Басты ақпарат

Елордада – тағы бір жаңа мектеп

1 қыркүйекте елордадағы 105 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 160 мың оқушы үшін сабақ басталды. Олардың 18 мыңы мектепке алғаш рет барды. Ал бас қалада жаңадан бой көтерген №85 мектеп-лице­йіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып, балаларды Білім күнімен құттықтады.

– Білім күні Астанадағы 1200 орынға шақталған жаңа білім ошағы ашылды. Бүгінде республика бойынша 181 мектеп салынып жатыр. 23 мектептің құрылысы аяқталып, алғашқы оқушыларын қабылдады. Қазақстан бо­йынша 7 мыңнан астам білім ордасы 3 миллион оқушыға есік ашты. Соның 350 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы XXI ғасырдағы жо­ғары технологиялық әлемде ілім-білім инновацияның кілті және еліміздің дамуының басты ресурсы саналатынын айтып, мемлекетіміз білім беру саласына зор мән беріп отырғанына тоқталды.
Мемлекет басшысы функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу қажеттілігін атап өтіп, оқушылардың қазіргі жағдайда алған білімдері мен машықтарын тәжірибеде қолдана алуға тиіс екеніне назар аударды. Бұл ұстаздардың біліктілігі мен кәсібилігінің жоғары деңгейде болуын талап етеді.
– Мемлекет педагогтарды даярлау, білім саласындағы еңбекақы жүйесін жетілдіру жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы оқу жылынан бастап аттестациядан өткен мұғалімдердің жалақысы жаңа жүйе бойынша 30-50 пайызға артады, – деді ел Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев заманауи технология дәуірі мен Қазақстанның үшінші жаңғыруының талаптары
балаларға сапалы білім беріп, олардың талдау және креативті даму қабілетін қалыптастыру үшін жаңа міндеттер қоятынын атап өтіп, оқушылардың ақпараттық технология мен шет тілдерін еркін меңгеруі қажет екеніне назар аударды.
Елордадағы жаңа білім мекемесінде 48 кабинет бар. Жаратылыстану-математика бағытындағы №85 мектеп-лицейдің оқыту процесі мемлекеттік білім стандартының талаптарына сай инновациялық технология­ларды пайдалану арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізілетін болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button