Елордалық баскетболшылар жеңіске жетті

Түркістан қаласында 13-20 наурыз аралығында баскетболдан 2011-2012 жылы туған қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне 170-тен астам спортшы қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Түркістанда өткен ел біріншілігіне еліміздің әр өңірінен 14 команда қатысты, олардың құрамында 170-тен астам жас баскетболшы бар.
Астана қаласының №5 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер (спорттық) мектебінің спортшылары жоғары шеберлік танытып, барлық кездесуде жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты. Екінші орын Шымкент қаласының командасына бұйырса, қола жүлде қостанайлық баскетболшыларға бұйырды.
Турнирдің үздік ойыншысы болып астаналық спортшы Дарья Сайфулина танылды.
«Бұл мен үшін үлкен мәртебе және дамуым үшін үлкен мотивация болмақ. Бірақ бұл жүлде ең алдымен командамыздың еңбегін айта кеткен жөн. Біз жеңіске жеттік, бір-бірімізді қолдадық, әр доп үшін таластық және нағыз командалық рухымызды көрсеттік. Жаттықтырушыларымызға еңбегі үшін, отбасымызға қолдаулары үшін және жанкүйерлерімізге бізге сенгендері үшін алғыс айтамын! Бұл чемпионат алдағы уақытта да жаңа белестерге жетуге бастайтын маңызды қадам болмақ», – деп атап өтті Дарья Сайфулина.