Ел тынысы

Елордалық медицина колледжі мен әскери госпиталь Меморандумға қол қойды

Зоя Ғалымқызы Мырзағұлова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінде ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Бұл оқу орнында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы бар екенін де айта кетелік және қол қою рәсіміне осы қозғалысқа қатысқан колледждің бірінші курс студенттері де қатысты.

ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары – бөлім бастығы медициналық қызмет майоры Бауыржан Нұрғалиевтің айтуынша, келісім тараптар жинақтаған тәжірибе және білім алмасумен қоса, оқыту саласындағы госпиталь мен колледж арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат бірлескен жобаларды іске асыруды, семинарлар, конференциялар, «дөңгелек үстелдер», байқаулар өткізуді көздейді.

– Меморандум шеңберінде тараптар жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге және болашақ дәрігерлерді Қарулы күштердегі әскери қызметке даярлауға бағытталған көмек көрсетуді қамтитын өзара ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа алады. Келісімді іске асыру мақсатында студенттерді госпитальда өтетін шараларға қатысуға шақырамыз, – деді медицина қызметінің майоры Бауыржан Нұрғалиев.

Өз кезегінде колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Алма Темірбаева оқу орнының қабырғасындағы әскери-патриоттық клубтың қызметі отансүйгіштікке, азаматтық белсенділікке және Отан алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеуге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Клуб мүшелері сондай-ақ екі тарап ұйымдастыратын әскери-қолданбалы спорт түрлерін меңгеріп, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысатын болады.

Меморандумда бұдан өзге практикалық сабақтар өткізу үшін оқу материалдық-техникалық базаны өзара пайдалану, оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттерді, библиографиялық және өзге де материалдарды бірлесіп әзірлеу және алмасу көзделген.

Колледж студенттерімен кәсіптік-бағдарлау жұмысын ҚР ҚМ Әскери медицина орталығы медициналық құрамды даярлау басқармасы госпитальдық буынның медициналық құрамын даярлау бөлімінің бастығы медициналық қызмет майоры Рашид Ихсанов бастады. Ол оқу-жаттығу манекендерін және оқу-материалдық базаның басқа да атрибуттарын қолдана отырып, шұғыл көмек көрсету әдістерін көрсетті. Әскери адамдар жаралылардың өмірін сақтап қалу, жарақаттың нәтижелерін жақсарту және дәрігерлер жұмысының тиімділігін арттыру ісінде тікелей ұрыс даласында алғашқы медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын жақсы біледі.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button