Қоғам

Емхана филиалында қан тапсыру орталығы ашылды

Елорданың Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан №2 емхананың филиалында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының жаңа қан тапсыру пункті ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

«Жаңа пункт процесті ыңғайлы етіп, жұртты көбірек тартады деп үміттенеміз. Енді оң жағалау тұрғындары үйлеріне жақын тұста қан тапсыра алады. Ал емхана пациенттері дәрігерге барған кезде донорлық қозғалысқа атсалыса алады. Бұл маңызды қадам, бірақ соңғысы емес – донорлық баршаға қолжетімді болуы үшін алдағы уақытта қаланың басқа ауданында жаңа қан тапсыру пунктерін ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова пунктің ашылу салтанатында.

Осыған дейін донорлар қан орталығының сол жағалаудағы бас ғимаратында (Керей-Жәнібек хандар көшесі, 10) ғана қан тапсыра алатын.

«Емханада қан тапсыру пунктін ашу – ыңғайлы әрі жаңа қатысушыларды тарту мүмкіндігі. Көптеген пациент қабылдауға келген кезде донорлық туралы ойланып, қатысуы мүмкін. Бұл Астанада донорлық мәдениетті дамытудағы маңызды қадам», – деп атап өтті №2 қалалық емхананың директоры Айдын Әшімханов.

Елордада қан тапсырушылардың 30%-ы өз күшімен келеді, ал қалғандары шақырылады – орталықтың байланыс орталығы күніне 1000-ға дейін қоңырау шалып, қан тапсыру қажеттілігін еске салады.

Жаңа пункте алғашқы қан тапсырғандардың қатарында тұрақты донор Бекназар Қазиев болды, ол осымен 68 мәрте қан тапсырып отыр.

«Мен ылғи да қан тапсырамын, бірақ сол жағалауға бару тым көп уақытты алатын. Оң жағалауда жаңа пункт ашылып жатқанын білген бойда бірден келдім. Қазір донорлық ыңғайлырақ болды», – деді ол.

Айта кету керек, донорлық қан ауыр жарақат алған, күрделі операциялардан кейін, қан аурулары және басқа да төтенше жағдайлары бар науқастарға қажет. Бір донорлық үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

18 жастан асқан, салмағы 50 келіден кем емес, жұқпалы, созылмалы аурулары және т.б. жоқ кез келген адам донор бола алады.

Процедура мүлдем қауіпсіз – тек стерильді бір реттік құралдар қолданылады, барлық санитарлық норма сақталады.

Дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 08:30-17:00 аралығында №2 емхана филиалында (Ә.Молдағұлова көшесі, 33) қан тапсыруға болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button