мектептің ұйымдастыруымен тұңғыш рет информатика, физика және көркем еңбек пәні мұғалімдеріне арналған қалалық «STEM олимпиадасы» өтті. Білім сайысының басты мақсаты – мұғалімдердің STEM саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, тәжірибе алмасу және білім беру үдерісіне инновациялық әдістерді енгізуге ынталандыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Олимпиадаға білім беру ұйымдары педагогтерінен құралған 30 команда қатысты. Сайыс STEM, ИНТЕЛЛЕКТУМ, ИНЖЕНЕРИЯ, ЖОБАЛАРДЫ ҚОРҒАУ сияқты төрт кезеңнен тұрды.

Командалар математика, физика, информатика және көркем еңбек пәндері бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, логикалық тапсырмалар, инженерлік және шығармашылық дағдыларын көрсетіп, берілген құралдармен тапсырмаларды орындады. Алдын ала дайындалған жобаларын ұсынып, олардың тиімділігі мен жаңашылдығын қорғады.

Аталған шара мұғалімдердің зияткерлік әлеуетін дамытып қана қоймай, олардың шығармашылық және техникалық дағдыларын шыңдауға үлкен мүмкіндік берді. Олимпиаданың атмосферасы ерекше ынтымақтастық пен бәсекелестік рухында өтті, ал қатысушылар өздерінің кәсіби шеберліктерін жаңа деңгейге көтеруге талпынды.

Олимпиада қорытындысы бойынша І орынды №26 мектеп-гимназиясы иеленсе, ІІ орынды №105 орта мектеп, Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы №85 мектеп, Ыбырай Алтынсарин атындағы BINOM мектебі жеңіп алды. ІІІ орын тұғырына Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицей, Экономикалық лицей, Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектебі, №99 орта мектеп, Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясы педагогтері көтерілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және кубоктармен марапатталды. Сондай-ақ, олимпиадаға қатысқан барлық мұғалімдерге сертификаттар табысталды.

«STEM олимпиадасы» Астана қаласы мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуына және STEM бағытында жаңа идеялар әзірлеуге мүмкіндік берді. Осындай іс-шаралар болашақта да мұғалімдердің кәсіби дамуына ықпал ететіні сөзсіз. STEM олимпиадасының алғашқы рет ұйымдастырылуы оның маңыздылығын айқындап, білім беру жүйесінде жаңашылдыққа жол ашатынын көрсетті. Бұл сайыс мұғалімдер үшін өздерінің білім мен дағдыларын көрсетуге, жаңа әдістемелерді игеруге және келешек ұрпақты оқытуға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін алаң болды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button