Қоғам

Елордалықтар цифрландыру жобаларымен танысты

Astana Hub технопаркі алаңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкиннің қатысуымен Астана қаласы тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесу барысында цифрландыру саласындағы жаңа бастамалар мен бірқатар жобалардың нәтижелігі сөз болды.

Елордалықтар қатысқан жиында вице-министр елімізде жүзеге асырылып жатқан тиімді жобаларға тоқталып өтті. Оның ішінде мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік туралы баса айтылды.

«Жоғары сапалы мемлекеттік қызметтерді ұсыну азаматтардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай        , еліміздегі цифрлық дамудың ілгерілуін көрсетеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 92%-ы электронды форматта ұсынылады. Смартфондар арқылы көрсетілетін қызметтер саны өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артып, 90%-ды құрады.

Биыл мектепке ауысу, оқу орындарына түсу және жатақханаға орналастыру үдерістері проактивті форматқа көшірілді. Қызметтер елімізде халықты мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі – «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы іске асырылады. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы әлеуметтік көмекті мақсатты түрде үлестіруге, оның тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын бақылауға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік санаттағы оқушыларды тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылуда. 1 қыркүйектен бастап бұл жоба Астана, Ақмола, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында, ал 1 қарашадан бастап бүкіл елде енгізіледі» деді Р.Коняшкин.

Сонымен қатар, Астана қаласы бойынша инфрақұрылым да сөз болды. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елордада 7 халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО), 3 ХҚКО секторы, 11 Connection Point, 15 бэк-офис және 2 мамандандырылған ХҚКО жұмыс істейді. Мамандандырылған орталықтарда жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыруға арналған кабинеттер мен практикалық емтиханға арналған автоматтандырылған алаңдар қарастырылған.

2024 жылы елордада көрсетілген қызмет саны 1 341 421 болса, осы жылдың алғашқы екі айында 258 766 қызмет ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар жиын кезінде қызықтырған сұрақтарын қойып, интернеттің қолжетімділігі, киберқауіпсіздік секілді тақырыптарды қозғады. Солардың қатарындағы астаналық Әсел Өмірзақ азаматтардың жеке деректерін қорғау шаралары бойынша сұрақ қойды. Оған жауап берген вице-министр бұл бағыттағы бастамалардың маңыздылығын айтып өтті.

«Соңғы жылдары елімізде алаяқтық ауқымды мәселеге айналып, деректерді қорғау маңызы артып отыр. Қазірде eGov порталында азаматтардың жеке деректеріне рұқсат беруін бақылау сервисі іске қосылып, қызмет түрі күніне 1 миллионнан астам сұранысты өңдейді және 240 ақпараттық жүйеге қосылған.

Алаяқтықтың алдын алу мақсатында «СТОП-Кредит» функциясы енгізілді, ол азаматтарға несие рәсімдеуден бас тартуға мүмкіндік береді. Бұл қызметті 1,4 миллионнан астам адам пайдаланған. Тұрғындардың киберқауіпсіздік бойынша сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі насихат жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, CITIZENSEC.KZ және NOMAD GUARD порталдары іске қосылып, оған 300 мыңнан астам қолданушы тіркеліп, 41 мың адам киберқауіпсіздік бойынша оқыту курстарынан өтті. Бұл шаралар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және алаяқтықпен күресуге бағытталған» деді вице-министр.

Индира Бержанова

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button