ЕЛОРДАҒА ЕРЕКШЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ КЕРЕК
«Елордалық өмiр сүру деңгейi» деген тiркестiң өзi мүлтiксiз коммуникациялар желiсiн, тұрғындардың экологиялық мәдениет деңгейiнiң жоғарылығын, көшелер мен аулалардың тазалығын аңғартса керек. Бұған қаланың ерекше ахуалын қалыптастыруға ортақ күш-жiгермен қолдау көрсете отырып, қомақты қаржы жұмсау қажеттiгi де баршаға түсiнiктi.
Астана – 700 мыңнан аса тұрғыны бар қала. Жыл сайын тұрғындардың саны өсiп келедi, осында тұрып, қызмет етудi, бақуатты тұрмыс кешудi қалайтын қазақстандықтарды өзiне баурай тартады. Астанада лайқатты өмiр сүру көбiне қалалық коммуналдық қызметтердiң күш-жiгерiне байланысты. Олар қаламыздың жасыл және таза болуы үшiн күн құрғатып, сағат суытпай, тынымсыз еңбектенедi.
Оған Астана қаласының әкiмi И.Тасмағамбетовтiң: «Тек бiр минут iшiнде қалада үйдiң үш шаршы метрi қаланады, қаланы ұстауға бюджеттен 650 мың теңге шығындалады, қала 7200 киловатт электр қуатын, 100 текше метр су тұтынады – мұның бәрi бiр минутта.
Дүние жүзiнде бiр минутта11 гектарорман кесiлсе, Астанада бiр сағатта шамамен бес көшеттен отырғызылады және бiр сағатта 18,5 тонна коммуналдық қалдықтар жиналады» деген сөзi дәлел болғандай. Осы деректер елордамызға мемлекет тарапынан бөлiнетiн көңiлдiң тек бiр парасы ғана және оны астаналықтар бағалауы қажет. Елiмiздiң басқа өңiрлерiнен келген қонақтар Астанаға серпiндi дамып келе жатқанына, келбетiнiң көрiктi, көшелерiнiң таза екенiне сүйсiнедi. Алайда кейбiр қалалықтардың туған қаласына немқұрайлы қарайтындығы, тiптi, пәтерлерiнiң терезелерiнен көшеге қоқыс лақтыра салатын өрескел қылықтары көңiлге ренiш ұялатпай қалмайды.
Бiрнеше жыл бойы Астанада қатқыл қалдықтарды шығару үшiн салыстырмалы түрде төмен тариф қолданылып келедi. Осы жылдар iшiнде тұрғындардың өсу серпiнi, тұтыну деңгейi өзгердi. Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ММ деректерi бойынша, полигонда қабылданатын қалдықтардың орташа тәулiктiк көлемi: 4 000 текше метр немесе 800 тонна ҚТҚ, оның 200 тоннасы – құрылыс және өнеркәсiптiк қалдықтары екен, қалған 600 тоннасы – қатқыл тұрмыс қалдықтарының үлесiне тиедi екен. ҚТҚ-ның қолданыстағы жинақталу нормасы бiр адамға жылына 1,1 текше метр ғана. Осы орайда оның жинақталу нормаларын ұлғайту мәселесi өзектi болып отыр.
Қазiргi таңда жеке тұлғалар үшiн тариф – 132 теңгенi, ал заңды тұлғалар үшiн 1487 теңгенi құрайды. Мәселен, Алматы сияқты үлкен шаһарда кесiмдi ақы 300 теңгеге жеткен, яғни, 2 есе көп. Жыл сайын жанар-жағар майдың, босалқы бөлшектердiң құны өсiп келедi, сондай-ақ электр қуатына, сумен жабдықтауға және басқа да коммуналдық қызметтерге төленетiн ақының тұрақты өсiп отырғанын ескеру қажет. Бұған қоса, денсаулыққа зиянды жағдайларда жұмыс iстейтiн жұмыскерлерге тиiстi жалақыны да ұмытпау керек. Кейде диссонанс туындайды: бiр жағынан, азаматтар қоқыстың тұрақты шығарылуын талап етедi, алайда, өздерi сол қоқыс салынған пакеттердi контейнерлiк алаңқайларға дейiн жеткiзбейдi немесе осы қызмет түрiне уақтылы төлемейдi. Мұндай салғырттық қарттардан гөрi жастарға тән. Зейнеткерлер, әлеуметтiк санат ретiнде, төлемге өте ұқыпты қарайды, осы орайда жиi ақыл-кеңес айтып, арнайы ақпарат берiп, дабыл қағып отырады.
Қала аумағынан қоқыс шығару – елеулi қаржы жұмсауды талап ететiн мехнатты шаруа. Сондай-ақ, логистика тиiмдiлiгiн арттыру, бақылау және басқару навигацияларының заманауи жүйелерiн орнықтыру, арнаулы техниканы, контейнерлердi сатып алу, сала қызметкерлерiне әлеуметтiк көмек үшiн қосымша инвестициялар салу қажет. Коммуналдық саладағы денсаулыққа зиянды жағдайда төмен жалақыға жұмыс iстеуге келiсетiндер кемде кем. Осы тығырықтан шығу мүмкiндiгi тұрғындар үшiн әдiлеттi тариф деңгейiн таңдап, iркiлiссiз жұмысты қамтамасыз етуге байланысты. Көптеген коммуналдық кәсiпорындар үшiн бұл – аса өзектi мәселе. Әрине, тұрғындар қуана қоймасы белгiлi, әйтсе де, тарифтi көтерген кезде монополияға қарсы саясат жөнiндегi ведомствоның бақылауына алынатын болашақтағы негiзгi шығындар енгiзiледi.
Осы сала мамандарының пiкiрiнше, «тарифтiң көтерiлуiне кәсiпорын шығындарының артып кетуi бiрден-бiр себеп болып отыр». Бұл тұрғындардың санының едәуiр арта түскендiгiне де байланысты. «Астана-Тазарту» ЖШС тек қоқыс шығарып қана қоймай, әлеуметтiк мiндеттердi де орындап отырғанын айта өткен жөн.
Кәсiпорынды дамыту стратегиясында контейнерлiк алаңқайлар желiсiн құрып, қаладан шалғай жерлердегi контейнерлер санын ұлғайтуға назар аударылады. Себебi, соңғы жылдары Астананың әкiмшiлiк шекарасына жақын орналасқан елдi мекендер қалаға қосылды, олар қатқыл тұрмыс қалдықтарын қабылдауға қосымша қаражат бөлудi талап етедi. «Астана-Тазарту» ЖШС бойынша 8200 контейнер мен жабдықталған 2700 контейнерлiк алаңқайға қызмет көрсетедi.
Тек өткен жыл iшiнде негiзiнен жеке меншiк секторда 1500 контейнер iстен шықты. Оларды өртеп, қиратып кетедi, сол арқылы елдi мекеннiң санитарлық-гигиеналық ахуалын қиындатып, өндiрiстiк шығындарды көбейте түседi.
Коммуналдық кәсiпорындардың ағымдағы қызметiне әсер ететiн факторлар экологиялық мәдениеттiң төмендiгi, тұрғындардың тазалыққа салғырт қарап, қоқысты кез келген жерге тастай салуы, жанар-жағар май бағасының тұрақтамауы, жабдықтаушы және босалқы бөлшектер бағаларының шарықтай көтерiлуi болып отыр. Коммуналдық сала кәсiпорындарының iшкi ресурстарының арқасында қала мен тұрғындар мүддесiнiң мәмiлесiне қол жеткiзiледi, алайда бұл ағымдағы ахуалдан бiржола шығу жолы емес. Болашақ даму мүддесiнiң балансын сақтап, нарықтағы өзгерiстерге байланысты шығындардың орнын толтыру қажет. Бұл жерде қоғам тарапынан сөз ғана емес, iс жүзiнде де өз қаласының нағыз патриоты бола алатын байыпты байлам, ықыласты ымыра қажет-ақ. Бiздiң бәрiмiз әсем де жинақы, тазалығы әлемдiк экологиялық стандарттарға сай Астанада тұрғымыз келмей ме?!.
Ендеше, тарифтi жоспарлы түрде көтеру қоқыс шығарушы кәсiпорындарға өз қызметiн сүйiктi елордамыздың абыройын ойлап, оны мекендеген тұрғындардың игiлiгiне арнап, нық сенiммен, серпiндi еңбек етуге мүмкiндiк беретiнiн түсiнгенiмiз абзал.
Абай БАТЫРОВ,
«Астана-Тазарту» ЖШС бас директоры