Елорда тынысы
Елордада жаңа субұрқақ пайда болды
Елорданың тарихи көшелерін қалпына келтіру аясында Біржан сал көшесін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Абаттандырудың жалпы ауданы 9 мың шаршы метрді құрайды.
«Жастар» театрының алдында дельфин түріндегі жаңа субұрқақ кешені орнатылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл заманауи құрылым көшенің жарқын көрінісіне айналды және қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аудартады. Сонымен қатар, көше бойында шағын архитектуралық пішіндер, үстел ойындарына арналған орындар, ойын арт-нысандары, әткеншектер мен шезлонгтар пайда болды.
Көшенің жаяу жүргіншілер жолының тас төсемі жаңартылып, классикалық үлгідегі жоғары сапалы шойын шамдар орнатылды. Бұл шамдар елорданың ауа райына қорықпайды және жарықпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, аумақта Берлин, Лондон және Мәскеу сияқты астаналарда қолданылатын қаланы абаттандырудың әлемдік стандарттарына сай орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған.
Сонымен қатар, кедергісіз орта құру басты назарда. Одан бөлек, көгалдандыруға ерекше назар аударылды: барлық жасыл желектер сақталып, қосымша 200-ден астам жаңа ағаштар, соның ішінде қарағайлар мен шағандар, көпжылдық бұталар отырғызылды. Өсімдіктерді күту, дұрыс өсуін қамтамасыз ету үшін жергілікті суару жүйесі жүргізілді.