Жаңалықтар

ЕЛОРДАҒА ЕРЕКШЕ ТАРТУ

Елордадағы Нұржол бульварының бойында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ге тарта дарынды жас «I love Astana» атты флешмоб өткізді. Онда студенттер мен оқушылар заманауи әндерге синхронды билеп, шараның соңына қарай жүрек пішінін түзіп тұра қалысты. Айрықша көрініс шынында да өте әдемі шықты.

Без имени-2

Флешмобта өнер көрсеткен жеткіншектердің бәрі – ЮНЕСКО клубтары шығармашылығының академиясында тәлім алып жүрген шәкірттер. Бұл мектеп биыл елімізде алғаш рет ұйымдастырылыпты. Қазақстандық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы, Тұңғыш Президент қоры және Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесіп орайын тапқан аталмыш жобаға Астана қаласының әкімдігі үлкен қолдау білдірген. Шілденің 10-ынан 24-іне дейін жалғасатын академия бағдарламасына өнер саласындағы жетекші мамандармен кәсіби сабақтар, жаһандық мәдениет туралы дәрістер, көшбасшылық әлеуетті дамытуға көмектесетін тренингтер мен шеберлік сыныптары кіргізілген.

Без имени-1

– Мұнда жиналған замандастарымның ешқайсысы осал емес. Өйткені осында келер алдында арнайы іріктеулерден сүрінбей өтіп, 500-ден аса үміткердің ішінен оза шаптық. Арамызда хореографтар да, вокалистер де, суретшілер де бар. Бізге осындай мүмкіндік ұсынған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Бүгін, міне, барлығымыз бас шаһарды туған күнімен құттықтап әрі оған деген ып-ыстық махаббатымызды жеткізбек ниетпен флешмоб өткіздік, – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті Ермұрат Төлебаев.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button