Sport

ЕЛОРДАЛЫҚ АРУЛАР – ЕҢ МЫҚТЫ БАЛУАНДАР

da4c0b4e703dfdcda7d0f5f13cfea64e

Астана қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан кубогы үшін өткен жарыс мәресіне жетті.

Командалық жарыс жүйесімен алғаш рет ұйымдастырылған  байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймақтарынан балуандар қатысып, жер-жердегі күрес өнерінің даму көрсеткішін саралауға мүмкіндік туғандай болды. Осы ретте Алматы облысында күреске айрықша мән беріліп отырғаны байқалды. Атап айтқанда, грек-рим күресінде Алматы облысының балуандары ақтық кездесуде Алматы қаласынан басым түсіп Қазақстан кубогын жеңіп алды. Ал үшінші орын үшін Астана мен Оңтүстік Қазақстан балуандары күш сынасты. Бұл сында Афины олимпиадасының күміс жүлдегері Георгий Цурцумия баптайтын елордалық балуандар қарсыластарын 7:1 есебімен тізе бүктірді.

Еркін күресте тағы да Алматы облысы жеңімпаз атанды. Құрамында Нұрмахан Тінәлиев, Марғұлан Әсембеков секілді мықты балуандары бар команда финалда боз кілем иелерін, яғни, Астана құрамасын 5:3 есебімен жеңіп кетті. Үшінші орын үшін бәсекеде Алматы қаласының балуандары Жамбыл облысы құрамасынан басым түсті.

Ал әйелдер күресінде Қазақстан кубогын Астана арулары жеңіп алды. Сапында ұлттық құраманың үздіктері Татьяна Аманжол, Жұлдыз Эшимова, Айым Әбілдина және Гюзель Манюрова бар елордалық команда барлық қарсыластарынан оқ бойы алда болды. Әйелдер күресінде екінші орынға Алматы қаласының, үшінші орынға Павлодар облысының балуан қыздары көтерілді.

Жаңа жүйемен өткен Қазақстан кубогы жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Сауат Мыңбаев, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары Жақсылық Үшкемпіров пен Сергей Белоглазов, ұлттық құраманың бас бапкерлері құттықтап, кубок пен дип­ломдарды және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Дайындаған: Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button