Қоғам

Елордалық құрылысшыларға АЭС бойынша жиын өткізілді

Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының ұйымдастыруымен елорда құрылысшыларына АЭС салу мәселесіне орай кездесу өткізілді. Жиынға Астана қалалық мәслихатының депутаты, №5 емхана директоры Алтыншаш Табулдина, Amanat партиясы Сарыарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ардан Аралбай және қоғам белсендісі, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков қатысты.

Кездесуге келген спикерлер референдум мен АЭС салу маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті. Елордадағы бірқатар құрылыс компаниясының өкілдері АЭС туралы барлық жерде ұғынықты және керекті ақпараттар жеткілікті түрде берілсе бұл мәселеге құрылысшылар да, жалпы халық та қарсы болмайтынын жеткізді. Әсіресе, қазір телеарналар көруден гөрі радионы тыңдайтындар көптігін айтқан олар БАҚ-тың осы түрінен мазмұнды, дәйекті деректер айтылса деген ойын білдірді. Сонымен қатар өңірлерден Астанаға келіп жұмыс істеп жатқан құрылысшылардың тұрғылықты жері бойынша тіркеуі басқа жақта болғандықтан референдумда қалай дауыс бере алатыны сұралды. А. Табулдина бұл жағдайда қазір елордада барлық жерде сайлау учаскелері жұмыс істеп тұрғанын айтты. Қалада тұрғын ретінде тіркелмеген азаматтар өзіне жақын учаскелердің біріне ертерек барып, аты-жөнін тіркетуі керек. Сосын референдум күні де сол жерге барып даусын бере алады.

-АЭС салу бойынша референдумда оң шешім қабылдап, келер ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болатындай әрекет етуіміз керек. Себебі атом электр стансасын салу арқылы электр энергиясын біз біреуден алмай, өзіміз өндіреміз. Оны салуға және жұмысын жүргізуге біздің әлеуетіміз жетеді. АЭС салу бізге не үшін керек? Біріншіден, біздің еліміз уран өндіруден алғашқы орында, ал барлау жүргізілген табиғи уран қоры бойынша 2-орын аламыз. Ядролық отынның компоненттерін өзімізде өндіреміз. Одан бөлек АЭС салуға себеп болатыны –  қолданыстағы жылу стансаларының басым бөлігі 70 пайыз тозғандығы, – дейді Н. Орынбеков.

Кездесу соңында барлық қатысушыларға АЭС туралы мәліметтер жазылған брошюралар таратылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button