Қоғам

Елордаға керегі бір биік тау

Өткен ғасырдың соңында Елбасымыз Н.Назарбаев бас қаламызды Алатау баурайындағы Алматыдан Сарыарқа төсіндегі Ақмолаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) ауыстырды. Аз уақыт ішінде зәулім ғимараттар бой көтеріп, қарасаң көз тоймас Нұр-Сұлтан қаласы маңына жасанды орман отырғызылды. Қазір де сол жасыл желек қала экологиясы мен климатының жақсаруына септігін тигізуде.

[smartslider3 slider=1259]

Қазіргі таңда қалада жан сергітер демалыс орындары жеткілікті. Енді елордамызда ұлттық құндылықтарымызды әлемге паш етер, кешегі өткен Алаш арыстары, аштық, Желтоқсан құрбандарына тәу етіп қайтар символикалық мағынасы зор жасанды тау болса тіптен тамаша болары сөзсіз. Жалпы «тау тұрғызу» деген сөз алғашында естіген адамға біртүрлі естілері сөзсіз. Тек зерттеу жұмыс­тарын жасай келе, қазіргі таңда әлемдегі екі мемлекет жобаға алып отырған құрылыстың бұл түрі ешқандай қияли дүние емес екенін білдім.

Елорда жанына жасанды тау салуды іске асырса деген оймен өзім жұмыс атқарып жатқан елорда жанындағы Целиноград ауданына қарасты Қаражар мектебінің 9-сынып оқушысы Зкрия Аслан атты шәкіртіммен бірлесе «Елорда жанында жасанды тау тұрғызудың маңызы» атты жоба жасап, елордамыздағы ғылыми-инновациялық орталыққа ұсынып көрген едім. Аталмыш орталық өткізген сайыста жобамыз «2021 жылдың ең үздік жобасы» деп танылды. Енді осы жобаны қысқаша түрде бөлім бойынша таныстырып өтсем және қазіргі таңда ұлттық мақтанышымызға айналар бұл жобаны Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ұсынып отырмын.

Жасыл желекке  оранған жасанды елорда көлі

Жоғарыда атап өткендей, бас шаһарымыздың төңірегіне тау жетіспеушілігінің олқылығын толтыру жобасы бойынша болашақ жасанды таудың орналасу жері – елорданың ЭКСПО қалашығының күнбатыс жағындағы жасанды орман аралығындағы жерді белгілей отырып, сазды топырақты пайдалану арқылы тұрғызу керек деп жоспарладық. Дөңгелене қазылып, топырақ алынған орыннан жасанды көл жасауға болады. Көлді айнала ағаштар отырғызылады. Тиісінше, көлді аққу, қаз-үйрек және тағы басқа құстар мекендейді. Көлде балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік болар еді.

Жасанды тау өлшемдеріндегі сандардың тарихпен байланысы

Төмендегі сызбада көрсетілгендей, жасанды тау «Этносаябақ» және «Тағзым» мемориалдық кешені атты екі қабаттан тұрады. Екі қабатты қосқанда, жалпы биіктігі 121 метр болады.

 «Этносаябақ» қабаты. Таудың астыңғы ұзындығы – 552 метр, үстіңгі ұзындығы – 276 м. Таудың астыңғы ені – 300 м, үстіңгі ені – 150 м. Таудың еңістігі – 51 градус шамасында. Биіктігі – 91 метр.

«Тағзым» мемориалдық кешені. Ең биікте орналасқан бұл кешен салынған таудың астыңғы ұзындығы – 120 м, үстіңгі ұзындығы – 60 м, ені де тура осындай мөлшерде. Таудың еңістігі – 45 градус шамасында. Биіктігі – 30 метр. Жалпы түсіндіре кетер болсақ, жасанды тау тұрғызу жобасын жасау барысында ұзындық енін жобалауда математикалық цифрлар кездейсоқ алынған жоқ. Оған төменде дәлел келтірсем:

552 м (таудың ұзындығы) – Түрік қағанатының құрылған күні

91 м (таудың бірінші қабатының биіктігі) – тәуелсіздік алған 1991 жыл

30 м (таудың екінші қабатының биіктігі) – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында басталған тау тұрғызу жұмысы Нұр-Сұлтан қаласының 30 жылдығының қарсаңында аяқталып, пайдалануға беріледі.

16 м тудың биіктігі – 16 желтоқсан – тәуелсіздік алған күнге орай

20 мәрмәртас – 20-ғасырдағы 20 елеулі оқиға

Келесі цифрлар:

120 м – мемориалдық кешен орналасқан тау етегінің ұзындығы

60 м – мемориалдық кешен ұзындығы

277 м – этносаябақ ұзындығы

300 м – этносаябақтың астыңғы бөлігінің ені

Барлық цифрларды қосқанда, 1466 цифр, яғни Қазақ хандығының құрылған жылы шығады.

Жасанды таудың «Самалтау» аталу себебі

Кез келген затқа ат қойылатыны сияқты, бұл жобаға да мен атау қойдым. Тауды не себепті «Самалтау» атағанымыз жайлы қысқаша түсініктеме бере кетсем. Жасанды тауды «Самалтау» атау­ға бірінші себеп – Арқа төсінде орналасқан елордамыз жазда жан сергітер салқын самал желімен әйгілі. Егер тау салынған жағдайда, биігіне шыққанда салқын самал есіп тұрар, жанды рахатқа бөлейтін тау болар деген ойдамыз. Екінші себеп – «Самалтау» әні қазақ халқы Ресей патшалығында езгіде болған заманда туындаған екен. Демек, «Самалтау» әні отаршылдықтағы ұлттың мұңы, зар-запыраны – отаршылдық заманның символикасы десек, елорда жанында бой көтерер әлемдегі тұңғыш жасанды тау ХХІ ғасырда азат елдің асқақ астанасының, елдіктің, өрлеудің, сән-салтанаттың, биіктіктің символы болады деген үмітпен осы жобаны ұсынып отырмыз.

«Самалтаудың» ең биігіндегі мемлекеттік  рәміздер мен тәу етер орын

Өткен ғасырда қазақ халқы азаттыққа ұмтылу жолында небір зұлматтарды бастан кешті. Бірақ жүздеген жылдар бойы армандаған еркіндікке ғасыр соңында қол жеткізді. Ұлтымыз тәуелсіздікті армандап қана қойған жоқ, азаттық жолында қаншама оғландарымыз құрбан болды. Баға жетпес тәуелсіздігіміздің оңайлықпен келмегенін қазіргі азат елде бейбіт өмір сүріп жатқан біз және болашақ ұрпақ мәңгі есте сақтауға тиіс. Осы мақсатта, жоғарыда атап өткендей, бұл мемориалдық кешенде тұңғыш демократиялық республика құрған Алаш арыстарынан бастап, тәуелсіздік алған жылдардағы айшықты оқиғалар жазылған мәрмәртастар орналасады. Кешенге келушілер азаттық жолында қаза болғандар мен Отан, ұлт үшін құрбан болғандарға тағзым етіп қайтатын қасиетті орын болады. Кешенде рәміздерді айнала 20 мәрмәртас хронология бойынша орналасады. Бұл құрылыс жасанды таудың ортасында орналасады.

Кешеннің күншығыс жағында көк байрағымыз 16 метр биіктікте орналасса, елтаңба мен әнұран орналасқан 6 метрлік биіктіктегі мәрмәртас (6 саны рәміздер күні және елорда күнімен байланыс­тыра) орналасады. Рәміздерді айнала кереге бейнесіндегі қабырға жартылай қоршап тұрса, керегеден жоғары алтын түсті уықтар жаншылған шаңырақ бейнесі жасалады. Рәміздердің сол жағында кереге үстінде ұя салған қарлығаш бейнеленеді. Себебі халқымыз ежелден қарлығашты киелі құс деп есептеп, шаңыраққа ұя салуын береке, ырыстың, бақыттың, бейбіт өмірдің символикасы есептеген. Оң жағында ұлтымызда мәңгілік өмір символикасы саналатын бесік орналасады. Бұл қазақ елі «Мәңгілік ел» болсын деген тілек мағынасында.

Жасанды таудың ұлттық  құндылықтарды дәріптеудегі маңызы

Ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттауда және шет елден келген туристерге ұлттық құндылықтарымызбен таныстыруда таудың бірінші қабатында орналасқан этно­саябақтың маңызы зор болады. Саябақта 24 қанатты ақ шаңқан киіз үй тігіліп, бірінде ұлттық тағамдарымызбен ауқаттанатын орындар болса, бірінде тек ұлттық киімдер, киіз үй жабдықтары, ұлттық бұйымдар орналасады. Этносаябақта музыка тек қана домбырамен, халық әндері, күйлер қосылып тұрады. Саябақ ішінде, шың етегінде петроглиф тастар, түркі жазуы көшірмесі орналас­тырылуы тиіс. Сонымен қатар Елбасының мақаласына орай, «Ұлы даланың жеті қыры» символдары сақ дәуіріндегі ат үстіндегі алтын адам, қазақ даласындағы ерте дәуірдегі металлургияның дамуы, алма, қызғалдақтың отаны екені жайлы мәлімет берілсе, саябақтың бір бөлігінде саятшылық өнерді паш етуге мүмкіндік болады. Ал салауатты өмір салтын ұстану бағыты бойынша жазда тау велосипеді, қыс кезінде тау шаңғысы спортын дамытуға, тау етегінде мұз айдынын салу қажет деген ойдамын. Ал таудың 121 метр биігінен отырып қаланың «Нұр әлем» ғимаратына дейін созылған аспалы арқандағы фуникулёрге отыру арқылы қала қонақтары үшін елордамызды биіктен тамашалауға зор мүмкіндік болар еді.

Тау басындағы  сарқырама

Таудың бірінші биігінде этносаябақ орналасады. Аумағы, мемориал биігінің етегімен есептегенде, екі жақ қанатында ұзындығы – 150 метр, ені – 77,5 метр. Саябақ ішінде түрлі ағаштар, гүлдер егіледі. Этносаябақтың оң жағында мемориал биігінен 30 метр сарқырама боп су ағып жатады. Бұл су хауызға құйылып, түбіне кеткен су сусорғыш мотор арқылы 30 метрге қайта көтеріліп, тау үсінен ағып тұрады. Шартты суреттен көріп отырғаныңыздай, жасанды тау беткейінің әсем болып көрінуін және жауын-шашындарда топырақтың лайланып ақпауын алдын алу мақсатында тау беткейі қара топырақпен көмкеріліп, толықтай шырша, самырсын сынды ағаштар отыр­ғызылып, көпжылдық шөптер егіледі. Меймандарға арналған арнайы тауға шығатын баспалдақ және арнайы жеделсаты болады деп жоспарлаудамыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шәкіртімізбен бірлесе жасаған жоба ұлттық құндылықтарымызды паш етер, салауатты өмір салтын ұстанған елордалықтарға және қала қонақтарына таптырмас демалыс орны болар елорда жанында жасанды таудың ерте ме, кеш пе, тұрғызылатынына сенімдімін.

Азамат ҚҰМАРБЕКҰЛЫ,

Целиноград ауданы

Қаражар мектебінің мұғалімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button