Басты ақпарат

Елордаға шипажай керек-ақ

Елордадан отыз шақырым асқаннан-ақ, сулы-нулы жерлері демалысқа сұранып тұр. Нұраның бойындағы Қосшының, «Чистые пруды», «Green Park», «Нұра», «Тайтөбе» кешенді демалыс орындары демалушылар үшін барлық жағдайды жасаған. Астананың айналасындағы Сарыоба, Бозайғыр, Жалаңаш көлдері де осы өлкенің көркі болғанымен, айналасында демалыс орындары қарастырылмаған. Бұл өңірлерде демалыс күндері суға қармақ салып, балық аулап демалуға болғанмен, ем-дом алып денсаулықты түзеп алуға арналмаған. Сондықтан да елордалықтар жылы ауасы бар, емдік  минералды суы мен буынға пайдалы балшығы бар, азғантай күнде болса да денсаулықты қалпына келтіретін шипажай іздеп, елордадан асып кетіп жатады.

Оны ғылыми түрде рекреация (лат. recreatio «қалпына келтіру») – дені сау, бірақ шаршаған адамның қалыпты денсаулығы мен өнімділігін қалпына келтіру мақсатында жүзеге асырылатын рекреациялық іс-шаралардың жиынтығы дейді. Тұжырымдама демалыстың барлық түрлерін қамтиды: санаториялық-курорттық емдеу, туризм, әуесқойлық спорт, рекреациялық балық аулау және т.б. Үйден тыс демалыс: табиғатта, туристік саяхатта және т.б. демалысқа арналған кәсіпорындар санаторийлер, амбулаториялар, пансионаттар және т.б. Бұл 1960 жылдары физиологиялық, медициналық, әлеуметтік-экономикалық әдебиеттерде жұмысшылардың күші мен денсаулығын қалпына келтіру мәселелері бойынша қолданыла бастады.

Сонымен жағдайы келгендер «Оқжетпесті» көздейді. Әулиекөлдің жағасында сыңсыған орманның ішінде шипажайда жанға керектің бәрі бар. «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені жарты ғасырдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Егер онда демалуға қалтаңыз көтермесе Бурабайдың айналасында үлкенді-кішілі демалыс орындары жеткілікті. Он күнге орташа есеппен 150-200 мыңнан айналады. Бұған жатын орны, емшарасы, үш мезгіл тамағы кіреді. Көкшенің керемет табиғаты да жанға дауа дегенмен, үйренген әдетімізбен буынымыз сырқыраса Жаңақорған, ­Мо­йынтыны, асқазан ауруларына сеп болатын Сарыағаш, Арыс, Манкент шипажайларын, түрлі жүйке ауруларына пайдасы бар родон табиғи суымен емдейтін Меркені іздейміз. Жаз болса астаналықтардың жартысы әсіресе мұғалімдер мен дәрігерлер қауымы оңтүстікке ағылады. Өйткені осы екі саланың кәсіподағының жұмысы жолға қойылған, қызметкерлерге жеңілдігі бар жолдамалар арқылы  қызметкерлердің денсаулығын тыңайтып отырады.

Бұдан бөлек, бұл шипажайлардың маркетингі жақсы жұмыс істейді. Менеджерімен тікелей тілдесіп  баратын мезгіліңізді айтып, брондап қоюға болады. Жағдайыңыз келіп аталған шипажайға жетіп алсаңыз, қызметіне риза көңілмен денсаулығыңызды түзеп  қайтатыңызға сенімдіміз.

Бәрі дұрыс болса, неге бұл мәселені көтеріп отырмыз деген сұрақ туындайды. Расында да миллионнан астам тұрғыны бар елордалықтарға жақын жерлерден сауықтыру орындарын, жанға да қаражатқа да жайлы  шипажайлар ашпасқа?! Бір «Оқжетпеске» екінің бірінің қолы жетпес.

Қала маңында бірен-саран демалыс орындарының бағасы қымбат, әрі оған барып денсаулықты қалпына келтіру қиын. Халыққа қолжетімді санаториялық-сауықтыру кешені жоқтың қасы. Одан бұрын қызметкерлердің демалысында сауықтыру қаражаты көптеген мекемелердің еңбек шартында қарастырылмаған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы емханалардың санын арттырып, дәрігерлердің жүктемесін жеңілдетумен басы қатып жүріп, «ауырмайтын жол іздеудің» бұл бағытын қаперден шығарып алған-ау.

Адам денсаулығы – ең қымбат нәрсе, оны қалпында, ауруды асқындырмай ұстап тұру үшін қосымша осындай  шаралар қажет етеді. Қазіргі уақытта санаториялық-курорттық емдеу­дің медициналық-әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық маңызы еселеп артуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтайын, урбанизация зардабы, қалалық ортаның жағымсыз факторларының нәтижесіндегі стресс деңгейінің артуы, қала көшелеріндегі күндіз-түні тынбайтын шу, тұрғын үйлер мен салынып жатқан құрылыстардың тығыздығы, көліктер мен құрылыстардың зиянды шығарындылары, көп күш қажет ететін жұмысының жоғары қарқынды деңгейі, таң азанымен кеш батысымен шаршап-шалдығып, жұмыс орнына жетуі, тағы басқадай  тірліктің түйткіліне тоқтала берсек, бір уақыт жанға тыныштық іздеп, безіп кетердей  боласың. Мұның бәрі барша адам басында бар. Өкінішке қарай, одан дәрі ішіп емделмесең, тек денсаулықты түзеп, иммунитетті арттырып қана өмірдің  қай соққысына болса да қарсы тұратындай, өміріңізді жақсарта аласыз. Оның төте жолы – шипажайлар.

Осы ретте мемлекет, қала басшылығы ауруларды емдеу мәселелерін шешуге қосымша және оңалту, сауықтыру, халықтың саулығына қол жеткізетін саламатты өмір салты ретінде басты  бағыт ретінде қарап,  рекреация ісін жолға қою керек сияқты.

Елордада, оның төңірегінде санаториялық-курорттық шипажайлар салынғанша, еңбек қорғау ұйымдарының бастамасымен халыққа санаториялық-курорттық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру қажет.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button