Елордалық пара спортшылар АҚШ-та өткен халықаралық чемпионатта жүлдегер атанды
Елордалық пара спортшылар АҚШ-та өткен «USADSS & AWL 2024 OPEN NATIONAL CHAMPIONSHIPS» ашық чемпионатында жүзуден жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Орландода (АҚШ) пара жүзу «USADSS & AWL 2024 OPEN NATIONAL CHAMPIONSHIPS» өтті. Бұл интеллектуалдық бұзылыстары бар пара атлеттер үшін ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Жарыс үш санаттағы спортшылар арасында өткізілді:
II-1 – жеңіл ақыл-ой кемістігі (IQ 75-тен аз);
II-2 – Даун синдромы;
II-3 – аутизммен ауыратын спортшылар (ASD).
АҚШ ашық чемпионатына биыл Қазақстаннан пара спортшылар алғаш рет қатысты. Қазақстан, АҚШ, Канада, Колумбия, Мексика, Жапония, Португалия, Аустралия және Польша сияқты сегіз елден 100-ден астам спортшы баұ сынасты.
Қазақстан II-3 санатында Астанадан барған екі пара спортшы – Валерий Югай 17 & Under жас тобында және Алпамыс Әмір 18 & Over ересектер тобында өнер көрсетті. Олар әртүрлі жарыс бойынша жүлделі орындарға ие болды:
50 м фристайл – 1-орын Валерий Югай және 3-орын Алпамыс Әмір;
100 м фристайл – 1-орын Валерий Югай және 6-орын Алпамыс Әмір;
200 м фристайл – 2-орын Валерий Югай және 4-орын Алпамыс Әмір;
400 м фристайл – 1-орын Валерий Югай және 3-орын Алпамыс Әмір;
800 м фристайл – 3-орын Алпамыс Әмір.
Жаттықтырушы Ернұр Сайлаубектің шәкірттері жақсы дайындық нәтижесінде Қазақстанның атын шығарып, халықаралық аренада өз шеберліктерін көрсете білді.
«Біздің пара спортшылар Қазақстан қоржынына медальдар салып, барлық жарыс бойынша финалдық жүзулерде сәтті өнер көрсете алғанын мақтан тұтамыз. Сәтті өнер көрсеткен команда 2025 жылы жаңа старттарға, соның ішінде Таиландта жүзуден Virtus әлем чемпионатына және Ташкенттегі жасөспірімдер пара Азия ойындарына дайындалады», – деді «Зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ президенті Дина Темірғалиева.