Мәдениет

Елордалықтарға – «Жұлдызды» пандус

ERA_6539

Елордалықтарға – «Жұлдызды» пандус

«МУЗ –ТВ.Гравитация» премиясын табыстау қарсаңында «А-Cтудио» тобы мен «dara» қоры бірлесіп, «Арай» саябағында мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы пандустың тұсауын кесті. Шара барысында «А-Студио» тобы елордалықтарға «Кедергісіз орта үшін» деп таңбаланған ескерткіш тақтаны тарту етті. Жиынға Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров қатысып, жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

Айтулы шара аясындағы қайырымдылық басқосуларға ұйытқы болып отырған қазақ азаматы Арман Дәулетияровтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделіп кетуіне жағдай жасау – әр адамның азаматтық борышы. Мүгедек жандар ешқашан ортадан тысқары өмір сүрмеуі керек. Олар да басқалар сияқты, таланты мен талабын ұштап, ой-арманын жүзеге асыруға құқылы. Бүгінгі шара мақсаты әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалардың жағдайына қоғамның назарын аудару. Олардың еркін жүріп-тұруына пандустардың көмегі көп екендігін атап өткен Арман Дәулетияров «Арай» саябағында ашылып отырған эстрада жұлдыздарының естелік алаңқайы елордалықтардың тынығуға келетін жайлы орнына айналатынына сенім білдірді.
Он жыл бойы қайырым­дылықпен айналысып келе жатқан «Dara» қайырымдылық қоры соңғы екі жыл ішінде еліміздің әртүрлі аумақтарында орналасқан 6 түзету орталығында жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Бұл орталықтардың бәрі пандустармен қамтамасыз етіліп, арбаға таңылған балалардың қозғалысына қолайлы жағдай жасаған.
Салтанатты шараға Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафина, «Dara» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнәр Досаева, «А-Студио» тобының әншісі Байғали Серкебаев қатысып, сөз сөйледі.
Тұсаукесер рәсімінде №2 Астана қаласындағы музыкалық мектебінің «Бәйтерек» аспаптар ансамблі, халықаралық спорттық балдың жүлдегерлері өнерімен шашу шашты.
Айтпақшы, бұл күні арбаға таңылған биші қыздар мың бұрала биледі. Оларға таңдана қарап қалған кішкентай қызды сөзге тарттық. Өзін Мөлдір деп таныстырды. Ол арбаға таңылған балалардың би билегенін алғаш рет көріп, ерекше таңданып отырғанын жасырмады. «Биді қатты жақсы көремін. Бірақ би билеу менің жағдайымда мүмкін емес деп ойлайтын едім. Ал қазір өзім сияқты арбада отырған қыздардың билегенін көргеннен кейін де билегім келіп кетті. Үйге бара салысымен қолға аламын» деді ол қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.
Осыған қарағанда қайырымдылық қорларына ұйытқы болып жүрген қазақ азаматының «мүгедектердің де талантын ұштауға болады» деген ой-тілегі орындалған да сияқты…

Қымбат НҰРҒАЛИ

ДИАНА ДАРЫНДЫЛАРДЫ ФЕСТИВАЛЬҒА ШАҚЫРДЫ

Ресейлік әнші Диана Гурцкая қаламыздағы №71 мектеп-лицейінде зағип балаларға арналған қайырымдылық кешіне қатысты.

Басқосу барысында әнші мұндағы балаларға риясыз сүйіспеншілігін жеткізді. Алдымен ықылас қойып, олардың өнерін тамашалады. Бірі пианинода ойнаса, екіншісі әлемге танымал эстрада жұлдыздарының әндерін орындап, өздерімен тағдырлас қонақты қуанышқа бөледі. Балғындардың өнеріне тәнті болған Диана да соларға қосылып, ән салды.
Әншінің өзімен бірге ән салып тұрғанына сенбеген бір бозбаланың оқыс қойған сұрағы залда отырған ұстаздар мен қалың көпшіліктің көңілін босатты. «Диана, бұл сіз бе?» деп қайта-қайта әншінің қолынан ұстай берген еді әлгі бала… Әнші Диана да өзіне әбден таныс сезімдерді бастан кешіп жатқан балаға бар махаббатын, жан жылуын жеткізу үшін мейірленіп, құшағына тарта түсті.
Осы кездесу кезінде балалар Дианаға өз көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға еркін әңгімеге жол ашылған тұста: «Сіздің көзіңіз неге туғаннан көрмейді?» деп сұрады бір бала. Әнші бұл сұраққа: «Бұл – тағдыр, оған мойынсұну керек» деп жауап берді.
Содан соң: «Мен бұл балалардың жағдайын жақсы түсінемін. Кезінде мені де ата-анам Тбилисидегі зағип балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта оқытты. Өте арық, кіп-кішкентай қыз болатынмын. Ешқашан өзгелерге көз жасымды көрсеткен емеспін. Алғаш интернатқа апарған кезде ата-анам «Диана, жылап тұрсың ба?» деп сұраған еді. Мен сенімді түрде «жоқ» деп жауап қаттым. Шын мәнінде жандүнием босап, үйге қайтқым келіп тұрған еді. Өмір маған көп нәрсе үйретті. Жарық дүниені бір көру бақыты бұйырмаса да, өмір маған жанашыр жандардың қамқорын сезіну бақытына бөледі. Бүгін, міне, өздеріңіз сияқты тағы да бір жанашыр жандармен кездесіп тұрмын. Мен бақыттымын» деді әрі қарай Диана.
Бұдан соң балалардың бірі әншіден қай кезден ән айта бастағанын сұраған. «Ол есімде жоқ. Әйтеуір, бала күнімнен музыканы жақсы көретінмін. Ал сахнаға алғаш рет 10 жасымда шықтым. Тбилиси филармониясының солисі Ирма Сохадземен дуэт орындадым» деп жауап берді.
Бұл кеште Диана Гурцкаяның алдында ән салған балалардың арасында дауы-сынан үлкен өнердің құдіреті сезілген дарынды қазақ балалары да болған. Жас таланттардың аяқ алысына тәнті болған ресейлік әнші оларды өзінің бес жылдан бері өткізіп келе жатқан «Белая трость» фестиваліне шақырды. Бұл халықаралық байқау әншінің мүгедек балаларды қолдау мақсатында қолға алған жобалардың бірі болатын.
Сонымен қатар, балаларға «Муз-ТВ 2015. Гравитация» сыйлығын табыстау салтанатында әншімен бірге қызыл кілемде жүріп өту мүмкіндігі берілетіні айтылды.

Жұлдыз ЖАҚЫПОВА,
Еуразия Ұлттық университетінің 1-курс студенті

СЕДАКОВА – САУЫҚТЫРУ САБАҒЫНДА

Елордадағы №1 Түзету кабинетіндегі «Нәтижелі оңалту»  сабағына атақты Анна Седакова келді.

Шара мақсаты – мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға өнер жұлдыздарымен жүздесуге мүмкіндік беру, сонымен қатар, қоғам назарын әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандар мәселесіне аудару. Емдік дене тәрбиесі сабағына №1 Түзету кабинетіне барып жүрген балдырғандармен Маржан Арапбаева, Анна Седакова сынды әйгілі әншілер қатысты. Нұсқаушы дұрыс келбетті сақтайтын, бұлшық еттерді нығайтатын жеңіл жаттығулар кешенін көрсетті. Сонымен қатар әншілер осыдан бірнеше жыл бұрын «Dara» қорының демеуімен ашылған Түзету кабинетінің жұмысымен танысты. Бұл жерде мамандар есту және сөйлеу қабілетінде кемшілігі бар балалармен жұмыс жасап, оларды мектепке баруға дайындайды.
Бес жастағы Полина Андриященконың анасы Юлия: «Түзету кабинетіндегі жаттығулардың, соның ішінде емдік және дене тәрбиесінің арқасында менің қызым көп өзгеріске қол жеткізді, cөйлеу қабілеті жақсарып, қозғалыс икемі дамыды. Полинаның өзіне деген сенімі артып, алғашқы дос-тары пайда болды. Дамуында кедергі бар балаларға арналған орталықтар саны көп болуы тиіс» деді.
Маржан мен Анна бөбектерге зор денсаулық тілеп, оқуларына табысты болсын айтты. Балалар эстрада жұлдыздарына қолөнер бұйымдарын сыйлады.

Жанбота ДӘРМЕНҚҰЛ

АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Ресей эстрада жұлдыздары Сати Казанова мен Арсениум сал ауруына шалдыққан және жүйкесі зақымданған балдырғандарға арналған №64 «Асыл бөбек» балабақшасында болды.

Осыдан үш жыл бұрын ашылған ауыр кеселі бар сәбилерді оңалту және олардың ой-өрісін дамытуға арналған мекемеде 180-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр екен. Мұнда бөбектер жан-жақты дайындықтан өткен соң орта білім беретін мектепте оқуға мүмкіндік алады. Мұнда тәрбиеленушілерге психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалыпты. Қонақтар балалардың салған суреттерін, қолдарымен жасаған түрлі бұйымдарының көрмесін тамашалады. Мәртебелі меймандар сәбилерге жылы ықыластарын білдіріп, естелікке суретке түсті. Балабақшаның өнерпаздары да қарап қалмады. Аяулым Алпысбаева ән салып, бишілер тобы мың бұралды, ал Саша Грохольская шығыс биін орындап, Сати сияқты әнші болғысы келетінін айтты.
Муз-ТВ премиясы мен «Dara» қорының бірлескен әлеуметтік акциясының аясында өткен шараның мақсаты қолдауға мұқтаж науқас сәбилер мәселесіне қоғам назарын аудару болып табылады.

Айгүл УАЙСОВА

«Біз инклюзивті қоғам үшін»

Оқушылар сарайында ақпараттық технология пәнінен өткен ашық сабақта №65 мектептің түзету және инклюзивті сыныптарында білім алатын, тірек-қозғалыс аппараттарында ақауы бар және церебралды сал ауруына шалдыққан балалар ресейлік «Градусы» тобының мүшелерімен жүздесті.

Қысқа шеберлік сабақ шеңберінде оқушылар бағдарламалаушылар кім екенін, бағдарламалауды үйрену неден басталатынын және осы салада қалай жетілуге болатынын үйреніп-білді. Ашық сабақтың мақсаты балалардың осы мамандыққа қызығушылығын тудырып, болашағы бар мамандыққа қол жеткізе алатынын көрсету болды.
Шара барысында «ШАГ» академиясының мамандары жеткіншектерді бағдарламалау және робот құрастырумен таныстырды. Қатысушылар осы жұмыстармен танысып қана қоймай, робот құрастыруға да атсалысты. Құрастырудан соң балақайлар роботтарды өздері басқарып, жарыс өткізді. Жеңімпаздар ресейлік «Градусы» тобының мүшелерімен жарысты. Жұлдыздармен жүздесу балақайларға тосын сый болып, орасан зор әсер қалдырды.
Шара соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушылар грамоталармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, сүйікті орындаушыларымен естелікке суретке түсті.

Шырақ БАЙКЕНОВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің ІІ курс студенті

ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ ӨРНЕКТЕРІ

«Ханшатыр» сауда ойын-сауық орталығында Ресей мен Қазақстан эстрада жұлдыздары қамкөңіл балаларға қуаныш сыйлады. 

Шарада есімі елге белгілі жұлдыздар ән шырқап, би билеп ойын-сауық орталығының сәнін кіргізді. Арбаға таңылса да, зағип ғұмыр кешсе де өмірге деген құштарлығы суымай, жігер мен қайратын көрсеткен жандардың өнерін тамашалаған жұрт қол шапалақтап, ынта-пейілін білдіріп жатты. «DARA» қайырымдылық қорының жоба үйлестірушісі Айнұр Аймузина: «Балалардың қандай да бір кемістігі болса да, олар тумысынан дарынды, талантты. Олардың дені сау әрбір адамнан ешқандай кемдігі, әлсіздігі жоқ екенін осындай жобалар көрсетеді» деді. Жоба үйлестірушінің айтқаны айдай ақиқат екенін шараға келген көпшілік өз көздерімен көрді.

«МЕНІҢ ҚОЛЫМНАН КЕЛЕДІ!»

Жылдың айтулы шарасының ресейлік меймандары «Время и Стекло» тобы, Бьянка және жергілікті «Текила» тобының  мүшелері қаладағы арнайы түзету мектеп-интернатында болып, «АртСпортФест-2015» атты өнер мен  спорт фестиваліне қатысты.

«Менің қолымнан келеді!» деген ұранмен өткен балалар мерекесінде сәбилер түрлі сайыстарға түсіп, ептілігі мен өнерін ортаға салды. Ал «Бамбино» балмұздақ сату желісі тәтті дәмін тегін таратты.
Мектеп-интернатта дамуында аздаған тежеуі бар, аутизм, сал ауруына шалдыққан жеткіншектер білім алуда. Мұнда олардың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, қоғамға бейімделуіне, өмірден өз орнын алуына күш салады. Мекеме директоры Бақыт Әмрина айтқандай, «мүмкіндігі шектеулі балалардың таланттарын ашуға арналған мұндай шаралардың ұйымдастырылуы олардың өздеріне сенімі артып, өз күшіне сенуге мүмкіндік береді. Тек баланың тілін тауып, оның ерік-жігері мен мүмкіндіктерін дұрыс бағыттай білсе болғаны».

Айгүл УАЙСОВА

«ШЕКСІЗ БАЙЛАНЫС» ШЕРУІ

 Бұл флеш-моб мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді өмір сүруге шақырды.

Ресми дерек бойынша, елімізде мүмкіндігі шектеулі 650 мыңға тарта адам өмір сүруде. Олардың өмірге белсене араласуы үшін және де Қазақстанда инклюзивті, яғни, жалпыға ортақ қоғамды құру үшін «Шексіз байланыс» атты флеш-моб ұйымдастырылды.
Айтулы іс-шара М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайы алдында, ашық аспан астында өткізілді. Қала тұрғындарын белсенді өмір сүруге шақыру мақсатында заманауи би қимылдары көрсетілді. Жиналған қауым арасында би шеруі ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді. Флеш-моб аяқталған соң көпшілік алдында әлеуметтік акцияның арнайы қонақтары, Ресейдің атақты жұлдыздары M-BAND пен ВИА Гра тобы өнер көрсетті.

Әйгерім БЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ І курс студенті

 ІЗГІЛІКТІ ШАРА ИГІЛІГІ

«Біз инклюзивті қоғам үшін» ұранымен елордадағы №65 мектеп-гимназияның инклюзивті сыныптарының оқушылары арасында ресейлік әнші Митя Фомин мен қазақстандық белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкейдің қатысуымен «Ересектерге арналған 10 сауал» атты ток-шоу өтті.

Аталған оқу ордасында мүмкіндігі шектеулі балаларға өз қатарларымен бірге толыққанды білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұнда ерекше балалар үшін дефектолог-мамандар және баламалы оқу бағдарламалары енгізілген. Мектепке бірнеше жылдан бері «Dara» қоры қайырымдылық көрсетіп келеді. Айтулы шараны – Айгүл Мүкей жүргізді. Әсіресе, балалар ресейлік әнші Митя Фоминге: «Кімнің пікірі сіз үшін құнды?», «Кімді үлгі тұтасыз?» «Қоғамда адамдар бір-біріне төзімді болу үшін не істеу керек?» деген өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Әнші де әр жеткіншектің сұрағына толымды жауап беріп отырды. Шоу деңгейінде өткен кеш өте әсерлі болды. Балалар әсем әуен ырғағымен билеп, көңілдерін көтерді. Қызықты сұрақ қойғандарға сыйлықтар табыс етілді.
– Бүгін мектебімізде әсерлі шара өтуде. Әсіресе, ол балалар үшін қызыққа толы болып отыр. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беру жүйесіне тарту үшін жан-жақты жағдай жасау қажет. Инклюзия дегеніміз – балалардың бір сыныпта бірге отыруы ғана емес, олардың өзара түсіністік жағдайында өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Сондықтан осындай ізгі шаралардың көп болғанын қалаймыз, – дейді №65 инклюзивті мектеп директорының орынбасары Рауан Бақыт.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button