Жаңалықтар

ЕЛОРДАДА ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙСЫҢ

Астана қаласында биылғы жылдың алғашқы тоқса­нында еліміз бойынша жұмыс­сыз­дықтың ең төменгі деңгейі тіркелді.

KBB_8935

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қала тұрғындарымен өт­кізген дәстүрлі кездесу барысында ел­ордада жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше маңыз берілетінін атап айқан еді. Осы бағытта кешенді іс-шаралар қолға алынған. Жұмыссыздықпен күресудің белсенді шараларын қол­данудың арқасында жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз межедегі төмен күйінде сақталып қалды.
Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау бас­қармасының мәліметі бойынша, осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2014 жылы елордада жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды көрсетсе, былтырғы жылы 4,7 пайызға қол жеткізіп, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында да осы межеден шығып, республика бойынша халықты жұмыспен қамту жөніндегі жоғарғы көрсеткішті сақтап қалған.

Осылайша, бүгінгі күні Астанада жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі қалыптасып отыр. Қала әкімдігінің осы реттегі іс-әрекеттері бұл көрсеткішті әлі де төмендетуге, яғни, жұмыссыздар санын қысқартуға бағытталатын болады. Елорданың еңбек нарығында «2016 жылға арналған Астана қаласы халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің Кешенді жоспары» іске асырылуда. Бұл жоба жұмыссыз азаматтарды және халықтың нысаналы топтарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге негізделген. Осы мақсатта бос орындар жәрмеңкесі жиі өткізіле бастады. Сонымен қатар жұмыс жәрмеңкелеріне мүмкіндігі шектеулі тұлғалар да белсенді қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Ағымдағы жылдың өткен төрт айының қорытындысы бойынша, Астанада 6 415 жаңа жұмыс орындары ұйымдастырылды. Әр ай сайын Астана қаласында бос орындар көлемі артып келеді. Ағымдағы жылдың басынан бастап, Жұмыспен қамту орталығына 4 900 адам жүгінген болатын, олардың қатарынан 2 246 адам жұмысқа орналастырылды.
Түптеп айтқанда, талпынғанға Астанада жұмыс табылады демекпіз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button