Жаңалықтар

Елордалық дәрігерлердің дәрежесі ерекше

ERA_2973

Әр маусымның үшінші жексенбісінде еліміз медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Осы атаулы күнге орай кеше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен салтанатты жиын өтті. Оған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары Салидат Қайырбекова, Мәжіліс депутаты Надежда Петухова қатысты.

Жиынды ашқан Ермек Әмірханұлы барлық медицина қызметкерін төл мерекесімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі. Әкім орынбасарының айтуынша, елордалық денсаулық сақтау жүйесіне жүктеліп отырған жауап­кершілік үлкен. Бас қаланың медицинасы қай жағынан да алда болуы керек. Елбасының өзі бұл салаға ерекше көңіл бөліп отыр. Сон­дықтан, медицина қызметкерлері астаналық деңгейге сай еңбек етіп, өзге өңірлерге үлгі болуы қажет.
Өз сөзінде әкім орынбасары Астанаға үнемі ықылас танытып, қандай жұмыстарына да қолдау білдіріп жүретін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне алғысын айта отырып, алдағы уақытта да қала әкімдігі мен министрліктің арасындағы әріптестік арта түсетініне сенім білдірді.
Бұдан кейін сөз Парламент Мәжі­лісінің депутаты Н.Петуховаға беріл­ді. Ол бас шаһарда тұрғын­дар­дың ден­саулығын нығайту үшін қыруар ша­руалар атқарылып жатқа­нына тоқ­талып, Астананы «ел меди­цина­сы­ның авангарды» деп атады. «Осыдан жиырма жылдай бұрын қала меди­­цинасы қандай еді? Мысалы, мен қа­лалық мәслихаттың депутаты болған 1999 жылы денсаулық сақтау сала­сының бюджеті небары 101 млн теңге болған еді. Ал қазір оның көлемі 40 млрд теңгеге жетті. Бұл – елор­да­ның кадрлық әлеуеті, мате­риалдық-техникалық базасы, басқа да әлеу­меттік-экономикалық ахуалы еселеп артты деген сөз. Бір ғана мысал, елорда тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы өзге өңірлерден көш ілгері. Мұның өзі медицинамыздың қарқынды дамуының көрсеткіші» деді ол.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары С.Қайырбекова адамның денсаулығы мен өмірі үшін күрескен дәрігерлердің тынымсыз еңбегін дәйекті деректермен айшықтады. Еліміздің дәрігерлері адамның жаны үшін ақ тер, көк тер болып, тәулігіне екі мың операция жасайды. Қазақстандық жедел жәрдем стансалары күндіз-түні бір тынбай, күніге 18 мың шақыруға қызмет көрсетеді. Ал перзентханадағы ақ халаттылар тәулігіне орта есеппен 1 мың әйелді босандырып алады. Салидат Зекенқызының айтуынша, бұл көрсеткіштердің өзі – денсаулық сақтау жүйесінің үлкен бір индус­трия екенін дәлелдейді. «Астананың
медицинасына қойылып отырған талап жоғары. Жақсы дәрігерлер де, мықты материалдық-техникалық база да, жаңа технология да, үздік инновациялық тәсілдер де елордада болуы керек. Келешекте бас қала Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де іздеп келіп емделетін озық медициналық алаңға айналуы тиіс. Осындай деңгейге жеткізуге медицина қызметкерлері сіздер үлес қосуға тиіссіздер» деді министрдің бірінші орынбасары.
Жиында қалалық мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов, елордалық Денсаулық сақтау басқармасына жаңадан басшы болып келген Ерік Байжүнісов, Ұлттық ғылыми-меди­циналық орталықтың бас директоры, мәслихат депутаты Абай Байгенжин сөз сөйлеп, медицина қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді.
Бұдан кейін үздік медицина қыз­меткерлерінің еңбектері еленіп, министрлік пен қала әкімдігі тарапынан құрметті марапаттарға ие болды. Елорданың жеті дәрігері «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі
үшін» төсбел­гісімен марапатталды. Ал, алтауы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Он үш ақ халатты денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі мен Астана қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды.
Медицина қызметкерлерін кәсіп­одақ ұйымдары да назардан тыс қалдырған жоқ. ҚР денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Аста­на қалалық филиалының төра­ғасы Бақытжан Тәжібай ақ халатты­лар­ды ынталандыру үшін жыл сайын олардың ішінен үздіктерді анық­тап, материалдық жағынан қолдап оты­ратынын жеткізді. Бұл байқау биыл төрт аталым бойынша өтіпті. Қатысушылардың ішінен №2 қала­лық балалар ауруханасының хирург-дәрігері Ағабек Чикинаев әртіп­тес­терінен озып шығып, ең үздік дә­рігер атанды. Ал №1 қалалық ауру­ха­наның мейірбикесі Бағлан Әлкенова «Үздік мейірбике» номинациясында бірінші орынды жеңіп алды. Үздік фельдшер атағын Республикалық санитариялық авиа­цияның мобильді бригадасының фельдшері Болат Шәріпов еншілесе, №4 қалалық емхананың бас дәрігері Серік Шаймерденов үздік менеджер денсаулық сақтауды ұйым­дас­тырушысы ретінде танылды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button