Елордада жетім балаларды қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды
Елордада «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың қызметін жетілдіру» тақырыбында балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйым басшыларының Республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шараға 120-дан астам адам қатысты: балалар ауылдарының, балаларды қолдау орталықтарының, балалар үйлерінің және медициналық-әлеуметтік мекемелердің басшылары, сондай-ақ ЮНИСЕФ Балалар қорының, «Ана үйі» ҚҚ «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» және «SOS Қазақстан Балалар ауылдары» КҚ өкілдері.
Қазіргі уақытта республикада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдаумен айналысатын 115 ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 3,7 мың бала тәрбиеленуде.
Отырыс барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі жетім балалардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін мемлекет жүргізіп жатқан негізгі реформаларға егжей-тегжейлі тоқталып, сондай-ақ балаларды қолдау орталықтарын трансформациялау мәселелерін қозғады. Ол қатысушыларды бей-жай қалмауға және нақты бастамаларды ұсына отырып, жетім балаларға арналған ұйымдардың қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға шақырды.
«Бірнеше жылдар бойы Оқу-ағарту министрлігі балалар интернаттық мекемелерін балаларды қолдау орталықтарына айналдырды, оның қорытындысы бойынша 36 балаларды қолдау орталықтары құрылды. Осы орталықтардың базасында Әдістемелік қызметтер ашылды, олардың негізгі міндеті баланы қандас отбасымен біріктіру, баламалы отбасылық орналастыру, асырап алынған отбасыларды сүйемелдеу, психологиялық көмек көрсету және түлектердің табысты әлеуметтенуіне жәрдемдесу болып табылады. Біздің міндетіміз балаларды қолдау орталықтарындағы тәрбие процесін трансформациялауды жандандыру», – деп жеткізді вице-министр Еділ Оспан.
Өз кезегінде ШҚО «Үміт» балаларды қолдау орталығының директоры түлектерді кешенді сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда көрсетілетін қолдаудың сапасына назар аудару өте маңызды. Біз тек қамқорлықты қамтамасыз етіп қана қоймай, әр баланың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беру үшін балалардың толыққанды дамуы мен сәтті әлеуметтенуіне жағдай жасауымыз керек. Бұған мүмкіндігінше туыстарымен жұмыс істеу, сондай — ақ балаларды тәрбиелеуге алуға дайын патронаттық отбасыларды жан-жақты қолдау кіреді», – деді Майра Бейсеканова.
Отырыс сындарлы диалог форматында өтті. Қатысушылар жетім балаларды қолдау жүйесін жақсарту бойынша бірқатар бастамаларды талқылады және одан әрі әрекет ету үшін ұсыныстар әзірледі.