Елордада жаңа жобалар таныстырылды
Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Штаб құрылғалы қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен оның орынбасары Евгений Глотовтың басшылығымен инвестициялық штабтың 10-нан астам отырысы өткізілді. Оның барысында инвестиция тартуға және түрлі жобаларды іске асыруға қатысты 280-ге жуық мәселе қаралды.
Жиында жаңа инвестициялық жобалар үшін жер учаскелерін іздеу, техникалық шарттарды беру, нақты жоспарлауды түзету және әзірлеу, сондай-ақ шұғыл шешімді талап ететін өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
Отырыс аясында Астанада іске асырылатын бірнеше маңызды инвестициялық жоба таныстырылды. Инвесторлар Астананың шалғай аудандарында бастауыш сыныптарға арналған мектептер, Халықаралық қазақ-француз мектебі, 1 100 орындық қолжетімді мектеп салу бойынша жобаларды ұсынды.
Сондай-ақ, шетелдік инвесторлар үндістандық құрылғылармен жабдықталған қазақстандық диагностикалық орталық құру және бизнес-орталық салу жобалары туралы баяндап берді.
Отырыс барысында түсті металдар қорытпалары мен қышқылды аккумуляторлар шығаратын зауыт салу, сондай-ақ 15 000 паллетоместрлік тоңазытқыш қоймасын құру бойынша жобалар да ұсынылды.
Осы жобалардың барлығы жаңа жұмыс орындарын ашуға және елордамыздың экономикасын дамытуға бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша әкімнің орынбасары Евгений Глотов жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық қызметтердің қала аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруда тиісінше қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.