Құқықтық сауаттылық және құқық бұзушылықтың алдын алу туралы түсіндірілді
Елордадағы №111 орта мектепте «Қылмыссыз қоғам – жарқын болашақ кепілі» атты оқушыларға арналған кездесу өтті. Оған қоғам қайраткерлері, құқық қорғау және күш құрылымдарының өкілдері, психологтар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара «Біртұтас тәрбие» кешенді білім беру бағдарламасының «Құқықтық тәртіп» онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушы елордалық Білім басқармасы болды.
«Заң және тәртіп» тақырыбындағы іс-шаралар Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен өткізіліп жатыр.
Жиынға қатысушылар құқықтық сауаттылық, құқық бұзушылықтың алдын алу және өскелең ұрпақты тәрбиелеу сынды тақырыптарды талқылады.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің Әлеуметтік мәселелер комиссиясының төрайымы Рамзия Өмірбаева мектеп оқушыларына жастар арасындағы құқықтық мәдениет туралы айтып берді.
«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Заңды білу балалар үшін де, ересектер үшін де өте маңызды. Онсыз біз ешқашан өзімізді заманауи, сауатты адам деп айта алмаймыз. Балалардың бірін-бірі қорлайтын кездер болады. Оларға теріс әдеттің артында жаза күтіп тұрғанын, қорлауға немесе ренжітуге құқығы жоқ екенін түсіндіру керек», – деп атап өтті Рамзия Өмірбаева.
Сондай-ақ ол жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – заңды білу және отбасы тәрбиесі арқылы мүмкін болатынын атап өтті.
Құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының өкілдері, дағдарыс психологы «Телефонды терроризм және оның қауіп-қатері», «Заңның күші әрқайсымызда», «Психоактивті заттарды қолданудың алдын алу» тақырыптарын қозғады.