Басты ақпарат

Елордалық 34,5 мың оқушыға компьютер беріледі

Елордада әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж отбасы балаларын қашықтан оқытуға компьютермен, роу­терлермен қамтамасыз ету үшін 6 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, қала бойынша 34,5 мың оқушыға қажетті техникалық құрал-жабдықтар беріледі.

Кеше елордада педагог қыз­меткерлері қалалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті. «Білім беруді сандық трансформациялау» тақырыбында онлайн форматта ұйымдастырылған шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Ал­­та­й­ ­Көлгінов қатысып, ұстаздарды Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин, «Қазақстан Респуб­ликасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, алғыс хаттармен марапаттады.

МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАҒДАЙЫ ­ЖАҚСАРАДЫ

– Мемлекет басшылығы мұғалімдердің жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Сол мақсатта «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артты. 2024 жылға дейін тағы 25 пайызға өседі. Былтыр біз өз тарапымыз­дан тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақы түрінде 1 млн теңге сомасына өтеусіз негізде 275 тұрғын үй сертификатын бөлдік. Осы жылы да мұғалімдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесеміз, – деді ­Алтай Көлгінов.
Қала басшысы өз сөзінде биыл «Қазақстандық ипотекалық ұйыммен» бірлесіп 1 мың әлеуметтік пәтер беру туралы келісімге қол қо­йылғанын атап өтті. Бұл баспанаға мұғалімдерден басқа медицина қызметкерлері, полицейлер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері де үміткер бола алады.
Былтыр жұмысын енді бастаған мұғалімдерді қолдау мақсатында 350 орындық жас педагогтар үйі салынды. Қала әкімдігі мұғалімдердің кәсіби дамуына үнемі көңіл бөледі. Атап айтқанда, «Ozat» жобасын іске асыру аясында мектептер мен колледждердің 400 мұғалімі РІЅА тапсырмаларына білім алушыларды даярлау бо­йынша біліктілікті арттыру курстарында оқудан өтті. Кембридж университетімен бірлесіп SHARE жобасы іске қосылды. Соның ішінде мұғалімдер бірлесіп зерттеулер жүргізеді, ақпарат алмасады, біліктілігін көтеру бойынша басқа да жұмыстар қарастырылған.БИЫЛ 12 МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРЕДІ

Мұғалімдерді ерекше қуан­татын жаңалық, биыл бас қаланың ұстаздары алғаш рет «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» медалімен марапатталады. Медаль иелеріне 830 мың теңгеден (300 АЕК) төленеді.
Елорда әкімі өз сөзінде биыл бас қалада 12 мектеп бой көтеріп, 26 білім беру нысаны жөнделетінін, инклюзивті білім беру кабинеттері ашылатынын атап өтті. Бұл былтыр­ғымен салыстырғанда екі есе көп. Келесі жылы да елордада 12 мектеп салынады.
– Егер былтыр инклюзивті біліммен қамту 80 пайыз болса, биыл біз бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Тұңғыш Президент – Елбасы қорының бастамасымен екі жаңа мектептің негізінде 1 қыркүйекке дейін 30 орындық 2 инклюзивті қолдау бөлмелері ашылады. Шілдеден бастап «Асыл мирас» кабинеті жұмыс істей бастады. Онда халықаралық сертификатқа ие және замануи әдістемелерді меңгерген мамандар жұмыс істейді. Қыр­күйек айында зияткерлік қабілеті төмен 100 балаға арналған №3 арнайы мектеп ашуды жоспарлап отыр­мыз. Күзде көру қабілеті нашар балаларға арналған балабақша ашамыз, – деді А.Көлгінов.
Жаңа оқу жылында елорда мектептерінде қосымша білім берудің 8 филиалы және тағы 2 қоғамдық орталық ашылады. Жаңа мектептердің бірінші қабатында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық кабинеттер сияқты әлеуметтік нысандар ашылады.

ОН ЖЕТІ МЫҢ БАЛАҒА КӨМЕК БЕРІЛЕДІ

Нұр-Сұлтан қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажет құрал-жабдық алу үшін 40 мың теңгеден бөлінеді. Жал­пы, қала бойынша 17 мың балаға көмек көрсетіліп, 7 мың бала «Мектепке жол» шарасымен қамтылады.
– Өткен жылы мектеп құралдарын сатып алуға бөлінген қаржы әр балаға 30 мың теңге болды. Биыл ол 40 мың теңгеге дейін артты. Егер отбасында 3-4 баладан болса, онда әр балаға 40 мың теңгеден бөлінеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 680 млн теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, – деді қала басшысы.

САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТЫ ҚАТАҢ САҚТАУ ҚАЖЕТ

Алтай Көлгінов мектептер мен колледждердің директорларына жаңа оқу жылына санитарлық-эпидемиология­лық талаптарға сай дайындалуды тапсырды. Атап айтқанда, оқу орындары басшылары санитайзерлер орнатып, қашықтықты сақтау туралы белгілерді орнату шарт. «Кезекші сыныптардың» оқушылары парталарға шахмат тәртібімен отыруы керек.
– Жаңа оқу жылына сапалы дайындықты қамтамасыз ету маңызды. Қашықтан жұмыс режиміне көшу студенттердің алған білімінің сапасына әсер етпеуі керек. 1-4-сынып оқушылары «кезекші сыныптарда» оқи алады. Санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет, – деді А.Көлгінов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button