Елордада жұмысшы мамандықтарының фестивалі басталды

Бүгін басталған жұмысшы мамандықтар қаласы фестивалі бес күн (11-15 ақпан) бойы өтеді. Іс-шараны ұйымдастырушы Оқу-ағарту министрлігі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірнеше күн бойы семинарлар, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сабақтары, концер пен халықаралық аккредиттелген колледждердің тренингі секілді іс-шаралар өтеді.
– Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру. Мақсат — білім ошақтарын жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарланып отыр, — деді фестивальдің ашылу салтанатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, 1 қыркүйектен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есе ұлғаяды. Қазір 518 кәсіпорын колледждерді қамқорлығына алған, болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланған.
Фестивальге болашақ жұмысшы мамандары, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысып жатыр.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі күн сайын сағат 10:00-ден 18:30-ға дейін Астана қаласы Мәңгілік ел даңғылы, 53/1 мекенжайы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтеді.
Еске сала кетейік, өткен жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланатыны туралы хабарлаған еді.
Былтыр желтоқсанда Президент 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтарының жылы туралы Жарлыққа қол қойды.
Жыл басында Үкіметте жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.