Ел тынысы

Елордаға қарап бой түзеген

Тәуелсіз Қазақстанның еңселі елордасы орналасқан Астана  – елдігіміздің символы. Бүгінде Қазақстан дегенде әлем жұрты Астананы таниды.

Астанаға қарап бойтүзеген бірден-бір қала – Қызылорда. Мұны 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болуымен де әспеттеуге болады. Яғни, байырғы астана мен бүгінгі астана үндесіп, қатар дамуда.оған мысал, есілдің сол жағалауында бойкөтерген әсем Астана мен сырдың сол жағалауында қанат қаққан Қызылорданы айтуға болады. Алаштың анасы атанған Сыр елі – жыр елінде 2024 жыл «Руханият жылы» деп жарияланып, мәдениеттің мәйегі айшықтала түсті…

          Туған жерге табан тіреген төл перзент Нұрлыбек Машбекұлы халықпен жүздескен сәтінде, «Әрбір атқарылар жұмыстың халық игілігі үшін болатынын жеткізіп, мемлекеттің әрбір тиыны халыққа тиесілі екенін» қадап айтқан болатын. Өзінің саяси аренадағы бастамасына сай, бюджет қаражатын үнемдей отырып, «Өнер орталығын» ашуды көздеді. Сөзіне сай, нақты нәтижені халыққа көрсетті. Аймақ басшысы өзі жариялаған «Руханият» жылының бісмілләсі 1000 орындық «Өнер орталығының» берілуімен басталғаны баршаға мәлім. Алаштың алғашқы астанасы Ақмешіттің қуаныш тойына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы арнайы келіп, «Өнер орталығының» лентасын қиды. Халық пен өңір өнерпаздарының сан жылғы арман-тілегінің нәтижесі болған құтты мекеннен тың жобалардың түңлігі түріліп, жыл бойына жаңалықтардың жаршысы жалғасты.

Ауыз толтыра айтар ілкімді істің бірі – «Анаға тағзым» орталығы. Қазақ даласының төл тарихынан бүгінге жалғасқан әз аналардың портреті мен еңбек жолы бейнеленіп, көрген жанға рухани күш сыйлайтын тағзым орталығы – өзге аймақтардан табыла қоймас тың жоба. Ұрпақтың ұстыны болып, бесікті ғана емес, ұлттың тағдырын тербеуге күш салған әз аналарға құрмет тұтқан қайсібір перзенттің, қайбір халықтың болмасын бағындырары биік екені бесенеден белгілі. Бұл – аймақ басшысының өткенге құрмет көрсете отырып, алдыға алқымдайтын ақыл-парасатынан хабар берсе керек.

Орталықта «Анаға тағзым» жасалып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселеге айналған, ажырасулардың алдын алу үшін «Отбасы орталығы», «Әжелер мектебі», «Ата-ана институты» жұмыс жасауда.

Қорқыт бабаның қобызының қоңыр үні Сұлу сырдың самал желіне дем беріп, қатар тербелген рухани ордамызда Сырдың негізгі бренді саналған жыраулық дәстүр қайта жаңғырып, «Жыраулар үйі» ашылды. 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қалыптасты. Облыстық тарихи-өлкетану музейі, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау үшін «Шығармашылық академиясы» салынуда.

Өнер – өмірдің айнасы. Мәдениет – ұлттың жаны мен жүрегі. Жалпы құны 11,5 млрд. теңгені құрайтын  7 ауданда (ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар) «Руханият» орталықтары құрылыстары басталыпты. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталатын болады. Кітапхана мен мәдени жобаларды айтпағанда, 2023 жылдан бастап мәдениет және өнер, әдебиет  өкілдеріне облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы 40 лайықты тұлғаға табысталған.

Тарихқа тағылым жасамай, мәдениет айшықталмайтыны ақиқат. Осы орайда, еліміздің даму тарихында өзіндік орны бар, төрт астана (Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Ақмешіт бекінісі) қоныс тепкен киелі мекен  –  «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконстуркциялары, «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтындатқан мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына табысталғанды. Мұны ауданға жасаған сапарында аймақ басшысы дүйім жұртқа жеткізіп, алда атқарылар жоспарымен бөлісті.

Адамзаттың меншігіне бағынбайтын уақытпен санаспай, гәстүрөлдетіп, киелі сахнада тума талантты паш етіп, өнерін елге арнайтын  Сыр мәдениетінің майталмандарына қарапайым халықтың айтар алғысы да аз емес. Өз өңірімізден қоныс аударған, бүгінде  ару Алматы мен Астананың тұрғыны болған тумаластар да  дән риза. Соның бірі, Астана медицина университетінің аға оқытушысы Жанар Қосдәуірова:

  • Туған топырақ дегенде жүрегіміз толқитын жанның бірімін.Әсіресе, жерлестеріміз келіп, Сырдың мәдениетін паш еткенде, көп алдында марқая түстік. Сарыарқаның сары даласын сазға бөлеген Астанадағы  Сырдың концертіне, ару Алматыдағы Қызылорда облысының күндері аясындағы мәдени шараға арнайы барып, отбасымызбен  куә болдық. Рухани сағынышымыз басылып, төл өнерге қаныға түстік. Елордадағы халықтың да Сыр мәдениетіне берген бағасы өлшеусіз. Лайым, Сыр елінің жауһар жыры қуанышты күндерде ақтарылсын – дейді  жаңақорғандық жерлесіміз.

Иә, сараптай келгенде, мәдениет тұрғысында күн сайын жаңа жаңалықтар ақтарылуда. Өнерлі жандардан өзекті жұмысты талап етіп қана қоймай, ел жолындағы еңбектері үшін тиісінше марапат көрсетіп жатқан да облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев. «Тәуелсіздік күні» қарсаңында мәдениет майталмандарына 40  қызметтік пәтердің кілтін табыстап, баспанасыз жүрген жандарға да жағдай жасай білді. Тәуменді Тәуелсіздіктің 33 жылдығына орай жаңа ғимараттарды халық игілігіне табыстады. Соның бірі, Жаңақорғаннан салынған «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі». Енді, аудан өнерпаздары заман талабына сай жаңа ғимараттарда өнерін өрістететін болады.

«Руханият» жылындағы жаңалықтар – білім саласына да елеулі өзгеріс әкелді. Аймақ басшысының иницативасы негізінде, «Сыр лигасы» жобасы ұйымдастырылып, облыс бойынша білім, тәрбие, спорт саласында көшбастаған өнерлі өрендер де, осы жолда тер төккен ұстаздар да айтулы марапаттардан тыс қалмады. Арғысы Арал мен бергісі Жаңақорғанның озық оқушылары, ұлағатты ұстаздарының қарым-қабілеті шыңдалып, қорытынды шарада мерейлері артты. Мұның бәрі, бұқара мен биліктің алтын көпірі болған  игі бастама екені анық.

Салтанатты шараның бірі – Өнер орталығында қазақ даласының заңғар жазушыларының, мәдениет қайраткерлерінің басын қосқан «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған басқосу бастау алып,  Арал топырағында ғылыми-концеренциямен  жалғасты.

Бәрінен де маңыздысы,  толассыз іс-шаралар мен маңызды мәдени шаралардың, көпке сыйланған қуаныштардың тізбегі сарапталып, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы беріліпті. Меніңше, өңірдегі өнердің өрістеуіне  берілер мұнан асқан жоғары баға жоқ шығар, сірә!

Руханият. Мәдениет. Өнер. Тамыры қиюласып, өзегі жалғасқан ұлттың ұлы мұрасын дәріптеуде Сыр өнерпаздары көп өңірден көш бастағаны әмбеге аян. Таңды таңға жалғап, тауыса алмастай  сараптайтын толассыз іс-шараның легі бір мақалаға сия қоймасы да анық. «Өңірлік коммуникация орталығының» мәлімдеуінше, мәдениет тұрғысында ел игілігіне берілер жаңа нысандар әлі де жетерлік.

Түйін. «Мәдениет – халықтың өткенін сақтайтын, болашағын бейнелейтін құндылық» болса, өнерге адалдық – ұлтқа адалдық. Талапшыл тұлғаның танымдық істерінен-ақ, оның өнерге деген құрметін, ұлтқа деген адалдығын анық көргендейміз.  Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, мәдениетіне маңыз беріп, өнерін өрістетіп, руханиятын арттыра түсті. Бұл да болса, дамудың даңғыл жолына  бастаған байыпты басшының Нұрлы жолына Тәңірден берілген несібесінің  дәлелі болса керек. «Руханият» жылында  орын алған осындай озық істерді сараптай келе,  аламан  Айтыстың «Алтын домбырасын» алып, мәдениет деңгейін тағы бір айшықтандырған мейірбан ұл Мейірбектің шумағымен  сөз соңын қорытындыласам…

Алтынның қайткенменде құны барғой,

Халқымның пейілінің бағасы жоқ…

Ханзада ДОШАН

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button