Елордада XXI халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтіп жатыр
Астанада оқушылар арасында математика, физика және информатика пәндері бойынша XXI халықаралық Жәутіков олимпиадасы IZhO2025 өтуде. Білім додасында әлемнің 15 елінен 700-ге жуық оқушы бақ сынайды.
Қатысушылардың қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия бар. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша анықталды.
Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Республикалық физика-математика мектебі бірлесе ұйымдастырған олимпиада бес күнге созылады. Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева дарынды жастарды анықтау мен қолдауда осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына сондай-ақ Астана қаласының әкімінің орынбасары Есет Байкен және бірқатар елшіліктердің өкілдері қатысты.
«Математика, физика және информатика пәндері бойынша мектеп оқушыларына арналған халықаралық Жәутіков олимпиадасы елімізде 21-ші рет ұйымдастырылуда. Қатысушылар Республикалық физика-математика мектебі мен Astana IT университетінің аудиторияларында теориялық және практикалық турларда өз білімдері мен дағдыларын көрсетеді. Бұл оқу орындарының техникалық жабдықталуы олимпиаданы өткізу талаптарына толық сәйкес келеді» деді өз сөзінде «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Екі турдан тұратын сайыста тапсырмалар күрделілігі бойынша мамандандырылған сыныптардың бағдарламасына сай құрастырылды. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев болады. Өз сөзінде академик Жәутіков олимпиадасы әр елдің ең қабілетті оқушылары арасында білім, тәжірибе және идеялар алмасатын бірегей алаң екенін атады.
Жәутіков олимпиадасының қорытындысы бойынша қатысушыларға қатысушы сертификаттары мен естелік сыйлықтар табысталады, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен алтын, күміс және қола медальдар беріледі.
Көрнекті ғалым-математик, академик Орымбек Жәутіков есімімен аталатын олимпиада жыл сайын дәстүрлі негізде өткізіліп келеді.
Индира Бержанова